Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы байланыс қай кезде де берік болған. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан ел болғаннан кейін экономикалық һәм әлеуметтік тұрғыда мәмілеміз мызғыған емес. Енді, міне, келісім көкжиегі кеңейген тағы бір жобаға жан бітіп, екі ел шекарасында индустриалды сауда-логистикалық кешен бой көтермек. Жаңа кешеннің салынуы арадағы делдалдардың санын азайтып, тұтынушылар үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, сондай-ақ тауарды жеткізу жылдамдығын арттырады деп күтілуде. Ал нысанның өзі Қордай ауданындағы Қырғыз мемлекетімен шекаралас «Қарасу» және «Ақ тілек» өткізу бекетінде салынбақ. Кешен құрылысының барысымен танысуға өңірге арнайы іссапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің сөзіне сүйенсек, бұл елімізде теңдесі жоқ жобаның біріне айналмақ екен.
– Еліміз бойынша осындай бес нысан бой көтереді. Соның бірі – осы Қордай ауданындағы кешен. Жоба құрылысы 2025 жылға дейін жалғасады. Сауда-логистикалық кешен транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді десек, қазір басым бағыттар айқындалуда. Жоба бәсекелестік артықшылықтары бар тауарларды шығару, ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өңдеуге арналған орындарды құруға жол ашады. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында кооперациялық өндірісті дамыту мен халықаралық тауар өндіру жүйесі саласында логистикалық нысандар салуға мүмкіндік туғызады, – дейді Серік Жұманғарин.
– Біз өз тарапымыздан 39 гектар жер бөліп бердік. Қазір ең бірінші көліктер тұратын тұрақтың орны дайындалып жатыр. Сосын кезек электронды түрде жүргізіледі. Яғни, тауар тасымалдаушылар ұзын-сонар кезекте тұрып қиналмайды. Бекеттен өткізу жылдам, әрі жүйелі жүргізіледі. Қазір Қырғыз еліндегі сүт, ет, қағаз, киім, жеміс-жидек сынды өнім өндірушілер жобаға айрықша қызығушылық танытуда. Жоба аясында олар Қазақстанға өтіп, Қордай ауданынан цех ашуларына да болады. Қырғыз елінде жеміс-жидек, киім-кешек сынды тауарлар арзан болғандықтан, олардың Қазақстанда шығарған өнімдері басқа қалаларға арзан бағамен сатылады. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлердің өндірген өнімдерін де қырғыз ағайындар еш кедергісіз тұтына алады. Бір сөзбен айтқанда, жоба екі ел арасындағы еркін сауда айналымына жол ашып отыр. Егер қырғыздық кәсіпкерлер Қазақстаннан цех ашамыз десе, жергілікті билік жер бөліп беруге дайын, – дейді Қордай ауданы әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмас Алимхожаев.Тағы бір айта кетерлігі, кешен аумағында агроөнеркәсіптік өнімдерді өңдеу ғана емес, сондай-ақ сақтау да жоспарлануда. Ол үшін арнайы қоймалар салынбақ. Осылайша кешен халықаралық тауар өндіру желілері жүйесіндегі өнеркәсіптік кооперацияға айналмақ. Ал ең бастысы – жоба жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашпақ. Бұқара дәл осыған дән риза.
– Шыны керек, Қордай ауданының Қырғыз Республикасымен шекаралас ауылында тұратындықтан тіршілігіміз көрші елмен тығыз байланысты. Арзан болғаннан кейін жазда жеміс-жидек, көкөністі көрші елден тасып, кәсіп қылып отырғандар бар. Сондай-ақ киім-кешекті де Бішкектің Дордой базарынан дорбалап әкеліп, саудаға шығарып жүргендер аз емес. Міне, енді жаңа сауда-логистикалық кешеннің құрылып жатқанын естіп қуанып жатырмыз. Енді тауар айналымы еркін жүретін болып тұр. Ал ең бастысы егер Қордай ауданынан жаңа кәсіпорындар ашылатын болса, бұл ауылдағы азаматтарға жұмыс орны болар еді. Көптің көңілінен шығып отырғаны – осы, – дейді Азамат Ахметов.Елді мекендегі кәсіпкерлер мен шаруалар да кешеннің іске қосылатын күнін асыға күтіп отыр. Себебі бұған дейін жамбылдықтар тауарды Қырғыз елінен тасыған болса, енді өз өнімдерін де көршілес елге танытпақ. Ол үшін сауда-логистикалық кешен кедергісіз мүмкіндік беруде. Осыны екі елдің кәсіпкерлері тиімді пайдаланатынына сенімдіміз. Ең бастысы, екі ел арасындағы байланыс жемісті де, мәңгі болғай.
Жамбыл облысы