Екі ел арасындағы сауда
Екі ел арасындағы сауда
345
оқылды
Қазақстан мен Қырғыз Респуб­лика­сы арасындағы байланыс қай кезде де берік болған. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан ел болғаннан кейін экономикалық һәм әлеуметтік тұрғыда мәмілеміз мызғыған емес. Енді, міне, келісім көкжиегі кеңейген тағы бір жобаға жан бітіп, екі ел шекара­сында индустриалды сауда-логис­тикалық кешен бой көтермек. Жаңа кешеннің салынуы арадағы дел­далдардың санын азайтып, тұтынушы­лар үшін өнімнің өзіндік құнын төмен­детіп, сон­дай-ақ тауарды жеткізу жылдам­дығын арт­тырады деп күтілуде. Ал нысан­ның өзі Қордай ауданындағы Қырғыз мемлекетімен шекаралас «Қарасу» және «Ақ тілек» өткізу бекетінде салынбақ. Кешен құрылысының барысымен та­нысуға өңірге арнайы іссапармен кел­ген Премьер-Министрдің орын­басары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұ­ман­ғариннің сөзіне сүйенсек, бұл елімізде тең­десі жоқ жобаның біріне айнал­мақ екен.
– Еліміз бойынша осындай бес нысан бой кө­тереді. Соның бірі – осы Қордай ау­данындағы кешен. Жоба құрылысы 2025 жыл­ға дейін жалғасады. Сауда-логис­тика­лық кешен транзиттік әлеуетті арттыруға мүм­кіндік береді десек, қазір басым бағыт­тар айқындалуда. Жоба бәсекелестік артықшылықтары бар тауарларды шығару, ауылшаруашылық өнім­дерін сақтау мен өңдеуге арналған орын­дарды құруға жол ашады. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында кооперация­лық өн­дірісті дамыту мен халықаралық тауар өн­діру жүйесі саласында логис­тикалық ны­сандар салуға мүмкіндік туғызады, – дейді Серік Жұманғарин.
екі ел Жалпы сауда-логистикалық кешен ше­караға ең жақын орналасқан Қырғыз Республикасындағы­­ Шу облысы мен Қазақ­стандағы Жам­был өңірінің шаруаларын берік бай­ла­ныстырмақ. Ал тауарлардың басты тұтыну­шылары Алматы, Бішкек пен Тараз қаласы болады деп жоспарлануда.
– Біз өз тарапымыздан 39 гектар жер бө­ліп бердік. Қазір ең бірінші көліктер тұра­тын тұрақтың орны дайындалып жатыр. Со­сын кезек электронды түрде жүргізіледі. Яғни, тауар тасымалдаушылар ұзын-сонар кезекте тұрып қиналмайды. Бекеттен өткізу жылдам, әрі жүйелі жүргізіледі. Қазір Қырғыз еліндегі сүт, ет, қағаз, киім, жеміс-жидек сынды өнім өндіру­шілер жо­баға айрықша қызығушылық танытуда. Жо­ба аясында олар Қазақстанға өтіп, Қор­дай ауданынан цех ашуларына да болады. Қырғыз елінде жеміс-жидек, киім-кешек сын­ды тауарлар арзан болғандықтан, олар­дың Қазақстанда шығарған өнімдері басқа қалаларға арзан бағамен сатылады. Сондай-ақ қазақстан­дық кәсіпкерлердің өндірген өнімдерін де қырғыз ағайындар еш кедер­гісіз тұтына алады. Бір сөзбен айтқанда, жо­ба екі ел арасындағы еркін сауда айна­лы­мына жол ашып отыр. Егер қырғыздық кә­сіпкерлер Қазақстаннан цех ашамыз десе, жергілікті билік жер бөліп беруге дайын, – дейді Қордай ауданы әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмас Алимхожаев.
Тағы бір айта кетерлігі, кешен аумағында агроөнеркәсіптік өнімдерді өңдеу ғана емес, сондай-ақ сақтау да жоспарлануда. Ол үшін арнайы қоймалар салынбақ. Осылайша кешен халықаралық тауар өндіру желілері жүйесіндегі өнеркәсіптік кооперацияға ай­налмақ. Ал ең бастысы – жоба жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашпақ. Бұқара дәл осыған дән риза.
– Шыны керек, Қордай ауданының Қы­р­­ғыз Республикасымен шекаралас ауы­лында тұратындықтан тіршілігіміз көрші елмен тығыз байланысты. Арзан болғаннан кейін жазда жеміс-жидек, көкөністі көрші елден тасып, кәсіп қылып отырғандар бар. Сон­дай-ақ киім-кешекті де Бішкектің Дор­дой базарынан дорбалап әкеліп, саудаға шы­ғарып жүргендер аз емес. Міне, енді жаңа сауда-логистикалық кешеннің құрылып жат­қанын естіп қуанып жатырмыз. Енді тауар айналымы еркін жүретін болып тұр. Ал ең бастысы егер Қордай ауданынан жаңа кә­сіпорындар ашылатын болса, бұл ауыл­дағы азаматтарға жұмыс орны болар еді. Көптің көңілінен шығып отырғаны – осы, – дейді Азамат Ахметов.
Елді мекендегі кәсіпкерлер мен шаруа­лар да кешеннің іске қосылатын күнін асыға күтіп отыр. Себебі бұған дейін жамбыл­дық­тар тауарды Қырғыз елінен тасыған болса, енді өз өнімдерін де көршілес елге танытпақ. Ол үшін сауда-логистикалық кешен кедер­гісіз мүмкіндік беруде. Осыны екі елдің кә­сіпкерлері тиімді пайдаланатынына се­нім­діміз. Ең бастысы, екі ел арасындағы бай­ланыс жемісті де, мәңгі болғай.

Жамбыл облысы