Таяқтап тәрбиелеу тыйыла ма?
Таяқтап тәрбиелеу тыйыла ма?
© коллаж: Әсел Балтақызы
324
оқылды
Шыны керек, Түркістан облысының Шардара ауданында бала­бақшаға қатысты мәселе жиі бой көтеріп тұрады. Соған қарағанда, аудандағы осы салаға жауапты тұлғалар өз жұмыстарына салғырт қарайтын секілді. Осыдан барып шалғай аудандағы ішкі тірлік көптің назарынан тыс қалғандай көрінеді. Алайда қазір ғаламтордың заманы. Кез келген оқыс әрекет бейнероликке түсіріліп, ғаламторда тарап кетеді. Жуыр­да Шардара қаласындағы балабақ­шалардың бірінде тәрбиешінің баланы аяусыз ұрғаны, сөйтіп басқаның баласын «сен де ұр» деп оларға қалай есе қайтару керектігін үйретіп, төбелестіруге әрекет жасағаны әлеуметтік желіде тарап, үлкен пікірталас тудырды. Көпшіліктің ашу-ызасын туғызған бұл жағдай құзырлы органдарды да бейжай қалдырмады.
Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы аудан тарапынан арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстарын жүргізгенін жеткізді. «Зер­делеу жұмыстарының барысында баланы ұрған жекеменшік балабақша тәрбиешісі екені белгілі болды. Тиісті жұмысты жүр­гізуге ықпал ету жөнінде Шардара ау­дандық полиция бөліміне хат жолданды. Бүгінгі таңда алдын ала анықтау-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» делінген Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы берген ақпаратта. Ал Шардара ауданының прокуроры Руслан Абдраимов интернет желісі арқылы тәрбиешінің жас балаға күш қолданғаны бойынша бейнеролик та­ралғанын, осынау дерек арқылы Шар­дара аудандық полиция бөлімі Қыл­мыстық Кодексінің 140-бабы 2-бөлімі­мен қыл­мыстық іс тіркелгенін атап өтті. «Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тек­серу амал­дары жүргізіліп жатыр. Осы істің шең­берінде сараптама тағайын­далады», – деді ол.
Иә, бұл – Шардара балабақша­ла­рының бірінде болған бір ғана оқиға. Ал жуырда жазғанымыздай, жекеменшік балабақша ашып, оны бір жыл бойы жүр­гізіп, қызметкерлеріне жалақы төлемей соңында мекемені жауып тастаған оқиға да осы ауданда орын алған еді. Бізге шағымданған Шардарадағы Айнұр Мүтәлі «Айғаным» балабақшасында 5 ай тәрбиеші болып еңбек етсе де бір тиын еңбекақы ала алмаған. Олар ұжым болып прокуратураға арызданғанына 3 айдан асса да әлі ешқандай нәтиже болмай отырғанын айтып қапаланды. Түркістан облысы Полиция депар­таментінің баспасөз қызметі сол кезде Қоссейіт ауылы тұрғындарының арызы Шардара аудандық прокуратурасынан полицияға 6 маусым күні келіп түскенін жеткізген. «Жәбірленуші тараптың ай­туынша, олар балабақша құрыл­тай­шы­ларымен еңбек келісімшартын жасамай жұмыс істеп, жалақыларын ала алмаған. Аталған жайт Шардара АПБ-ға ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркеліп, қазір тергеу амалдары жүргізілуде» делінген еді ресми жауапта. Өкінішке қарай, одан бері құзырлы органдардан тырс еткен хабар жоқ. Ал жәбірленушілер болса күн сайын үмітін үзбей жоғары жаққа алаңдаумен күн өткізіп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын да қызмет­керлерінің жалақысын төлей алмай 3,5 миллион теңге қарыз болып қалған бала­бақша да осы Шардарада орналасқан еді.
Айта кетейік, бір кездері «Балапан» бағдарламасы аясында саңырауқұлақша қаптап ашылып, соңында бала саны аз болып, қызметкерлеріне жалақы тауып бере алмай қалған жекеменшік бала­бақ­шалардың бүгінде бет пердесі ашылып жа­тыр. Жалақы төлей алмағанынан бө­лек, бала тәрбиесінен де шикілік шы­ғуда. Білімі таяз сапасыз қызметкерлер осындай абыройсыз әрекеттерге жол беруде. Мұны Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те растады. Ол өз сөзінде «Қазіргі кезде қазақстандықтар күнде балабақшалардың жұмысына шағым­данады. Сондықтан лицензиялау тәртібін қайта енгізу ке­рек», – деді ол. Сөйтіп, балабақшаларға қатысты талап күшей­мек. Мемлекеттік тапсырыс алатындарға бейнекамералар орнату міндеттелмек. Бірақ министрдің соңғы кездері бала­бақшаларға қатысты жиі-жиі айтып жүрген ескертпелерін шалғайдағы Шар­дараның тәрбиешілері естімей ме екен деген ой келеді.

Түркістан облысы