Әлемдік дәстүрлі дін көшбасшылары бас қосты
Әлемдік дәстүрлі дін көшбасшылары бас қосты
328
оқылды
Кеше Нұр-Сұлтан қаласы­ның «Бейбітшілік пен келі­сім» сарайында Дәстүрлі және әлемдік діндер лидер­лері съезі Хатшылығының басқосуы өтті. Оған дүние­жүзінің 50 елінен 100-ден ас­там делегация, оның ішін­де ислам, христиан, будди­зм, иудаизм, индуизм, дао­сизм, зороастризм, синто­и­зм, сондай-ақ саяси және қо­ғам қайраткерлері, ха­лық­ара­лық ұйымдардың өкіл­дері келді. Сондай-ақ атал­ған шараға қазақстандық тілшілер қауымынан басқа, 60 шетелдік БАҚ-тың 230-дан астам өкілі қатысты. Жиын­ды Парламент Сенаты­ның Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лері Съезі Хатшылығының бас­шы­сы Мәулен Әшімбаев ашып, жүргізіп отырды.
«Биылғы Съезд әлем үшін тарихи және бірегей оқиғаға айналады десек, артық бола қоймас. Ең алдымен, бұл коронавирус пандемиясы басталғалы бері алғаш рет өткізіліп отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі. Індет кезінде бізге диалог пен тікелей қарым-қатынас жетіспегені сөзсіз. Съезд рухани көшбасшыларға тікелей сұхбат құруға, дінаралық және өркениет­аралық диалогты нығайтудың маңызды мәселелерін бірлесіп қарауға, сондай-ақ, әлемді алаңдатқан өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылауға үлкен мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев съезд хатшылығының ХХ отырысында.
Астанада осымен жетінші рет ұйымдастырылып жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аса күрделі кезеңге тап келді: әлем жұртшылығы пандемия, қақтығыстар, санкция­лар, климаттың өзгеруі және басқа да жаһандық мәселелер әсерін сезініп отыр. Геосаяси шиеленіс­тер ушығып келеді. Пандемиядан туындаған экономикалық және әлеуметтік проблемалар, адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендеуі, мәжбүрлеп оқшаулау наразылық пен қарсылықтың өршуіне себеп болды. Пандемия теңгерімді экономикалық және технологиялық даму, қоршаған ортаны сақтау, әлеуметтік, гендерлік және цифрлық теңсіздікті төмендету мәселелеріне жаңаша қарауға мәжбүр етті. Осы жағдайда аталған форум халықаралық қоғамдастыққа маңызды белгі жіберіп, диалогқа, қайшылықтарды жеңіп, қақтығыстарды тоқтатуға және бейбітшілікке қол жеткізуге шақырады. Съездің тақырыбы «Әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы рөлі» ретінде белгіленді. Оның аясында діндердің рухани және адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы, білім беру мен дінтанудың діндердің бейбіт өмір сүруіне ықпал етудегі, әсіресе діни негіздегі экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылдағы рөлі және әйелдердің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі туралы мә­селелерді қамтитын төрт секция­лық отырыс ұйымдастырылады. Хатшылықтың ХХ отырысында сөз сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда ғана әлемде береке орнайтынын атап өтті. ҚМДБ төрағасы ислам дінінің жауласқанды жарастыру, дауласқанды достастыру, таласқанды татуластыру бағытындағы рөлі өте жоғары екенін жеткізді.
«Жер шары – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын, ренжітпесін» деген өсиеті бар. Ислам ғұламасы Жәлеледдин Руми: «Шоқ қай жерге түссе де мені күйдіреді» деген болатын. Шынында, шоқ жер шарының қай тарапына түссе де, бәрімізге өз зиянын тигізбей қоймайды. Жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың қажеттілігі. Бұл – ортақ келісім мен өзара түсінік аясында орындалатын іс. Кез келген келіспеушілік жағдай келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі ләзім», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ аталған шарада Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Аль-Азхара ислам зерттеу академиясының Бас хатшысы Нәзір Мұхаммед Мұхаммед әл-Нәзір Аяд, Моңғолия Будда орталығының да ламасы Хунхур Бямбажав, тағы басқалары сөз сөйледі. Отырыс соңында Сенат төра­ға­сы – Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Хатшылықтың келесі ХХІ отырысы 2023 жылдың қыркүйек айында VIII съезі 2025 жылы елордада өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ хатшылық отырысының хаттамасы қабылданып, съезде қабылданатын Декларация жобасы мақұлданды. Одан бөлек, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне орай еліміздің мол мәдени-әдеби мұрасын насихаттау мақсатында бірқатар іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Осы күндері аралығында «Ұлы дала сазы» атты этнофестиваль өтеді. Оны «Бәйтерек» монументі жанында бой көтерген этноауылда тамашалауға болады. «Бейбітшілік және келісім» сарайында көркемөнер көрмелерінің топтамасы ұсынылады. «Астана Опера» театрында «Бірлік алуан түрлілікте» атты концерт өтеді. Сондай-ақ «Астана сазы» фольклорлық ансамблінің, домбырашылар тобының және «Астана Балет» театрының, «Наз» мемлекеттік би театрының өнерпаздары өнер көрсетеді. Одан бөлек, Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Жас Абай» спектаклін көруге болады. Астаналық цирк те өз бағдарламасымен көпшілікті тәнті етеді. Онда «Барыс» жылқылар акробатикалық ансамблінің, Duo Love story гимнастарының, акробаттардың, эквилибрис­тердің, үйретілген иттердің көрі­ніс­терін тамашалауға болады.