LRT қашан жүйткиді?
LRT қашан жүйткиді?
666
оқылды
Елордадағы LRT қайта күн тәртібіне шықты. Бүгін, яғни 13 қыркүйекте «Астана LRT» ісі бойынша басты сот тал­қы­лау­лары басталмақ. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан әкімі А.Көлгінов осы «сақалды құрылысты» аяғына жеткізуге шешім қабыл­данғанын жариялады. Бірақ имидж үшін ебедейсіз жоба оңтайландырылды. Ал келесі жылы қазақ елі LRT үшін жүз­деген миллиард қарызын өтеуге кірісуге мәжбүр болады. Жаңа Қазақстанға мұра – зілбатпан қарыз Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігі «Ашық бюджеттер» порталында «Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне «Астана қаласының жаңа көлік жүйесі. LRT (әуежайдан жаңа те­міржол вокзалына дейінгі учаске)» жобасының облигациялық қарызы бойынша сыйақыны және негізгі борышты өтеуге берілетін ағым­дағы нысаналы трансферттер» бюд­жеттік бағдарламасының жо­басын жариялады. Аты айтып тұр­ғандай, құжат жеңіл рельсті көлік (light rail transport немесе LRT) үшін алынған шетелдік кредиттің сыйақысы мен борышын төлеуді бастауға бағытталған. Министрлік бұл қарызды алуға Қазақстан Президентінің 2015 жыл­ғы 28 мамырдағы №2232 тап­сырмасы негіз болғанын алға тар­тады. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл үшін жеке бюджеттік бағ­дар­лама ашылды: «осы бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстар облигациялық қарыздар бойынша міндеттемелерді төлеуді көздейді». Құжаттан байқалғандай, Абай бабамыз өсиет етіп, сақтандыр­ға­нына қарамастан, шектен тыс «мал­шашпаққа» салынған елі­міздің кезекті мега-жобасы – Ас­тана LRT құрылысы Қазақстанды шығынға батырмақ: жыл санап, өтелетін қарызы өсе береді. Мы­салы, индустрия министрлігінің дерегінше, тек осы бір бюджеттік бағдарлама аясында LRT қарызына мемлекет 2023 жылы – 7 млрд 579 млн, ал 2024 жылы – 240 млрд 779 млн теңгеге шығындалады. Өйт­кені өркениетті елдерде қарыз ал­дың екен – төлейсің. Негізі, LRT жобасы толық кө­лемде қолға алынғанда, ел шаш-етектен шығынға бататын еді. 2019 елде билік транзиті жүзеге асқан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жалғастырудың орындылығы тұрғысынан осынау ғаламат жобаны қайта қарауға тапсырма берді. Содан 31 шілдеде аталған мәселені жеке қараған Үкіметтің отырысынан шыққан бас қала әкімі Алтай Көлгінов жур­налистерге LRT желісінің құрылы­сы 1,5 млрд долларға дейін арзан­датылғанын жариялады. Оның айтуынша, бұдан бұрын осы жо­баны жүзеге асыруға 1,8 млрд дол­лар шығындау жоспарланған. Бұл ретте Қытай даму банкінен кредит алу шарттарына сәйкес, Қазақстан ол соманы 20 жыл ішінде 2,6 млрд доллар (1,3 трлн теңге) көлемінде қайтаруға міндетті болды (2022 жылға дейін өтпелі кезең берілді, төлем төлеу 2023 жылы басталады). Яғни, тек банктің маржа-үсте­ме­ақысының өзі 800 млн долларға (қазіргі бағаммен шамамен 400 млрд теңгеге) жуықтайды.
«Жағдайды бағалай келе, Үкі­мет ішкі кредиттерді тартуға екпін түсіруге шешім қабылдады. Бұл – ең дұрыс шешім. Жобаны оңтай­лан­дыру құрылыс-монтаждау жұ­мыстарының құнын 350 миллион долларға арзандатуға мүмкіндік берді. Бұрын көзделген 18 станса-аялдама орнына 11-і ғана тұр­ғы­зылады», – деген еді А.Көлгінов.
Үкімет дерегінше, ішкі кре­диттеу көздерін іске қосу Шың елінен алынатын заем мерзімін 20 жылдан 15 жылға кемітуге, соның есебінен борыш сомасын да азай­туға жол ашыпты. Басқа егжей-тегжейі жария етілмеді. Мега-жобадан ұлтарақтай қалды Таяуда Нұр-Сұлтан әкімі LRT құрылысы соңына дейін жеткізі­летінін қайтадан растады. Ал жоба оптимизацияланған соң қазір қалқайып тұрған бағаналарының біразы қажетке жаратылмай, сол бойы қалып қояды. Мемлекет бас­шысы сәулетшілермен ақылдасып, оларды басқа мақсатқа пайдалану жолдарын анықтауды жүктеген. Алтай Көлгінов LRT тіректерін экс­плуатациялаудың түрлі нұс­қалары қаралғанын хабарлады. Сәулетшілер, былайғы адамдар оларды бұзып, құрылыс материалы ретінде қолдануды, оларды ком­позицияға айналдырып, айна­ла­сында қоғамдық кеңістік құруды немесе оларды бір-бірімен қосып, эстакада жасап, үстінен көліктің баламалы түрін – электробустарды жіберуді ұсыныпты. Бірақ әкімдік ақыры бұл бағаналарды да бола­шақта LRT жобасын жалғастыру­ға пайдалану үшін қалдыруға ұйғарған.
«Астана тұрғындары мен авто­мобильдер санының жыл сайынғы өсу динамикасын қарадық. Қа­зірдің өзінде қаланың басты магис­тралды жолдарында үнемі кепте­лістер түзіледі. Бұл мысалы, әуе­жайға, Қосшыға апаратын бағытқа, Қабанбай батыр, Тұран даңғыл­дарына, Сығанақ, Түркістан көше­леріне қатысты. Шаһардың тоқ­таусыз өсіп келе жатқанын ескере келе, жеңіл рельсті көлік желісі таяу перспективада сұранысқа ие болады деген байламға келдік. Есептеме көрсеткендей, желісі қысқа болғандықтан, бастапқыда LRT қызметіне күн сайын 25-30 мың адам ғана жүгінеді. Ал желісі толығымен іске қосылған соң жо­лаушылар ағыны да артады», – деді Алтай Көлгінов.
Оның түсіндіруінше, Астана алып қалаға айналғанша, әзірге оңтайландырылған шағын жоба ғана іске асырылады: 18 стансаның енді 8-і ғана салынады. О баста жоспарланған 19 жылжымалы құ­рам­ның бірінші кезеңде тек 5-еуі жолға қойылады. Бір құрам 4 ва­гоннан тұрады. Рейстер жүрі­сінің аралығы 15 минутты құрайды. Астана LRT Бастапқы шағын жобаның құ­рылысын аяғына дейін жеткізу үшін бұған дейін 1 млрд доллардан астам қаржы талап етіледі деген есептеме болыпты. Оны да оңтай­ландыра келе, қаржы екі еседей үнемделген: қытайлық серіктестер 577 млн долларға салып бітіруге келісіпті. Әкім Алтай Көлгіновтің мәлі­метінше, егер Қазақстан үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз етсе, қытайлық мердігер бастапқы шағын LRT желісін 2 жыл ішінде қолданысқа беруге уәде етті. Айт­қандай, былтыр Жұңғо елі құрылыс техникаларын әкеліп, LRT құры­лысын жалғастырғаны бейнеленген видеоролик әлеуметтік желіні кезіп кетті. Алайда ізінше жоба қайта дағдарған. Елорда әкімі құрылысты қаржыландыру проблемасы өткір тұрғанын жасырмады. Оның де­регінше, бірнеше халықаралық банк ел Үкіметінің кепілдік бер­геніне қарамастан, осы жобаны несиелендіруден бас тартты. Сон­дықтан енді жалғыз ғана жол қал­ды: ол – бюджеттен қаржыландыру. Талан-таражға түскен миллиард Сонымен бірге LRT-ға қатысты сот ісі де қиындыққа кезіккендей. «Астана LRT» компания­сын­дағы бюджет қаражатын талан-тараж етуге қатысты істі сотта қа­раудың шешуші бөлігі 13 қыр­кү­йекке белгіленді. Бұл туралы таяуда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыс­тық істер бойынша мамандан­ды­рылған ауданаралық сотының судья­сы Виктория Семенова жа­риялады. Ол аталған қылмыстық іс бойынша қамауға алынған айып­талушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды.
«Алдын ала тыңдауда істі про­курорға қайтару туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды. Қорғаушы тараптың айыпталу­шыларға қатысты бұлтартпау ша­раларын өзгерту жөніндегі өтініш­терін қанағаттандырудан бас тар­тылды. Іс жалпы тәртіппен ашық сот отырысында қаралады. Істі қарау айыпталушылар Арданның және Сұлтанбековтың жоқ бо­луына қарамастан жүргізіледі, себебі заң бұл бөлікте істі сырттай қарауға жол береді», – деп түсін­дірді судья.
Іс бойынша фигуранттарға шамамен 5,8 млрд теңге ұрлады деген айып тағылып отыр. Негізгі, айыпталушылар ретінде «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талгат Ардан және астана әкімінің экс-орынбасары Қанат Сұлтанбеков танылды. Соңғысын тергеу «ұрлауды ұйымдастырушы» деп атады. Екеуі де шетелге қашты, оларға іздеу жарияланды. Кейбір дерек бойынша Т.Ардан Түркияда жүр. Бірақ 24 тамызда Арданның адвокаты онымен тіпті ұялы теле­фон арқылы да байланыса алмаға­нын мәлімдеді. Жоба мердігері Дәурен Әбдіхамитов темір торда отыр, оның адвокаты істі проку­рорға қайтаруды сұраған. Атышулы істің тағы бір фигу­ранты, Astana Innovations АҚ бұ­рынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім миллиардтардың талан-тараж болуына шын мәнінде басқа тұлғаларды кінәлады.
«Мен Astana Innovations ком­паниясындағы жұмысымды 2015 жылы аяқтадым. Ал әкімдікте және сонымен байланысты құрылым­дарда істеген басқа фигуранттар 2016 жылы қызметтерінен кеткен. 2016 жылы LRT жобасына оралу туралы шешім қабылданды. 2017 жылдың мамырында құрылыс басталды. LRT жобасы аясында 257 миллион доллардың ұрлануымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Неге? Өйткені қытайлық LRT жобасын Астанада іске асыруды әу бастан Нұрәли Әлиев ілгерілетті. Ол сол кезде (2014 жылғы 19 жел­тоқсаннан 2016 жылғы 16 наурыз аралығында) Астана әкімінің орын­басары болды. Бұл жобаға өзі жетекшілік етті. Қаражатын да басқарды. Қорыта айтқанда, бұл ескі Қазақстанға тән хикая», – деген Талғат Әшімнің сөзін Azattyq Rýhy агенттігі келтірді.
2021 жылғы 28 мамырда елор­дада «Астана LRT» компания­сын­дағы ақша ұрлау ісі бойынша 7 экс-шенеунік пен компания қыз­меткері сотталған еді. Солардың қатарында Талғат Әшім 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ былтырғы күзде сот ол шешімнің күшін жойып, істі жете тергеу үшін прокуратураға қайтарды. Қалай болғанда, LRT айнала­сындағы дау ары қарай өршіп ба­рады. Сарапшылар пікірінше, егер тергеушілер тереңірек «қазса», басқа да күдіктілер анықталуы ғажап емес. Құрылысы аяқталмаған жобаның миллиардтары тісте­ген­нің аузында, ұстағанның қолында кеткен. Халықты қапаландырған даулы жоба астанаға құт әкеле қояр ма екен?