Прокуратураға жүктелетін міндеттер қайта қарастырылады
Прокуратураға жүктелетін міндеттер қайта қарастырылады
1,186
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Жолдауында 10  басты саяси бағыт қамтылған. Оның 6 бағытында: «Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет»  делінген. Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде Бас прокуратура қандай істерді қолға алды? Прокуратура туралы заңды қабылдау аясында жұмыстар қай кезеңде? Осы және өзге де сұрақтарға Бас прокуратураның норма шығару қызметін үйлестіру департаментінің бастығы Алмаз Оралұлы Мұхаметжанов жауап берді.  width= Алмаз Оралұлы, бәрімізге белгілі Қаңтар оқиғасынан кейін еліміздің Конституциясына біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Өзгеретін заңдардың қатарында «Прокуратура туралы» заң да бар. Жыл басынан бері прокуратура жұмысын жетілдіру, құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру мақсатында қандай істер атқарылды? Дұрыс айтасыз. Қаңтардан бері елімізде көптеген өзгеріс болды. Әсіресе, заң бойынша өзгерістер көп. Жуырда өткен референдум сол өзгерістердің бастамасы десек болады. Бас прокуратураға жоғарғы қадағалаушы жүйе ретінде үлкен жауапкершілік жүктелді. Бүгінде «Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасы әзірленді. Жобаны әзірлеу үшін Бас прокуратурада осы мәселе бойынша С.Жүрсімбаев пен Е. Мерзадиновтың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Реттеуші саясаттың консультативтік құжаты, тұжырымдама және Заң жобасының өзі қазіргі уақытта кеңінен талқылау үшін қоғам назарына ұсынылды. Заң жобасы Электронды үкімет порталына және Бас прокуратураның сайтына жарияланды. Оны кез келген Қазақстан азаматы қарап, оқып шықса болады. – Көпшілік назарына ұсынылған жаңа заң жобасы жайлы егжей-тегжейлі айтып берсеңіз? Жоба 7 тараудан және 50 баптан тұрады. Онда прокуратураның тағайындалуы Конституцияның 83-бабына сәйкес жазылған. Бұл заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау, сотта мемлекет мүддесін білдіру және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру. Жобада прокуратураның конституциялық мақсатын айқындайтын прокуратура қызметінің жаңа қағидаттары көзделген. Бұл қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекетіміздің бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық дамуы, азаматтардың әл-ауқатын арттыру қағидаттары қарастырылған. – Жаңа заң жобасы бойынша прокуратураның міндеттері қандай болмақ? – Мақсаттар мен міндеттерге қатысты жобада прокуратура адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау мақсатында қарастырылған (бұл бұл міндет Конституцияның 1-бабынан туындайды. Прокуратура заңдылықты қамтамасыз ету және нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асырады: 1) адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау және қалпына келтіру; 2) заң бұзушылықтарды, олардың себептері мен туындаған жағдайларды, салдарларды анықтау және жою бойынша шаралар қабылдайды. Сонымен қатар, жобада прокуратураның мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіру жөніндегі міндеті көзделген. Оған қоса, қолданыстағы заңнан айырмашылығы, жоба прокуратура органдарының бүкіл жүйесі мен құрылымын айқындайды. Жекелеген баптар алғаш рет Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне, Құқық қорғау органдары академиясына және мамандандырылған әскери және көлік прокуратураларына арналды. Прокуратураның конституциялық негізгі бағыттарын атап өтсеңіз? – Прокуратураның конституциялық негізіне сүйене отырып, жобада прокуратураның негізгі үш бағыты көрсетілген: Біріншіден, заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау; Екіншіден, сотта мемлекет мүддесін білдіру; Үшіншіден, қылмыстық қудалауды жүзеге асыру. Заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалаудың нысандары мен шектерін жетілдіру жөніндегі негізгі міндет прокуратураның құқық қорғау әлеуетін кеңейту болды. Прокурорлық қызметке қатысты қолданыстағы заңдағы елеулі шектеулер жобада қайта қаралды. Жоғары қадағалау мемлекеттік органдардың қызметіне ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне және олар қабылдайтын шешімдерге де қатысты. Мысалы, қазір прокурорлар әскери бөлімдер мен жергілікті жерлердегі квазимемлекеттік сектор (коммуналдық кәсіпорындар) сияқты мемлекеттік мекемелердегі бұзушылықтарға жедел ден қоюдың құқықтық мүмкіндігінен айырылған. Қазір мұндай нысандарда тексерулер Мемлекет басшысы мен Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша ғана жүргізіледі.  Жаңа заң жобасында тағы қандай өзгерістер қарастырылған? Қазір заң бойынша азаматтарға қатысты айтарлықтай императивті өкілеттіктері бар. Бірақ қадағалаушы органдардың назарынан тыс қалған лауазымды және басқа тұлғалардың, оның ішінде сот орындаушылары мен нотариустар қызметінің заңдылығын қадағалау да прокуратуға құзыретіне енгізу қарастырылған. Прокуратура органдары тексерулер жүргізе алатын негіздер өтініштер, актілерді талдау, мониторингілеу және бағалау нәтижелері, бұзушылықтар тікелей анықталған жағдайларда, үшінші тұлғаларды қарсы тексеру қажет болған кезде кеңейтіледі. Тапсырмалар бойынша тексеру тағайындалуы мүмкін адамдар тізімі де ұлғайтылмақ (БП орынбасарлары, БП қызметтері мен департаменттерінің бастықтары, БП ведомствосының бірінші басшылары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген). – Қадағалау бойынша өзгерістер бар ма? – Заңға қадағалаудың тағы бір нысаны – заңдылықты сақтау мониторингі енгізілмек. Мұнда мониторинг  тобы оқиға орнына барып фото мен видеоға түсіріп, адамдардан сауалнама алу арқылы жүргізілмек. Мониторингтің мақсаты – жағымсыз салдардың алдын алу. Бұл әдістің тиімді екеніне пандемия кезінде көз жеткіздік. Сондай-ақ, 2017 жылға дейінгі ескі Заңда болған прокурордың Конституцияға, заңдарға және Президент актілеріне қайшы келетін кез келген әрекеттерге, мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, лауазымды және өзге де уәкілетті адамдардың актілеріне, шешімдері мен әрекеттеріне наразылық білдіру құқығын қайтару ұсынылады. 5 маусымдағы бүкілхалықтық референдумда Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Бас Прокурордың Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы, оның ішінде Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме беру, қолданыстағы заңдар мен өзге де құқықтық актілердің конституциялығын тексеру туралы құқығы бекітіледі. – Тұрғындар мәселесін шешу үшін прокуратура органдарына арыз-шағым, өтінішпен жүгінеді. Ал осы өтініштерді қарау бойынша прокуратура қызметіне өзгеріс енгізіле ме? Өздеріңіз білетіндей, қазір «Прокуратура туралы» Заңмен прокурорлардың өтініштерді қарау туралы өкілеттіктері шектелген. Бұл шектеулерді көпшілік алып тастауды талап етті. Ал қолданыстағы заң прокурорлардың өтініштерді тек қарау құқығын қарастырады. Мысалы, жеке, психикалық және өзге де жағдайларға байланысты өзін-өзі қорғай алмайтын адамдардың мүддесі, шектелмеген тұлғалар тобы, адамдардың өмірі, денсаулығы және елдің қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптардың алдын алу, бизнестің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың араласуына байланысты шағымдары және Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша өтініштер мен арыздарды қарайды. Көбінесе, тұрғындарды өтініші мен арыздарын уәкілетті органдарға құзыретіне сәйкес қайта бағыттауға тура келеді. Енді жаңа Конституциялық заң жобасында прокуратура қарайтын өтініштердің тізімі кеңейтіледі. Сондай-ақ, жобада прокуратура органдарының шешімдері мен актілеріне қатысты шағымдарды сотқа дейін реттеу функциясы енгізілген. – Қолданыстағы заңға сәйкес прокуратура мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратыны белгілі. Ал жаңа заң жобасында бұл тұрғыдан өзгеріс бола ма? – Қылмыстық қудалау туралы мәселеге 2017 жылдан бастап Конституцияның 83-бабында мемлекет атынан қылмыстық қудалауды прокуратура жүзеге асыратыны жазылғанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық процесс еуропалық үш буынды модельге сәйкес құрылады. Онда полиция дәлелдерді жинайды, прокуратура оларға баға береді, сот үкім шығарады. 2021 жылдан бастап прокуратура тергеу және анықтау органдарының барлық негізгі шешімдерін (күдікті деп тану туралы, қылмысты саралау туралы, тергеу мерзімдерін үзу туралы, істі тоқтату туралы) келіседі, ал 2022 жылдан 2024 жылға дейін айыптау актілерін өз бетінше жасауға толық көшеді. Мемлекет басшысының жыл басындағы азаптаулар бойынша айрықша тергеуді прокуратураға бекіту туралы Жолдауын орындау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру функциясы қосылады. Мемлекет басшысы елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша Бас прокуратураға тапсырма берді. Бұл туралы да заңда қарастырылған ба? Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде прокуратураның Қылмыстық шығу фактісі бар заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруды ұйымдастыру жөніндегі жаңа функциясы көзделген. Жобада прокуратураның заң шығару қызметіне қатысуы бойынша жеке норма қарастырылған. Ол осы процесте прокуратура органдарының барлық әлеуетін пайдалануға бағытталған. Бұл функция прокуратура қызметінің ажырамас бөлігі ретінде заңдылық пен заңдылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Мұнан бөлек, жобада прокуратураның ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимылы және оның қызметіне жәрдемдесу міндеті бар. – Конституциялық заң жобасы негізінде тағы қандай істер жүзеге асырылады? Жобада прокуратураның қаржыландыру автономиясы бөлігіндегі Ыстамбұл жоспарының ұсынымы, еуропалық прокурорлар Консультативтік Кеңесінің құжаттарында қамтылған прокуратура органдарының мәртебесін нығайту жөніндегі ұсынымдар жүзеге асырылады. Нәтижесінде Еуропалық прокурорлар Консультативтік Кеңесінің (КСЕП) №13 (2018) қорытындысына сәйкес, прокурорлар шешім қабылдауда автономды болуы және сыртқы қысымнан немесе араласудан еркін бола отырып, өз міндеттерін орындауы тиіс. Осыған байланысты прокурорларды әлеуметтік қорғауды қарастыратын нормалар дайындалды. Осы нормалар бойынша үкіметпен талқылау жасайды деп үміттенеміз. Егер заң жобасы бойынша ғалымдар пікір білдірсе, біз үшін пайдалы болар еді. – Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан: Шапағат СЕРДӘЛІ