Мұсылман қауымына ортақ мұра
Мұсылман қауымына ортақ мұра
«Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығында Мы­сыр елінен арнайы әкелінген Әл-Асхардың сирек қолжазбалар қо­рын­дағы ғылыми еңбектер мен қол­жазбалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға Мысырдағы Әл-Азхар Ислам зерттеулер академиясының бас хатшысы, профессор Назир Мұхаммед әл-Назир Аяд, Қазақстанның Египет Араб Респуб­ликасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф қатысты. Профессор Назир Мұхаммед әл-Назир Аяд құттықтау сөзінде бұл еңбектің барша мұсылман қауымына ортақ мұра екенін атап өтті.
«Аталмыш қолжазбалар жинағы барша мұсылман үшін құнды жәдігер деп есептеймін. Өйткені, оның мазмұны ислам және араб өркениетінің көп жылдық даму жолын, құнды мұрасын қамтиды. Әл-Азхар Ислам зерттеулер академия­сының осы үлкен еңбегіне бірнеше ғылым саласындағы ғұламалардың 55 мыңға жуық құнды қолжазбасы енді. Араб тіліне, ислам дініне, медицина, астрономия, физика және басқа да салалар бойынша асыл деректер бар. Қолжазбалар жинағының ерекшелігі – нақты бір аймақтың ғана авторларын қамтымай, әртүрлі бағытта ізденген, жазған ғұламалардың еңбектерін жинақтады. Исламда түрлі ағымдар, бағыттар бар, соның әрқайсысының өкілдерінің, ізбасарларының жұмысын қамтыды. Сондай-ақ, осы каталогта Орталық Азиядан шыққан ғұламалардың да қолжазбалары бар. Сол себепті оның ғалымдар үшін де пайдасы мол. Көптомдық еңбекті Әл-Азхар ғалымдары көп жылдар бойы құрас­тырды. Мұның ғылыми әрі діни мәні зор», – деді ол.
Салтанатты жиында Ислам зерттеулер академиясының бас хатшысы «Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығына осы еңбектің 28 томын сыйға тартты. кітап Ұлттық орталық ғалымдары болашақта қолжазбалар жинағының мазмұнын зерттеп көрмек. Қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты тың мәліметтер болса, екі ел ғалымдары арасындағы меморандум аясында Әл-Азхар өкілдері бізге қажетті қолжазбаның толық, яки белгілі бір бөлімінің көшірмесін беруге даяр екенін айтты. Әрі Ислам зерттеулер академиясының профессорлары отандық ғалымдарға бірлесіп зерттеулер жасауға ұсыныс білдірді. Шараға жиналған еліміздің ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері Мысырдағы әріптестерінің ғылыми тартуын жоғары бағалап, алғысын білдірді.

Асыл ТҰМАР