Сарыағашта полициядан қашқан көлік видеоға түсіп қалды. Жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, артқа қарай жүріп қашқан ВАЗ 2107 көлігінің бейнежазбасы тарады. Күдікті тоқтайды да, қайта қашуға оқталады. Сол сәтте полицей көлік ішіне алдыңғы терезесінен секіріп еніп үлгереді. Осы кезде артқы орындықтағы екі қыз сыртқа қашқан. Дегенмен, көп ұзамай олар да қолға түседі. Оқиға Сарыағаш ауданындағы елді мекендердің бірінде болған.
«Полиция қызметкерлері жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, құқық бұзушының ВАЗ көлігі ресейлік нөмірлі және техникалық байқаудан өтпеген болып шықты. Нәтижесінде Сарыағаш ауданының тұрғыны, яғни жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігі «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» және ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігі «Маневр жасау қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік айыптұраққа қойылды» делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.