Қызылорда қаласы күніне орай Сыр аспаздары 40 қазан палау дайындап, мерейлі күнге толағай тарту жасамақ. Аталмыш шара «Абай-Дәулет» ЖШС жүзеге асырады. Жалпы, биыл қала күніне орай, Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен 1 айлық іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, «Ауыл – елдің айнасы» айдарымен өтетін «Ауылым берекенің ақ бесігі» атты этнобағыттағы ауыл мерекесі ұйымдастырылмақ. Мәдени-көпшілік шарада Бауырсақ Party, Шұбат-қымыз Fest, Қауын-қарбыз Fest фестивальдері өткізілу көзделіп отыр. Сонымен қатар «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілігімен дәмі тіл үйіретін 40 қазан палау пісірілмек. «Сыр Ана» монументінде 17 қыркүйекте өтетін шарада 40 қазан палау өңірде өсірілетін төрт түлік мал етінен, Сыр диқандары өсірген күріштен жасалмақ. Оның ішінде, күріштің Лидер, Янтарь, Маржан, Әйгерім, Сыр сұлу сортымен қатар, Украин сорттарынан дайындау көзделіп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы