Рейтингтің төмендеуі экономикаға кесірін тигізеді
Рейтингтің төмендеуі экономикаға кесірін тигізеді
© коллаж: Елдар Қаба
253
оқылды
S&P Global Ratings рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз несие болжамын «Тұрақтыдан» «Жағымсыз» си­патына төмендетті. Агенттік бұл шешімін ел мұ­найының 80 пайызын экспорттайтын Каспий құбыры консор­циу­мына қатысты тәуекелдермен және жалпы қарыздың таза активтер көлемінен артып кетуімен байланыстырады. Шығыс көбейіп, кіріс кемиді Сарапшылардың топшы­ла­уынша, 2024 жылдан бастап мұнай бағасы арзандап, бюджет­тің кіріс бөлігі кемиді. Ол қазы­наға түсетін алым-салықты азай­тады. Соның салдарынан қаржы тап­шылығы туындап, Үкімет әлеумет­тік мін­дет­темелерді орын­дау үшін сырттан қарыз сұ­ратуға мәжбүр болуы мүм­кін. Ал берешек көбе­йіп, кіріс азай­ған сайын ол мем­лекеттің төлем қабілеттілігіне нұқсан келтіреді. Қаржы министрлігінің есебіне сүйенсек, Қазақстанның сыртқы қарызы 166,5 млрд доллардан асқан. Бұл республика тұрғын­дарының жан басына шаққанда 8,5 мың дол­лардан айналады екен. Мұның 37,1 млрд доллары – мем­лекеттің кепіл­дігімен алын­ған Үкіметтің және ква­­зи­мем­лекеттік сектордың берешегі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Қазақстанның сыртқы берешегі мемлекеттік бюд­жеттің ұзақмерзімді тұрақ­тылығы мен болашақ мүмкіндігіне зиянын тигізетінін ескерткен еді. «Алдағы 25 жылда мемлекеттің жоспар­лан­ған міндеттемесін өтеу шығындары алты есе артады. 2025 жылға қарай сыртқы қарыздың үлесіндегі үкі­меттік борыш 21 пайыздан 49 па­йызға дейін ұлғаюы мүмкін» де­лінген Ақорда таратқан ақпаратта. Мәселен, мемлекет 2021 жы­лы сыртқы берешекті өтеуге 1,1 трил­лион теңге жұмсаса, 2023 жы­лы тағы 1,5 трлн теңге қай­таруы тиіс. Ал 2022-2025 жылдары қарызды жабуға кететін шығын бюджет түсімдерінің орташа 9,8 пайызын құрамақ. Бұл жақын болашақтағы міндеттемелер, одан басқа ұзақ­мер­зімді өтемдер де көп. Ал мұнай мәселесіне келсек, бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов биыл елде 87,5 млн тонна мұнай өндіріліп, оның 69 млн тоннасы экспортқа шы­ғарылады деп мәлімдеген. Алайда 20 наурызда төтеннен келген апат­тың кесірінен Каспий құбыр кон­сорциумының (КҚК) жұмы­сы екі айға тоқтап, кейін ол сот үкімімен 200 мың рубль айыппен алмас­тырылды. Мұндай төтенше оқиға былтыр тамыз айында да болып, онда консорциум РФ федералдық бюджетіне 5,3 млрд рубль төлеп, әзер құтылған. «Қыр­сық бір ай­налдырғанды шыр айналдырады» демекші, КҚК биыл бір емес, төрт рет тұрып қалды. Міне, сол себепті S&P Қазақстанның мұнай өнді­рісі бойынша болжамын 85,6 млн тоннаға дейін төмендетті. Қауіп шындыққа айналмасын UD Capital сарапшысы Дамир Сейсебаевтың ойынша, S&P-тің құр ғана болжамы ел экономи­касына өздігінен теріс әсер ете қоймайды, ал бірақ рейтинг шын мәнінде іс жүзінде төмендейтін болса, онда сырттан қарыз алу шарты айтарлықтай қиындайды.
«Мұндай жағдайда тәуелсіз рейтингтің инвестициялық тар­тымдылығы жоғалып, ол алып­сатарлық санатқа ауысады. Бұл дефольтты туындатуы ықтимал. Соның әсерінен шетелден қарыз алу құны қымбаттай түседі. Бұл Қазақстанның сыртқы мін­дет­темелерді өтеу шығындарын ұл­ғайтып, бюджеттік көрсет­кіштер­дің нашарлауына әкеліп соқты­рады», – дейді Д.Сейсебаев.
Айта кетейік, S&P өз бол­жамын негізінен КҚК жұмысы­ның ұзақ мерзімге тоқтап қалу тә­уекелімен байланыстырады. Бұл жерде тіпті одан көмірсутегі та­сымалы салығының 3/4-ін ие­леніп отырған және консор­циум­ның ірі акционері саналатын Ресейдің көп шығын шегетінін де есепке ал­майды. Өйткені Батыс коалиция­сының қатаң санкциясы астында тұншығып жатқан РФ қарымта жауап қайтару үшін қолда бар мүмкіндіктерінің бәрін қолдана­тынын әрі бұл жағдайда қандай болсын экономикалық шығын­дарға қарамайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Оған бүгінде Еуро­одаққа жасап отыр­ған газ-мұнай саласындағы қы­сымы дәлел. Осы тұрғыдан алғанда, DAMU Capital Management бас дирек­торы Мұрат Қастаев рейтинг болжа­мының төмендеуі Қазақ­стан эко­номикасының геосаяси қауіп­терге қарсы тұра алмайтын осал­дығын білдіретінін айтты.
«Рейтинг болжамының тө­мендеуінің басты себебі мұнай экспортының, сонымен бірге тұтас Қазақстан экономикасының КҚК мұнай желісінің жұмысына қатты тәуелді екендігімен түсін­діріледі. Егер алдағы уақытта да КҚК тасымалында іркілістер болатын болса, ол біздің мұнай экспортына орасан зиянын ти­гізеді. Ал өз басым бұл іркіліс­тер­дің кездей­соқ­тан болып жатыр дегенге сенбей­мін», – дейді М.Қастаев.
Сондай-ақ рейтингтің тө­мен­деуі өзі де секемшіл инвес­тор­ларға Қазақстанға қаржы құюдың қауіп­сіз емес екендігін аңғартады. Осын­дай қиын-қыс­тау жағдайда әлеуетті инвестор Қазақстанның борыштық қа­ғаздарына немесе эмитенттеріне ақша салатын бол­са, онда ол өзіне түсетін кірістің мөлшерлемесі не­ғұрылым жоғары болуын талап етуі мүмкін. Ал енді капиталға тікелей инвестиция саламын десе, онда өздері үшін айтарлық­тай тиімді шарттарға қол жеткізуге ұмтылады. Жалпы, қалай бол­ғанда да, рей­тингтің төмендеуі шетелдік тікелей инвести­ция­лар­дың елге келуіне кесірін тигізеді. Ал тікелей инвес­тицияның азаюы мұнай және тау-кен өндірісі са­лаларының дамуын едәуір бәсең­детеді. Ал енді, Мұрат Қастаевтың ай­туынша, егер КҚК іркіліссіз қа­лып­­ты жұмыс істеп тұрса және сырт­­­қы экономикалық ахуал жақ­сарса, S&P өзінің болжамын «Жағымсыздан» қайтадан «Тұ­рақ­тыға» ауыстыруы мүмкін. Деген­мен ел рейтингін жақсарту үшін тек мұнай экспорты мар­шрутын ғана емес, сонымен бірге тұтас эконо­миканы әртарап­тан­дыру қажет екені түсінікті.