Риддерде ерлі-зайыптылар өз үйлерінде өртеніп кете жаздады
Риддерде ерлі-зайыптылар өз үйлерінде өртеніп кете жаздады
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында өртенген үйден ерлі-зайыптылар құтқарылды. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 10 қыркүйекте түнгі сағат 02.00 шамасында Риддердегі Семей көшесінде өрт шықты. Жеке тұрғын үйдің ауласында Volkswagen Golf маркалы автокөлік жанған. Қызыл жалын үйге де жайылып кетті. Өрт үй кіреберісінің ағаш құрылымдарын, қабырғалар мен шаруашылық қора-жайдың төбесін шарпыды.
«Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенге дейін үйдің жанынан өтіп бара жаткан Самат Берік пен Алексей Лещенко көмекке ұмтылған. Олар 60 жастағы ерлі-зайыптыларды құтқарды. Көп ұзамай келіп жеткен өрт сөндірушілер жалпы ауданы 35 шаршы метрді құраған тілсіз жауды ауыздықтады», - делінген ақпаратта.
Отқа қарсы күреске жеке құрамнан 9 адам және 3 техника жұмылдырылған. Өрттің шығу себебі - қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқарудан болуы мүмкін.