Генерал-майор Нұржан Мұқанов өмірден өтті
Генерал-майор Нұржан  Мұқанов өмірден өтті
265
оқылды
16 ақпанда ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері Бас штабының бастығы - бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Нұржан Нұрланұлы Мұқанов 52 жасында өмірден өтті. Ол 1968 жылғы 15 ақпанда Целиноград қаласында дүниеге келген. Г.К.Жуков атындағы Днепропетровск Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жоғары зениттік-зымырандық командалық училищесін, 2010 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген. Қызметті Сарышаған қаласындағы 04019 әскери бөлімі С-200 зениттік зымырандық дивизиондары старттық взвод – старттық батарея командирі болып бастады. 1990 және 2008 жылдар аралығындағы кезеңде әскерлерде взвод командирінен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының командиріне дейін әртүрлі лауазымдарда қызмет өткерді, 2010 мен 2011 жылдары Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының (Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жөніндегі) орынбасары – ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері бас басқармасының бастығы болды. 2011 мен 2016 жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы. Қазақстан Республикасының медальдарымен марапатталған. 2016 жылы 30 желтоқсанда – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғаныс күштерінің Бас штаб бастығы – Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.