«Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығында Мысыр елінен арнайы әкелінген Әл-Асхардың сирек қолжазбалар қорындағы ғылыми еңбектер мен қолжазбалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға Мысырдағы Әл-Азхар Ислам зерттеулер академиясының бас хатшысы, профессор Назир Мұхаммед әл-Назир Аяд, Қазақстанның Египет Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф қатысты. Профессор Назир Мұхаммед әл-Назир Аяд құттықтау сөзінде бұл еңбектің барша мұсылман қауымына ортақ мұра екенін атап өтті.
«Аталмыш қолжазбалар жинағы барша мұсылман үшін құнды жәдігер деп есептеймін. Өйткені, оның мазмұны ислам және араб өркениетінің көп жылдық даму жолын, құнды мұрасын қамтиды. Әл-Азхар Ислам зерттеулер академиясының осы үлкен еңбегіне бірнеше ғылым саласындағы ғұламалардың 55 мыңға жуық құнды қолжазбасы енді. Араб тіліне, ислам дініне, медицина, астрономия, физика және басқа да салалар бойынша асыл деректер бар. Қолжазбалар жинағының ерекшелігі – нақты бір аймақтың ғана авторларын қамтымай, әртүрлі бағытта ізденген, жазған ғұламалардың еңбектерін жинақтады. Исламда түрлі ағымдар, бағыттар бар, соның әрқайсысының өкілдерінің, ізбасарларының жұмысын қамтыды. Сондай-ақ, осы каталогта Орталық Азиядан шыққан ғұламалардың да қолжазбалары бар. Сол себепті оның ғалымдар үшін де пайдасы мол. Көптомдық еңбекті Әл-Азхар ғалымдары көп жылдар бойы құрастырды. Мұның ғылыми әрі діни мәні зор», – деді ол.Салтанатты жиында Ислам зерттеулер академиясының бас хатшысы «Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығына осы еңбектің 28 томын сыйға тартты.
Асыл ТҰМАР