Агроөнеркәсіптің әлеуеті артып келеді
Агроөнеркәсіптің әлеуеті артып келеді
© коллаж: Елдар Қаба
331
оқылды
Сыр өңірінде Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар ауқымды. Бұл тұрғыда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2021-2025 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша жол картасында құны 56,2 млрд теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба­ қамтылған. Осының негізінде 975 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қызылорда облыстық Ауыл шаруа­­шылығы және жер қатынас­тары басқармасының мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылы облыс бойын­ша жалпы құны 10,3 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобаларды жүзеге асыру нәтиже­сін­де 271 жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. Негізі өңірде ауыл шаруа­шылы­ғы өнімдерін экспорттау әлеуетінің артып келе жатқаны да байқалады. Статистикаға сәйкес 2022 жылдың 1 шілдесі бойынша облыстан 26,5 млн долларды құрайтын 50,0 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экс­порт­талып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 143,2 па­йызды құрап отыр. Өнімдер әлем­нің 20 мемлекетіне экспорт­талған. Жалпы өңірде экспортталған өнімнің 91,8 пайызын құрайтын облыстың негізгі дақылы – күріш өнімі. Бүгінде Сыр салысы Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбай­жан, Өзбекстан, Моңғолия мемле­кетімен қоса, Тәжікстан, Түркмен­ия, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак мемлекеттеріне экспорт­қа жіберілуде. Нәтижесінде 45,9 мың тонна күріш өнімі экс­порт­талып, өткен жылмен салыс­тырған­да 133,5 пайызды құрады. Сонымен қатар өңірде күріштен өзге, балық пен бидай экспорты да жоғары сұранысқа ие. Бұл тұрғыда облыстан Ресей, Әзербайжан, Польша, Грузия, Литва, Германия, Чехия және Австрия мемлекет­теріне 1809,6 тонна балық, Германия, Дания және Нидерланды мемлекеттеріне 1873,8 тонна қамыс және Ресейге мен Өзбекстанға 415,5 тонна бидай қалдығы жөнел­тілді. Жалпы ауыл шаруашылығы саласы бойынша биылғы жылдың қаңтар-шілде айында 41 395,1 млн теңгенің өнімі өндірілсе, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 40 719,1 млн теңгені құраған. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына қаңтар-шілде айларында 3 458,8 млн теңге инвестиция салын­са, тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға 10 686,0 мың теңге инвес­тиция құйылған. Биыл аграрлық саланы мемле­кеттік қолдауға 17,1 млрд теңге бө­лінген. Оның ішінде, егін шаруа­шылығы – 4,5 млрд, мал шаруа­шылығы – 4,0 млрд, инвестициялық субсидиялауға – 3,6 млрд, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға – 2,9 млрд, басқа бағыттарға 2,1 млрд теңге қаражат қаралған. Қазіргі таңда Сыр өңірінде күріштен басқа дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталған. Нәтижесінде егілген 5,8 мың гектар күздік бидай дақылы толығымен жиналып, әр гектарына орташа өнім 17,5 центнерден алынса, 5,3 мың гектар жаздық бидайдан орташа өнім гектарына 8,0 центнер жиналған. Ал 325 гектар жаздық арпадан 5,4 центнерден орташа өнім алынған. Сонымен қатар мал азықтық жоңышқа шөбін дайындау, майлы және картоп, көкөніс, бақша дақыл­дарын жинау жұмыстары жүргізілу­де. Жалпы мал азықтық, майлы дақылдарды жинау жұмыстарын 25 қыркүйекке дейін картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстарын 5 қазанға дейін толық аяқтау межеленуде. Басқарманың мәліметіне сәй­кес, облыста күріш егісіне орақ салу жұмыстары 20 тамыздан басталып, міндетті жұмыстар меже­ге сәйкес жүргізілуде. Егін жинау жұмыстарын мерзімінде атқаруға қолда бар техникалардың әлеуеті жеткілікті. Егін жинау жұмыстарын 10 қазаннан кешік­тірмей толық аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ өңірдің мал шаруа­шылығы саласында да оң динамика қалыптасып, өндірілген өнім көлемі артуда. Мал басы санын­да да өсім бар. Жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беріп қана қоймай, ауыл-аймақтың гүлденуіне септігін ти­гізіп тұр. Мұны мемлекеттік бағ­дарлама шеңберінде атқарылған істердің оң нәтижесінен аңғаруға болады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы