Сыр өңірінде Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар ауқымды. Бұл тұрғыда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2021-2025 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша жол картасында құны 56,2 млрд теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба қамтылған. Осының негізінде 975 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылы облыс бойынша жалпы құны 10,3 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 271 жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. Негізі өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуетінің артып келе жатқаны да байқалады. Статистикаға сәйкес 2022 жылдың 1 шілдесі бойынша облыстан 26,5 млн долларды құрайтын 50,0 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 143,2 пайызды құрап отыр. Өнімдер әлемнің 20 мемлекетіне экспортталған. Жалпы өңірде экспортталған өнімнің 91,8 пайызын құрайтын облыстың негізгі дақылы – күріш өнімі. Бүгінде Сыр салысы Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғолия мемлекетімен қоса, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак мемлекеттеріне экспортқа жіберілуде. Нәтижесінде 45,9 мың тонна күріш өнімі экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда 133,5 пайызды құрады. Сонымен қатар өңірде күріштен өзге, балық пен бидай экспорты да жоғары сұранысқа ие. Бұл тұрғыда облыстан Ресей, Әзербайжан, Польша, Грузия, Литва, Германия, Чехия және Австрия мемлекеттеріне 1809,6 тонна балық, Германия, Дания және Нидерланды мемлекеттеріне 1873,8 тонна қамыс және Ресейге мен Өзбекстанға 415,5 тонна бидай қалдығы жөнелтілді. Жалпы ауыл шаруашылығы саласы бойынша биылғы жылдың қаңтар-шілде айында 41 395,1 млн теңгенің өнімі өндірілсе, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 40 719,1 млн теңгені құраған. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына қаңтар-шілде айларында 3 458,8 млн теңге инвестиция салынса, тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға 10 686,0 мың теңге инвестиция құйылған. Биыл аграрлық саланы мемлекеттік қолдауға 17,1 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде, егін шаруашылығы – 4,5 млрд, мал шаруашылығы – 4,0 млрд, инвестициялық субсидиялауға – 3,6 млрд, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға – 2,9 млрд, басқа бағыттарға 2,1 млрд теңге қаражат қаралған. Қазіргі таңда Сыр өңірінде күріштен басқа дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталған. Нәтижесінде егілген 5,8 мың гектар күздік бидай дақылы толығымен жиналып, әр гектарына орташа өнім 17,5 центнерден алынса, 5,3 мың гектар жаздық бидайдан орташа өнім гектарына 8,0 центнер жиналған. Ал 325 гектар жаздық арпадан 5,4 центнерден орташа өнім алынған. Сонымен қатар мал азықтық жоңышқа шөбін дайындау, майлы және картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы мал азықтық, майлы дақылдарды жинау жұмыстарын 25 қыркүйекке дейін картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстарын 5 қазанға дейін толық аяқтау межеленуде. Басқарманың мәліметіне сәйкес, облыста күріш егісіне орақ салу жұмыстары 20 тамыздан басталып, міндетті жұмыстар межеге сәйкес жүргізілуде. Егін жинау жұмыстарын мерзімінде атқаруға қолда бар техникалардың әлеуеті жеткілікті. Егін жинау жұмыстарын 10 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ өңірдің мал шаруашылығы саласында да оң динамика қалыптасып, өндірілген өнім көлемі артуда. Мал басы санында да өсім бар. Жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беріп қана қоймай, ауыл-аймақтың гүлденуіне септігін тигізіп тұр. Мұны мемлекеттік бағдарлама шеңберінде атқарылған істердің оң нәтижесінен аңғаруға болады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы