«Жайлы мектеп» ұлттық жобасынан күтеріміз көп
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасынан күтеріміз көп
782
оқылды
«Заман қамын ойлаған саналықтың белгісі, адам қамын ойлаған даналықтың белгісі» дегендей, Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында адам қамы үшін жасалар көптеген жұмыстар айқындалды. Экономика, салық саласы, өндіріс, әлеуметтік сала бойынша жан-жақты талдау және оны шешуге міндеттерді көрдік. Көп жылдардан бері  білім саласында жұмыс жасап келе жатқандықтан, осы салаға қатысты тапсырмаларға өз ойларымды бөлісейін. Әрине, бұл жұмыстарды тек қана оқып не айтып қоймай, іске асыруға да тікелей аталысамыз. «Уәде орындалуымен құнды» демекші, Президент айтқан жұмыстар іске асуымен өлшенеді. Қоғамның байлығы - оның адамдары, еліміздің тұрғындары, ал сол тұрғындардың сапасы жоғары болса, оның құндылығы да есейе түседі. Қазақ жері кең байтақ, оның табиғи кен байлақтары да мол деп айтып жатамыз, осы байлықты игере отырып, халқымыздың игілігі мүддесіне пайдалану мәселесін көтеруі көптен бері көкейде жүрген еді. Ұлттық байлықты тең бөлу мен баршаға тең мүмкіндік беру - алдағы уақыттағы ел дамуының стратегиясы болады. Ұлттың денсаулығы қоғамның дамығандығын көрсететін индикатордың бірі - медицинаны дамытуға арналған көптеген жұмыстар жасалды, бірақ әлі де сапасына халықтың көңілі толмайды. Соңғы жылдары міндетті медициналық сақтандыру механизмі іске асып жатса да, жұмысына көпшіліктің наразалығы бар. Себебі, ауырып емханаға барған тұрғынның көпшілігі қалаған қызметін ала алмай, ақылы дәрігерлік көмекке жүгінуге мәжбүр. Міндетті сақтандыру қорында еңбек ететіндердің еңбекақысының тым жоғары екендігіне де наразылықтар айтылып қалады. Келешекте қордың қызметіне өзгеріс жасау керектігін көріп отырмыз. Екінші мәселе - еліміздің аумағы үлкен болғандықтан шалғай аймақтардағы тұрғындарды медициналық көмекпен қамту үшін алдағы екі жылда бұған дейін медпункті болмаған 650 дәрігерлік бөлімше салынады. Сондай-ақ, отыздан аса көпбейінді медициналық орталықтар ашылады. Жақын күндері фейсбук парақшасынан Атырау облысы Құлсары қаласындағы жаңа емханада бір ғана дәрігердің қабылдайтыны, оған кезектің тым көптігіне наразылықты оқыдым. Осындай жағдай тіпті қаланың өзінде де байқалады. Себебі, дәрігер маман тапшы. Сондықтан салынған дәрігерлік емхана-ауруханаларға дәрігерлер, замануи құралдармен жұмыс жасай білетін кәсіби білікті маман керек. Жолдауда осы мақсатқа медициналық оқу орындары жанынан клиникалар ашылатындығын атап өтті. Бұл медуниверситеттердегі студенттердің сапалы дайындалуына да ықпал ететін жақсы үрдіс болады. Сонымен бірге, резидентураға бөлінетін грант саны да 70 пайызға өседі. Президент «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақалды айта отырып, мектепке дейінгі тәрбие мәсеселіне де көңіл бөлді. Соңғы жылдары мектеп педагогтарының жалақылары едәуір өссе де, балабақша тәрбиешілерінің жалақысының аздығы қоғамда жиі айтылып жүрген болатын. Ол туралы депутаттық кездесулерде де ұсыныстар айтылады. Әр үйдің бір еркесімен жұмыс жасаудың қиындығы да аз емес.  Елдің келешек елжанды азаматының мінез-құлқы балабақшада қалыптасатындығын ескерсек, тәрбиешілер сапасы да назардан тыс қалмауы шарт. Алдағы кезде тәрбиешілердің аттестаттаудан өтуі осындай талаптан туындайды. Жолдаудағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы алдағы уақытта орта білім мәселесін оңтайлы шешудегі басты жұмыстың бірі болмақ. Тек қана мектеп педагогының жалақысы өсіп қана қоймай, олардың жұмыс орны, ал балаларымыздың білім алатын мектебінің заманауи жайлы болуы болуы да маңызды. Мысалы, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ашылған Binom мектептері осындай үлгімен салынған. Атырау қаласында да осы мектеп құрылысы басталған. 2025 жылға дейін осы типтес жайлы мектептермен 800 мың оқушы қамтылатын болады. Ол білім сапасын жақсартып, оқушылардың қауіпсіз ортада білім алуына ықпал етеді. Атырау университетінде келешек мұғалімдер сапасын артытру, ерте кәсіби баулу мақсатында өткен жылы «Ұстаз» ұлдарға арналған мектебі ашылды. Биыл алғашқы 38 түлек осы мектепті аяқтап, оның 87 айызы мемлекетті кбілім грантын алды. «Ұстаз» мектебі түлектері педагогикалық мамандыққа ерте бастан машықтануымен қатар, мектептерге ер мұғалімдердің келуіне де үлесін қосады деп санаймыз. Педагогтардың құзыреттілігі мен аккредитациялау мәселесі де қоғамда айтылып жүр.  Ұстаздардың статусы анықталды, жалақысы  өсті. Осыған орай кейінгі жылдары педмамандықтарды таңдаған студенттер саны да көбейіп келеді. «Алтын белгі» иегерлерінің ұстаздық жолын таңдауы қуантады. Мұның бәрі келешекте сапалы ұстаздардың мектепке келуіне оң ықпалын тигізеді. Биылғы жаңа оқу жылының қарсаңында ата-аналар арасында әлеуметтік желіде мектеп формасы үлкен мәселе болып көтерілді. Оған да президент өз ойын айтты. Мектеп формасын қолжетімді ету және оны отандық кәсіпорындарда тігіп шығарудың екі жақты пайдасы бар, ол ата-ана үшінде, кәсіпкер үшінде тиімді болады. Менің ойымша, мектеп формасын тігуде оқу орындары жанындағы дизайн мамандықтарының базасын пайдалану немесе жоода оқу-тігін шеберханаларын ашу арқылы да жолға қойса екіжақты тиімді болар еді. Қазақ және орыс тілі туралы да Мемлекет басшысы Жолдауда пікірін білдірді. Бірнеше тілді меңгеру заман талабы, оған талас жоқ. Соңғы кездердегі статистикаға қарасақ, орыс сыныптарының саны едәуір өскен.  99% қазақтар тұратын Атырау облысында да осы көрініс орын алып отыр. Тіпті орыс сыныбын ашуды талап еткен ата-аналар да бар. Қоғамда орыс тілінің мәселесін туғазып отырған тұрғындардың өздері дер едім. Ұлтымыз қазақ бола тұрып орыс сыныбына баламызды берсек, ұл-қызымызбен, немеремізбен орыс тілінде сөйлесіп отырсақ бұл біз өзіміз жасап отырған мәселе. Алдымен ұлтжандылығымызды, қазақ тіліне жанашырлығымызды әркім өз отбасынан, ұрпағымызға дарытқан ұлттық тәрбиеден бастайық дегім келеді. Қазақ тілімен қатар бірнеше тілді меңгерген ұрпақ өссе - сүйініш. Баланың біліміне бірыңғай есепшоттар ваучерлер мәселесі де айтылды. Ол білімге жұмсалатын мақсатты инвестиция. Жоғары оқуға грант бөлу келешекте ҰБТ нәтижесіндегі көрсеткішке қарай сараланатын болады. Алдағы уақытта білім алуға жеңілдетілген несие қарастыру да айтылды. Бұл келешек мамандығына жастарымызды бір қадам жағындата түседі. Себебі кейде жастарымыз қаражаты болмағандықтан өзі қаламаған мамандыққа түсіп жатады. Биылғы оқу жылында мектеп түлектерінің санының көбеюіне, мемлекет тарапынан гранттар санының артуына да байланысты оқуға түскен студенттер саны өсті. Есесіне Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты мегаполистердегі студент саны артып, жатақханаға сұраныс көбейді. Тіпті үлкен әлеуметтік мәселеге дейін көтерілді. Әрине, салалық министрлік бұл мәселемен айналысты және назардын шығармайды. Дегенменде, келешекте жатақханалар салу мәселесі күн тәртібіне шықты. Біздің Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде  биылғы оқу жылында мәселе реттелсе де, келешекте жайлы жатақхана салу өзекті болып отыр. Себебі, бұрынғы кеңес кезінде салынған жатақхана бүгінгі заманғы жайлы жатақхананың талабына сай келмейді. Осы орайда өңірдегі байырғы және бірден-бір көп саласы университетке жергілікті меценаттардан қолдау қажет деп едім. Конструктивті ұсыныстарды бірге кеңесуге біз дайынбыз. Мақсат бір – ол қоғамға адал қызмет ету, елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау, кемел тұлға болатын ұрпақ қалыптастыру.

Саламат ИДРИСОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Басқарма төрағасы – ректор, «Amanat»  партиясынан Атырау облыстық мәслихаты депутаты