Елордадағы LRT қайта күн тәртібіне шықты. Бүгін, яғни 13 қыркүйекте «Астана LRT» ісі бойынша басты сот талқылаулары басталмақ. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан әкімі А.Көлгінов осы «сақалды құрылысты» аяғына жеткізуге шешім қабылданғанын жариялады. Бірақ имидж үшін ебедейсіз жоба оңтайландырылды. Ал келесі жылы қазақ елі LRT үшін жүздеген миллиард қарызын өтеуге кірісуге мәжбүр болады. Жаңа Қазақстанға мұра – зілбатпан қарыз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Ашық бюджеттер» порталында «Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне «Астана қаласының жаңа көлік жүйесі. LRT (әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі учаске)» жобасының облигациялық қарызы бойынша сыйақыны және негізгі борышты өтеуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер» бюджеттік бағдарламасының жобасын жариялады. Аты айтып тұрғандай, құжат жеңіл рельсті көлік (light rail transport немесе LRT) үшін алынған шетелдік кредиттің сыйақысы мен борышын төлеуді бастауға бағытталған. Министрлік бұл қарызды алуға Қазақстан Президентінің 2015 жылғы 28 мамырдағы №2232 тапсырмасы негіз болғанын алға тартады. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл үшін жеке бюджеттік бағдарлама ашылды: «осы бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстар облигациялық қарыздар бойынша міндеттемелерді төлеуді көздейді». Құжаттан байқалғандай, Абай бабамыз өсиет етіп, сақтандырғанына қарамастан, шектен тыс «малшашпаққа» салынған еліміздің кезекті мега-жобасы – Астана LRT құрылысы Қазақстанды шығынға батырмақ: жыл санап, өтелетін қарызы өсе береді. Мысалы, индустрия министрлігінің дерегінше, тек осы бір бюджеттік бағдарлама аясында LRT қарызына мемлекет 2023 жылы – 7 млрд 579 млн, ал 2024 жылы – 240 млрд 779 млн теңгеге шығындалады. Өйткені өркениетті елдерде қарыз алдың екен – төлейсің. Негізі, LRT жобасы толық көлемде қолға алынғанда, ел шаш-етектен шығынға бататын еді. 2019 елде билік транзиті жүзеге асқан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жалғастырудың орындылығы тұрғысынан осынау ғаламат жобаны қайта қарауға тапсырма берді. Содан 31 шілдеде аталған мәселені жеке қараған Үкіметтің отырысынан шыққан бас қала әкімі Алтай Көлгінов журналистерге LRT желісінің құрылысы 1,5 млрд долларға дейін арзандатылғанын жариялады. Оның айтуынша, бұдан бұрын осы жобаны жүзеге асыруға 1,8 млрд доллар шығындау жоспарланған. Бұл ретте Қытай даму банкінен кредит алу шарттарына сәйкес, Қазақстан ол соманы 20 жыл ішінде 2,6 млрд доллар (1,3 трлн теңге) көлемінде қайтаруға міндетті болды (2022 жылға дейін өтпелі кезең берілді, төлем төлеу 2023 жылы басталады). Яғни, тек банктің маржа-үстемеақысының өзі 800 млн долларға (қазіргі бағаммен шамамен 400 млрд теңгеге) жуықтайды.
«Жағдайды бағалай келе, Үкімет ішкі кредиттерді тартуға екпін түсіруге шешім қабылдады. Бұл – ең дұрыс шешім. Жобаны оңтайландыру құрылыс-монтаждау жұмыстарының құнын 350 миллион долларға арзандатуға мүмкіндік берді. Бұрын көзделген 18 станса-аялдама орнына 11-і ғана тұрғызылады», – деген еді А.Көлгінов.Үкімет дерегінше, ішкі кредиттеу көздерін іске қосу Шың елінен алынатын заем мерзімін 20 жылдан 15 жылға кемітуге, соның есебінен борыш сомасын да азайтуға жол ашыпты. Басқа егжей-тегжейі жария етілмеді. Мега-жобадан ұлтарақтай қалды Таяуда Нұр-Сұлтан әкімі LRT құрылысы соңына дейін жеткізілетінін қайтадан растады. Ал жоба оптимизацияланған соң қазір қалқайып тұрған бағаналарының біразы қажетке жаратылмай, сол бойы қалып қояды. Мемлекет басшысы сәулетшілермен ақылдасып, оларды басқа мақсатқа пайдалану жолдарын анықтауды жүктеген. Алтай Көлгінов LRT тіректерін эксплуатациялаудың түрлі нұсқалары қаралғанын хабарлады. Сәулетшілер, былайғы адамдар оларды бұзып, құрылыс материалы ретінде қолдануды, оларды композицияға айналдырып, айналасында қоғамдық кеңістік құруды немесе оларды бір-бірімен қосып, эстакада жасап, үстінен көліктің баламалы түрін – электробустарды жіберуді ұсыныпты. Бірақ әкімдік ақыры бұл бағаналарды да болашақта LRT жобасын жалғастыруға пайдалану үшін қалдыруға ұйғарған.
«Астана тұрғындары мен автомобильдер санының жыл сайынғы өсу динамикасын қарадық. Қазірдің өзінде қаланың басты магистралды жолдарында үнемі кептелістер түзіледі. Бұл мысалы, әуежайға, Қосшыға апаратын бағытқа, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдарына, Сығанақ, Түркістан көшелеріне қатысты. Шаһардың тоқтаусыз өсіп келе жатқанын ескере келе, жеңіл рельсті көлік желісі таяу перспективада сұранысқа ие болады деген байламға келдік. Есептеме көрсеткендей, желісі қысқа болғандықтан, бастапқыда LRT қызметіне күн сайын 25-30 мың адам ғана жүгінеді. Ал желісі толығымен іске қосылған соң жолаушылар ағыны да артады», – деді Алтай Көлгінов.Оның түсіндіруінше, Астана алып қалаға айналғанша, әзірге оңтайландырылған шағын жоба ғана іске асырылады: 18 стансаның енді 8-і ғана салынады. О баста жоспарланған 19 жылжымалы құрамның бірінші кезеңде тек 5-еуі жолға қойылады. Бір құрам 4 вагоннан тұрады. Рейстер жүрісінің аралығы 15 минутты құрайды.
«Алдын ала тыңдауда істі прокурорға қайтару туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды. Қорғаушы тараптың айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шараларын өзгерту жөніндегі өтініштерін қанағаттандырудан бас тартылды. Іс жалпы тәртіппен ашық сот отырысында қаралады. Істі қарау айыпталушылар Арданның және Сұлтанбековтың жоқ болуына қарамастан жүргізіледі, себебі заң бұл бөлікте істі сырттай қарауға жол береді», – деп түсіндірді судья.Іс бойынша фигуранттарға шамамен 5,8 млрд теңге ұрлады деген айып тағылып отыр. Негізгі, айыпталушылар ретінде «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талгат Ардан және астана әкімінің экс-орынбасары Қанат Сұлтанбеков танылды. Соңғысын тергеу «ұрлауды ұйымдастырушы» деп атады. Екеуі де шетелге қашты, оларға іздеу жарияланды. Кейбір дерек бойынша Т.Ардан Түркияда жүр. Бірақ 24 тамызда Арданның адвокаты онымен тіпті ұялы телефон арқылы да байланыса алмағанын мәлімдеді. Жоба мердігері Дәурен Әбдіхамитов темір торда отыр, оның адвокаты істі прокурорға қайтаруды сұраған. Атышулы істің тағы бір фигуранты, Astana Innovations АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім миллиардтардың талан-тараж болуына шын мәнінде басқа тұлғаларды кінәлады.
«Мен Astana Innovations компаниясындағы жұмысымды 2015 жылы аяқтадым. Ал әкімдікте және сонымен байланысты құрылымдарда істеген басқа фигуранттар 2016 жылы қызметтерінен кеткен. 2016 жылы LRT жобасына оралу туралы шешім қабылданды. 2017 жылдың мамырында құрылыс басталды. LRT жобасы аясында 257 миллион доллардың ұрлануымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Неге? Өйткені қытайлық LRT жобасын Астанада іске асыруды әу бастан Нұрәли Әлиев ілгерілетті. Ол сол кезде (2014 жылғы 19 желтоқсаннан 2016 жылғы 16 наурыз аралығында) Астана әкімінің орынбасары болды. Бұл жобаға өзі жетекшілік етті. Қаражатын да басқарды. Қорыта айтқанда, бұл ескі Қазақстанға тән хикая», – деген Талғат Әшімнің сөзін Azattyq Rýhy агенттігі келтірді.2021 жылғы 28 мамырда елордада «Астана LRT» компаниясындағы ақша ұрлау ісі бойынша 7 экс-шенеунік пен компания қызметкері сотталған еді. Солардың қатарында Талғат Әшім 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ былтырғы күзде сот ол шешімнің күшін жойып, істі жете тергеу үшін прокуратураға қайтарды. Қалай болғанда, LRT айналасындағы дау ары қарай өршіп барады. Сарапшылар пікірінше, егер тергеушілер тереңірек «қазса», басқа да күдіктілер анықталуы ғажап емес. Құрылысы аяқталмаған жобаның миллиардтары тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен. Халықты қапаландырған даулы жоба астанаға құт әкеле қояр ма екен?