Рим Папасы Франциск елордаға сапармен келді. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында қарсы алды. Кездесу рәсімі барысында мемлекеттер басшылары бір-біріне екі елдің делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Қазақстан Президенті мен Католик шіркеуінің басшысы президенттік терминалдың Каминді залында қысқаша әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға келуге шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғыс айтты.
– Бұл оқиғаның тарихи маңызы бар екені сөзсіз. Сіздің сапарыңыз, ең алдымен барша қазақстандықтың назарын аударатынына кәміл сенемін. Сіздің сапарыңыздың аясында мемлекеттік аппараттың, азаматтық қоғамның, дипломатиялық корпустың және БАҚ-тың өкілдері қатысатын іс-шара өтеді. Барлығы Сіздің сөйлейтін сөзіңізді асыға күтіп отыр. Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуыңыз – зор маңызы бар оқиға. Сіздің шараға арнайы қатысуыңыз аталған форумның табысты болуына үлкен септігін тигізеді. Жиын қазіргі әлемдегі күрделі кезеңде, дағдарысты жағдайда өтіп жатыр деуге болады, – деді Президент.Мұнан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Рим Папасы Францискпен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Католик шіркеуінің басшысына ілтипат білдіре отырып, Қазақстанға келгені үшін ризашылығын білдірді.
– Сіздің Қазақстанға, жалпы айтқанда, Орталық Азия аймағына алғашқы апостолдық сапарыңыз менің отандастарымды қай дінді ұстанатынына қарамастан зор қуанышқа бөледі. Сіздің бұл сапарыңызды қайырымдылық пен әділдік жолындағы рухани көшбасшылықтың жарқын үлгісі ретінде бағалаймын. Қасиетті Иоанн Павелдің Қазақстанға жасаған тарихи сапары 2001 жылы қыркүйекте, сол жылғы 11 қыркүйекте бүкіл әлемді ауыр күйзеліске түсірген АҚШ-тағы террорлық актіден кейін болды. Оның символдық мәні зор еді, – деді Мемлекет басшысы.Өзара сенім мен құрмет көрсету жағдайында өткен кездесуде Мемлекетіміздің басшысы мен Рим Папасы конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты, Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастықтың даму перспективаларын ілгерілетудің өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ қазіргі заманның сын-қатерлері жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рим Папасы Франциск азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы мен Рим Папасы келіссөз жүргізгеннен кейін «Қазақстан» орталық концерт залында азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың игілігі жолындағы Понтификтің қажырлы және табанды күш-жігерін қолдады.
– Сіз Қазақстанға адамзат тарихындағы бетбұрыс кезеңінде келдіңіз. Түрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерінің бейбітшілік, әлеуметтік үйлесімділік және өзара қолдау көрсету жолында адамдарды біріктіру үшін даналық пен күш-қуат көрсететін уақыты жетті деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына негізделген өзіндік этносаралық және дінаралық келісім моделін қалыптастырғанын атап өтті.
– Бүгінде Орталық Азия елдері арасында католик қауымының ең көп өкілі Қазақстанда тұрады. Христиандар басқа діндарлармен бірге төзімділік пен өзара құрмет үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құруға зор үлес қосып келеді, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу Қазақстанның әлемдегі келісім мен диалогты қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерінің бір көрінісі екеніне назар аударды.
– Съезд алғаш рет 2003 жылы шақырылған уақыттан бері адамдардың әралуандығына қарамастан оларды жақындастырудың жақсы үлгісіне айналды. Тек диалог, адамдардың бауырмалдығы мен сыйластығы ғана бірге бейбіт өмір сүруге және толеранттыққа жол ашатынына кәміл сенемін. Осы ретте мен Қасиетті Тақтың Съезд жұмысына өлшеусіз үлес қосып, кең қолдау көрсеткенін жоғары бағалаймын, – деді Мемлекет басшысы.Президент сөзін қорытындылай келе, Съезге католик шіркеуі басшысының қатысуы шараның табысты өтуіне ықпал етіп, бүкіл әлемдегі католиктердің жүрегіне қуаныш пен шаттық ұялататынына сенім білдірді.
– Сіздерде «Береке басы – бірлікте» деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ Қазақстанды көпұлтты, мультимәдениетті, көпконфессиялы бірегей мекенге айналдырды және бұл мемлекеттің Кездесулер елі деген ерекше атына сай келеді, – деді Понтифик.Католик шіркеуінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда өлім жазасын алып тастау жөніндегі шешімін қолдады. Оның пікірінше, бұл әрбір тұлғаның үміт етуге құқығы жолындағы адам өмірінің құндылығын растайды. Рим Папасы қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында аса қажет диалогқа қолдау көрсету үшін дипломатиялық күш-жігерді жандандыруға шақырды.
– Араздықты шиеленістірмеуді үйренетін, блоктардың бір-біріне қарсылығын күшейтуді тоқтататын уақыт жетті. Бізге халықаралық деңгейде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен диалогқа ықпал ете алатын және «Хельсинки рухын» қайта жандандыратын, мультилатерализмді нығайтуға ұмтылатын, өскелең ұрпақ үшін тұрақты әрі бейбіт әлем құратын көшбасшылар керек. Бұл үшін бәрімен түсіністік, төзімділік және диалог қажет. Қайталап айтамын, бәрімен! – деді Рим Папасы Франциск.Понтифик қарусыздану, ядролық қаруды таратпау, экономиканы көміртегінен арылту және энергияның баламалы көздеріне инвестиция құю жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.
– Дінаралық диалог орнату ісімен қатар мұның бәрі адамзаттың ортақ болашағы үшін егілген үміт дәні. Қасиетті Тақ осы жолда сіздерді қолдайды, – деді Рим Папасы.Католик шіркеуінің басшысы сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдіріп, елімізге бейбітшілік пен бірлік тіледі. Жиын соңында Қазақстан Президенті Понтификке жылы лебізі мен елімізге деген құрметі, сондай-ақ мазмұнды сөзі үшін алғыс айтты.