Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ХХ хатшылығы өтті. Жиын барысында съезге қатысушы шетелдік қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, күн тәртібінде талқыланатын тақырыптарды бекітті. Съезге түрлі мемлекеттен әртүрлі дін өкілдерінен бөлек, БАҚ өкілдері де келді. Соның бірі – Әзербайжаннан келген Түркі әлемін зерттеуші, тілші Аида Эйвазова. Ол бүгінгі шара мен алдағы күндері өтетін съезге қатысты өз пікірін білдірді.
«Менің ойымша, бұл жерде айтылған ұсыныстар мен бастамалар бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселелердің шешімін табуға көмегін тигізеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бейбітшілікті сақтау жайлы айтқандарымен толықтай келісемін. Шынымен, біз ең алдымен адам деген атқа лайық болуымыз керек. Сонымен қатар әрбір адам бейбітшілік пен келісімді дәріптеуі қажет. Осындай ортақ идея негізінде бүгін бәріміз Бейбітшілік және келісім сарайында жиналып отырмыз. Бәріміз де ана мен баланың көз жасы төгілмесін деп тілейміз. Бүгінгі жиында айтылған және алдағы күндері өтетін шаралардың негізгі мақсаты болатын бейбітшілік мәселесі туралы айтылғандардың бәрін бүкіл әлем естісе екен деймін. Осы орайда кезекті съезді ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мен осы жобаның негізін салған Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғыс білдіргім келеді. 2003 алғашқы съезд өткен кезде де қатысқанмын. Ол уақыттан бері съезге қатысушы мемлекеттер саны артты, съездің де маңыздылығы күшейіп келеді. Енді 2025 жылы өтетін кезекті съезде әлемдік діндер көшбасшылары соғыс жоқ, бейбіт әлемде бас қосса екен деймін», – деп Аида Эйвазова өзінің тілегін білдірді.