Пандемия кезінде дәрігерге қаншалықты зәру екенімізді сезіндік. Ауруханадан орын ғана емес, білікті дәрігер де таба алмай сенделдік. Шыны керек, қазір еліміз бойынша 14 678 медицина кадры жетіспейді. Ал ақ халаттылардың 30 пайызы зейнеткерлікке шығу алдында тұр. Маман тапшылығын неге шеше алмай келеміз? Жыл сайын жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан мамандар қайда? Бір қызығы, Үкімет дәрігерлер тапшылығын шешіп жатырмыз десе де, жыл санап маман тапшылығы бойынша статистикалық көрсеткіштердің артып келе жатқанын байқадық. Айталық, 2020 жылы медицина саласына 12,7 мың қызметкер (4 222 дәрігер мен 8 583 орташа дәрежедегі маман) қажет болса, қазір бұл статистика 15 мыңға жақындаған. Оның ішінде 7072 дәрігер (ауылда – 1 344 дәрігер) және 7606,5 орта медицина қызметкері (ауылда – 1 138,5 ОМҚ) жетіспейді. Кадрға ұдайы сұраныс бар өңірлердің қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, сондай-ақ Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола облыстары аталады. Мамандықтар тұрғысынан келсек, әсіресе терапевт, анестезиолог-реаниматологтар, жалпы практика дәрігерлері, сәулелік диагностика дәрігерлері, инфекционистер, педиатрлар, акушер-гинекологтар жетіспейді. Бұл статистиканы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та растады.
– Кадр тапшылығын шешуде министрлік екі бағытқа аса мән береді. Біріншісі – медицина қызметкерлерінің әлеуметтік статусын түзеу және лайықты еңбекақы төлеу. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл «Халық табысын арттыру» бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы жылма-жыл көтерілетін болады. Мысалы, биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 30 пайызға, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20 пайызға дейін өсті,– дейді Ажар Ғиният.Дәрігер тапшылығын шешу үшін министрлік әкімдіктермен бірлесе бірқатар шараны қолға алған. Нақтырақ айтсақ, қажетті медицина кадрларын мақсатты даярлауға арналған жергілікті атқарушы орган гранттарының санын ұлғайтып, жергілікті бюджетте әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларына арналған шығыстарды жоспарлап, жас мамандарға тұрғын үй беру немесе жалға беру, көтерме жәрдемақыларын төлеу сынды жобаларды қолға алып отыр. Бұған қоса, өңірлерде білім және ғылым ұйымдарының филиалдары ашылуда. Қазір Семей медицина университетінің Павлодар қаласындағы филиалы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Атырау, Ақтау, Қызылорда, Орал қалаларындағы филиалдары ашылды. Әлеуметтік жағдай жасалмаған Кадр тапшылығының салдарынан дәрігерлер кем дегенде екі адамның жұмысын істеуге мәжбүр. Ал жалақылары аз. Сондықтан көп жағдайда мамандар жекеменшік емханалар мен басқа кәсіпке ауысып кетеді. Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың пікірінше, әлеуметтік көмек оқуын енді аяқтаған жас мамандарға ғана беріледі. Жалпы, дәрігерлерге мұндай жағдай қарастырылмаған. Сондықтан қалада да, ауылда да дәрігерлер жетіспейді.
– Біріншіден, дәрігерлердің айлығы өте аз. Екіншіден, дәрігерлерге жағдай жасалмаған. Оларға үй берілмейді. Елімізде медицина саласы әлі де жүйелі емес. Жасыратыны жоқ, жұмысқа тұру үшін де дәрігерлер пара береді. Үлкен көлемдегі қаржыны көп дәрігер бергісі келмейді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін де жағдай жасалмаған. Кейбір білікті бас дәрігерлер мамандарына ақша бөліп, оқытады. Ал тағы бір жерлерде он жыл бойы біліктілігін арттырмаған медбикелер бар. Негізі, әр бес жыл сайын дәрігерлер біліктілігін жетілдіріп тұруы керек, – дейді Жұпар Наханова.Ал қазір дәрігерлер күнделікті науқас қабылдап, қағаз толтырумен ғана айналысады. Өзін-өзі дамытып, білімін жетілдірмейді. Бұл әр дәрігердің қызығушылығына да байланысты. Жұпар Наханованың айтуынша, бұрын дәрігерлер категориясын арттырған сайын еңбекақысы да өсетін. Қазір оны алып тастады. Осыдан кейін дәрігерлердің медицинаға қызығушылығы төмендеген. Көбісі жекеменшік клиникаларға кетіп қалды. Себебі ондай клиникалар дәрігерлерге жағдай жасап, жақсы айлық төлейді. Қазір елімізде кішігірім жекеменшік клиникалар көп. Ондағы дәрігерлер мемлекетке емес, жеке кәсіпкердің қалтасына жұмыс істеп отыр.
– Жылына болар-болмас пайызға дәрігерлердің еңбекақысын көтереді. Бірақ ұсталатын салық бар, азық-түлік те жыл сайын өсіп жатыр. Дәрігерлердің айлығы күнкөрісіне жетпейді. Айталық, Америкада дәрігерлер 10-15 мың доллар, Ресейде 2-3 мың доллар алады. Ал бізде жиырма жылдық жұмыс өтілі бар дәрігердің айлығы 500 долларға жетпейді. Сондықтан медицина саласынан қаржы аямай, талапты да күшейту керек, – дейді Медицина ғылымдарының кандидаты.Оның пікірінше, толыққанды, жақсы маман дайындау үшін он жыл уақыт керек. Ал енді он жыл оқыған дәрігер лайықты табыс тауып, үй ала алмаса қызығушылығы да өшеді. Бір кездері дәрігерлердің барлығы фармацевтикалық фирмаларға кетіп қалды. Өйткені олар жоғары айлық берді. Сондықтан министрлік жұмыс істегісі келетін дәрігерлердің барлық жағдайын жасап, бос орындарға орналастыруы керек. Әйтпесе, 0,5 мөлшерлемемен бірнеше емханадада жұмыс істейтін дәрігерлер бар. Салада тұрақтап қалатындар аз Елімізде медициналық білім беретін 9 жоғары оқу орны бар. Алайда облыстардағы дәрігер тапшылығы медициналық университеттердің болуына немесе болмауына байланысты емес. Қазақстанның тоғыз медициналық ЖОО-ның төртеуі Алматыда орналасқан, бірақ қаланың өзі дәрігерлер жетіспеушілігі бойынша тоғызыншы орында (барлық 17 өңірден). Жыл сайын өңірлердің медициналық кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлінеді. Мысалы, 2022 жылы мамандарды дайындауға 4 700 орын, атап айтқанда: бакалавриатқа – 2 700 орын, резидентураға – 1500 орын, магистратураға – 325 орын, докторантураға 160 орын бөлінді. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2022 жылы 985 сұранысқа ие маманды даярлауға қаражат бөлу жоспарланып отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде білім алған түлектер жыл сайын Мемлекеттік комиссия шешімімен өңірлерге бөлінеді. Мәселен, 2021 жылы денсаулық сақтау ұйымдарының қажеттіліктеріне сәйкес, өңірлерге 3141 жас маман бөлінді, оның ішінде ауылға 636 адам жөнелтілді. Биыл 2,9 мың түлек дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері тапшы аймақтарға қызмет етуге бөлінді. Бірақ жас дәрігерлер ауруханаларға орналасып еңбек жолын бастағанымен де, көп жағдайда медицина саласында тұрақтап қалмайды екен. Жоғары санатты дәрігер-хирург Қайрат Катреновтың айтуынша, кадр тапшылығының туындауына ең басты себеп медицина мамандарының қоғамдағы беделінің төмендеп кетуі.
– Одан кейін жалақының аздығы. Оқу барысындағы түрлі қиындықтардан, науқастармен жұмыс істеуден де қашатындар бар. Медицина қызметкерлері қаншама қиын жағдайларда жұмыс істесе де еңбектері бағаланбайды. Мысалы, шаштараздар күніне 20 мың теңге табады. Ал дәрігерлердің еңбекақысы бұған жетпейді. Оның үстіне, заң бойынша дәрігерлер бір ставкадан артық жұмыс істей алмайды. Сондықтан медициналық мамандардың барлығы бір еңбекақымен күн көріп отыр. Негізі, дәрігерлерге артылатын жауапкершілік үлкен. Салыстырмалы түрде қарасақ, біреудің шашын қию мен жүрекке ота жасаудың арасы жер мен көктей, – дейді Қайрат Катренов.Кезінде хирургпен бірге оқуға түскен студенттердің 30 пайызы соңына дейін жетіп, дипломын алмапты. Жұмысқа кірген соң ұнамай, мамандық ауыстырғандары да баршылық екен. Бір қызығы, елден кетіп жатқан мамандар аз емес. Соңғы 3 жылда 3,5 мың медицина қызметкері шетелге көшкен. Демек, бұл үрдіске айналған болса, жыл сайын мыңдаған дәрігерден қол үземіз. Көші-қон мәселесінің зардабы – осы. Мамандар эмиграциясы бойынша Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары алда тұр.
– Біліктілігі жоғары, шет тілін білетін мамандар шетелге кетіп жатыр. Сондықтан дәрігерлердің қоғамдағы беделін көтеретін арнайы заң қабылдау керек. Көп дәрігерлер қаншама жыл жұмыс істесе де үй ала алмай жүр. Медицина саласының қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жасау керек. Сонда саладағы маман тапшылығы шешілер еді, – дейді Қайрат Катренов.Бірнеше жыл бұрын мұғалімдердің қоғамдағы беделі күрт төмендеп кеткенде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдап, мұғалімдердің еңбекақсын арттырған едік. Соның арқасында ең білімді жастар педагогикаға бет бұрып жатыр. Ендеше аз жалақы алып, қоғамның сый-құрметін көре алмай жүрген медицина қызметкерлеріне де көңіл бөлетін уақыт жетті. Сонда ғана жас маманның салада тұрақтап қалары анық.