Шығыс Қазақстан облысында Сағадат Нұрмағамбетовке ескерткіш ашылды
Шығыс Қазақстан облысында Сағадат Нұрмағамбетовке ескерткіш ашылды
437
оқылды

Өскеменде №1 Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған монумент пен гүл бағы ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев, Өскемен гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы Күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, сондай-ақ батырдың немересі Лира Нұрмағамбетова қатысты.

"Ұлы даламыз әрқашан қауіпсіздікті сенімді қамтамасыз етіп, қаһармандық пен патриотизмді паш ететін лайықты батыр ұлдарымен әйгілі. Жастарымыз Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов сияқты батырларды үлгі тұтып өсуі тиіс. Сол себепті де біз үшін ұрпақтар сабақтастығы аса маңызды", – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Сағадат Нұрмағамбетов Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдавияны, Батыс Белоруссия мен Польшаны азат етуге қатысты. Польша аумағында жаудың қорғанысын бұзып өтуде қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын бұлжытпай орындағаны, сонымен бірге көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
"Тәуелсіздік таңында Сағадат Нұрмағамбетов жас мемлекеттің Қарулы Күштерін құрып, қорғаныс қабілетін нығайтты. Елімізде әскер болмаған кезеңде орасан зор беделі мен кәсіби шеберлігінің арқасында командалық құрамды, техникалық базаны сақтап, Қарулы Күштердің құрылымын қалыптастырып, әскери қызметшілердің патриоттық рухын көтере алды", – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
Бұл ескерткіш - қаһармандық пен Отанға адал адамға арналған құрмет. Сағадат Нұрмағамбетов Қарулы Күштердің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан дарынды мемлекет қайраткері және мықты қолбасшы ретінде елдің есінде қалған аңыз адам.