«AMANAT» партиясының Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 40 күндік ауқымды ақпараттық марафоны аяқталды. Мобильді топтар 425 ауылда 250 мың адамды қамтыды. Басты мақсат – ауыл тұрғындарына табысын, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашатынын атап өткен болатын.
«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деп атап өтті Президент.«Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі – ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу.
«Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл халықтың жалпы санының 41 пайызы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38 пайыз. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тырысамыз. Жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру үшін кең ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өткіздік. Мобильді топ құрамындағы бапкерлеріміз 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында республикадағы 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамтыған кездесулер өткізді», – деді ол.Шығыс Қазақстан облысы Новопокровка ауылындағы көпбалалы ана Мушахира Төлебаева жобаға үлкен үміт артып отыр.
«Жылыжай шаруашылығым бар. Онда қияр, қызанақ және тағы басқа көкөніс өсіреміз. Алайда биыл құрғақшылық болды. Жаңбыр жауған жоқ. Бақшаны ауызсумен суарамыз. Су жинап жатқан кезде ауыл тұрғындары сусыз қалады. Жылыжайға үнемі күтім қажет болғандықтан, кейде тіпті ішерге су таппай қаламыз. Былтыр 520 мың теңгені құрайтын грант ұтып, сол қаражатқа тамшылатып суару таспасын сатып алдым. Кейін шағын консервілі цех ашу идеясы пайда болып, тағы да грант ұттым. Арнайы бизнес-жоспар құрдым. Алайда қайда барып, кімнен не сұрау керегін білмейсің. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібімді әрі қарай дамыта аламын деп ойлаймын», – деді ауыл тұрғыны.Партиялықтар атап өткендей, 2019 жылдан бастап табысты арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан Жамбыл облысының оң тәжірибесі ауыл тұрғындарын бағдарламаға қатысуға ынталандыруы тиіс. Мәселен, осы өңірге республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінді. Жобаға қатысуға 11 ауылдық округ іріктелді. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге қысқарып, аталған ауылдарда орташа айлық табыс мөлшері 1,7 есеге ұлғайған. Жұмыссыздар саны 36 пайызға азайды. Микрокредиттер бойынша 60 күннен астам мерзімі өткен төлемдер болмады.
«Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 пайызы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау. Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – деп атап өтті партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.Мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі. Ол үшін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауыл, ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам білімін жетілдірді.
«Кооператив құру және өткізу тізбегін қалыптастыру бойынша тренингтер өткізілді. Тұрғындарға жекелей жұмыс істей алатынын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативіне біріге алатынын түсіндірдік. Бұл қадам шығынды азайтады. Мысалы, жемді нарықтағы бағадан 40-50 пайызға арзан бағамен сатып алуға болады. Жер жырту, қоқыс шығару кезінде де арнайы техниканың қызмет құны төмендейді. Кооперативтер техниканы лизингке оңай ала алады. Облыс әкімдіктері кооперативтерге кәсіби агрономдардың, ветеринарлардың, механизаторлар мен зоотехниктердің қатысуын қамтамасыз етеді», – деді жобалық кеңсе хатшылығы басшысының орынбасары Ақмарал Бекмұрзаева.Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Ақтау ауылдық округінің әкімі Нұрсейіт Белгин алған білімін іс жүзінде қолданып үлгерген.
«Ауданның әлеуетін, қандай өндірісті іске қоса алатынымызды айқындадық. Нәтижесінде, тұрғындардың бірі өз қаражатына таза ауызсу цехының құрылысын бастады. Жұмыс аяқталғаннан кейін ол облыс және жақын шетел тұрғындарын сапасы жоғары таза ауызсумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Өндіріс орны Ақтау ауылында тіркелді. Осылайша, ауылдың салық базасы кеңейеді. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», – деді ол.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл сәуірде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейін бағдарламасы» бекітілді. Ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген несие алуына, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек алуына мүмкіндік пайда болады. Осы бағдарлама аясында партия Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырып жатыр.