Көші-қонға көзқарас өзгереді
Көші-қонға көзқарас өзгереді
© коллаж: Әсел Балтақызы
551
оқылды
Қазақстан жаңа мигра­циялық саясатты қа­был­дамақ. Оның біраз жа­ңа­лығы бар. Енді мемлекет ұлтына қарамастан білімді, дарынды жастарды шетел­ден тартуға маңыз береді. Бұған дейін шетелдегі қа­зақ жастарын тартуға екпін тү­сірілген. Сондай-ақ биз­нес иммиграциясын ынта­лан­дырады, 100 ірі брендті ре­локациялауға күш са­ла­ды. Елге қомақты инвес­ти­ция салғандарға «алтын виза» берілуі мүмкін. Қан­дастарға көзқарас та өз­ге­реді деп жатыр. Саланы қан­дай ре­формалар күтіп тұр? Қандастар мәселесі қамықтырады Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің ха­барлауынша, 1 қыркүйектегі жағ­дай бойынша биыл 11 165 этни­калық қазақ тарихи Отанына ора­лып, қандас мәртебесін алды. Ал 1991 жылдан бері жалпы саны 1 миллион 99,1 мың этникалық қазақ оралыпты. Биыл атажұртқа асыға жеткендердің көбі Өзбек­станнан келді. Тағы 10,5 пайызы – ҚХР-дан, 7,1 пайызы –Түрік­мен­станнан, 4,6 пайызы – Моң­ғолиядан, қалған 8,3 пайызы басқа елдерден көшті. Еңбек министрлігінің дере­гінше, сырттан келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,8%), Маңғыстау (17,2%), Түркістан (9,4%) және Жамбыл (6,8%) об­лыстарында, сондай-ақ Алматы (5,9%), Нұр-Сұлтан (7,5%) және Шымкент (7,6%) қалаларында қо­ныстануды қалайды. Яғни, жат­жұрттарда қазақы дәстүрді, тілді сақтап қалған қазақтар елге ора­лып, орыстанған солтүстік, орта­лық, шығыс өңірлерді қазақы­ландыруға үлес қосады деген үміт ақталмады. Сарапшылар оның орнына қандастардың өзі елге проблема тудырғанына қынжылыс білдіріп жүр. Бұл мәселе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде де кө­терілген болатын. Ведомство қандастар ара­сында білікті, жоғары білімді мамандардың тым аздығына на­зар аудартады: небәрі 12,3%-ы ғана жоғары білімді. 38,9%-ы арнайы орта білімге ие. Үлкен бө­лігі – 47%-ы тек мектеп бітірген. 1,7%-ының орта білімі де жоқ. Салыстыру үшін министрлік мына статистиканы келтіреді: 2011-2022 жылдары Қазақстаннан көшіп кеткендердің көбі – 38%-ы жоғары білімді, білікті азаматтар. Тағы 34%-ы – колледж бітіргендер. Бұл жерде олар қазақ тілін білгісі келмей, Ресейге кетіп жатқан орыстар деген жаңсақ пікір қалып­тасқан. Шынында, жоғары білікті, ауқатты қазақтар да Түркияға, АҚШ-қа, Еуропаға, Грузияға, Ре­сейге лек-лекпен көшіп кетуде. Жалпы алғанда, жоғары және тех­никалық-кәсіптік білімі бар 367,1 мың адам шетелге тұрақты тұруға кетіп қалған. Оның ішінде 74,3 мы­ңы ғана репатриациялану мақ­сатында тарихи Отанына қайтқан. Қоныстанушы ел қуатын еселесін Сондықтан жаңа көші-қон саясаты аясында қандастардың қазағы аз, жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстануына басым­дық беріледі. Бұл жұмыс пилоттық жоба аясында біраздан қолға алынуда. Бірақ ынта-ықылас біл­дірушілер шамалы: биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жа­ңа алгоритмге сәйкес Түрік­менстаннан келген 741 этникалық қазаққа тұрақты тұру үшін нақты өңірді көрсете отырып, тиісті ви­залар беріліпті. 45 адам бәрібір Маңғыстау облысын таңдаған. Оларды солтүстік өңірлерді таң­даса, отбасының әр мүшесіне көшуге 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем (2022 жылы – 222,6 мың теңге) төлене­тіні, үй жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын 1 жыл мемлекет көтеретіні де қызық­тырмаған. Қандастар қазағы аз өңірде орыс тілінде сөйлеп, орыстануға тура келеді деп қорқатыны мәлім. Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжы­рымдамасында қандастарға және босқындарға консультациялық, ақпараттық, аударма, білім беру қызметтерін ұсыну үшін бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын ашу жоспарланған. Мұндай бе­йімдеу орталықтары Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында құрылады. Құжатта қандастарға, босқын­дарға, релоканттарға ел аумағын­да төл бизнесін дамытуға жәр­демдесу шаралары пысықталатыны көрсетілген.
«Президент тапсырмасын орындау мақсатында жаңа тұ­жырымдама аясында қандастарды тарихи Отанында қабылдау және жайғастыру саясаты қайта қара­латын болады. Құжаттарды қабыл­дау кезеңінде қандастың орнала­сатын жерін айқындау тетігі ен­гізіледі. Ол сол өңірде 5 жыл бойы тұрақты тұрған соң ғана аза­маттықты беру, сол арқылы еңбек күші тапшы өңірлерге көшуге ынталандыру шаралары қабыл­данады. Бұл тәсіл отандастардың жергілікті қоғамға интеграциялану процестерін реттеу және олардың әлеуетін ұлттық экономиканың қажеттіліктеріне сай пайдалану үшін тиімді», – деп түсіндірді Еңбек министрлігі.
Өз елінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және олар­ды Қазақстанда жүзеге асыруға ниет білдірген шетелдегі қандас­тарға Қазақ картасы беріледі. Оның иесі елге еркін кіру, бизнес ашу, мүлікке иелік ету мүмкіндігіне ие болады. Қазақ картасы иегер­леріне жыл сайын «Парыз» кон­курсы аясында Президенттік сыйлық беріледі. Елде кадр тапшылығы ушыға түспеуі үшін жаңа саясат аясында өзге мемлекеттерден білікті, бі­лімді азаматтарды тартудың ке­ң­ауқымды науқаны басталмақ. Құжатта ол білім иммиграциясы, еңбек иммиграциясы және бизнес иммиграция деп үш бағытқа жіктелген. Жаңа саясаттың үш тағаны Салалық ведомствоның түсін­діруінше, біріншіден, білім имми­грациясы аясында Қазақстанды бір жағынан, оқушы жастарға, магистранттарға, докторанттарға, ал екінші жағынан, профессорлар-оқытушылар құрамына, ғылыми қызметкерлерге тартымды етіп, өңірлік білім беру хабына айнал­дыру көзделген. Осы бағытта сұ­ранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік шетелдік оқытушыны және сұранысқа ие техноло­гия­ларды игерген ғалымдарды Қа­зақстанға тарту шаралары қабыл­данады. Оларға кейіннен Қазақ­стан азаматтығын алу құқығын ұсына отырып, 10 жылдық «ғылы­ми-педагогикалық виза» беріледі. Ұлтына қарамастан, шетелдік дарынды жастарды отандық ЖОО-лар мен колледждерге тар­ту мақ­сатында шетелдік оқу­шы­ларға арналған гранттар саны ұлғай­тылады, солар үшін түсу емтихан­дарын өткізу мерзімдері өзгерті­леді. Мұның сыртында қа­зақ­стан­дық университеттер қа­былдау комиссияларын Орта­лық Азия елдеріне барып, сонда ұйым­дас­тырады. Нәтижесінде, елдегі сту­денттердің жалпы са­нын­дағы шетелдік шәкірттердің үлесі 2022 жылғы 4,9%-дан 2027 жылы 10%-ға дейін екі еседей ұлғайтылады. Екіншіден, Бизнес-имми­гра­ция бағытында өз бизнесін Қа­зақстанға көшіретіндерге жеңілдік, преференциялар берудің қолже­тімді тетіктері әзірленеді. Оларға қарастырылған қолдау шаралары «бір терезе» қағидатымен орта­лықтанады, цифрланады. «Алтын виза» аталатын инвестициялық визаны беру жолға қойылады. Тұжырымдамада келесі жылы – 5, ал 2027 жылға қарай 40 визадан беріп отыру жоспарланған. Қазақстан экономикасына бөліп-бөліп емес, бір мезгілде 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнес үшін ин­вестициялық және іскерлік виза­лар беріледі. Мұндай виза елде 10 жыл еркін тұруға мүмкіндік береді. Виза иесі Қазақстанда бизнесін тіркеп, мүлікке иелік етіп, қар­жылық операцияларды жүргізе алады. Шетелден атақты бренді бар үздік 100 бизнесменді тарту қарасты­рылған. Оның ішінде тұ­тастай зияткерлік қызметке негіз­делген креативті индустрияны (эко­номиканың төртінші сек­торын) дамытуға басымдық берілмек. Үшіншіден, Еңбек имми­гра­циясы бағытында Қазақстанды көрінген босқынның, өз жерінде орнын таба алмаған келімсектердің емес, ең алдымен майталман мамандар, білікті еңбек ресурстары үшін тартымды мемлекет ретінде қалыптастыру жоспарланған. Сондықтан «Құнды дағдыларға арналған виза» деген жаңа түрі енгізіледі. Министрліктің мәліме­тінше, бұл виза ғылым, білім, ден­саулық сақтау, өнеркәсіп, IT, спорт және мәдениет салаларындағы бағалы кәсіби мамандарға беріледі. Виза аясында оларға түрлі же­ңілдік, тұруға ықтиярхат ұсыны­лады. Бұдан бөлек, елімізде автор­лық мектептерін ашуы үшін жағ­дай жасап, өнер, спорт, әдебиет саласында 100 шетелдік шеберді Қазақстанға әкелу жоспарлануда. Жалпы, жергілікті кадрларды даярлау аясында үш жыл бұрын Үкімет шетелдік жұмыс күшін азайтып, қатаң квоталауға көшті. Жұмыс берушілерге шетелден тек басшылар мен мамандарды шақы­руға рұқсат етілді. Осы кезеңде жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 36,4 млрд теңгеден астам қаражат төлепті. Бүгінде Қазақстан аумағында 16 027 шетелдік басшы мен маман қызмет етеді. Қарапайым жұмысшыларды тарту құқығы жеке тұлғаларға берілді. Мысалы, бай қазақтар шетелден аспаз, бала бағушыны, үй күтушісін, бақшашыны, сәу­летші-құрылысшыларды ша­қы­ратыны мәлім. Ресми мәліметке жүгінсек, үй шаруашылықтарында еңбек етуге келген шетелдік ең­бекшілерге былтыр 1 млн 618,9 мыңнан астам рұқсат берілді. Олар ел бюджетіне 29,9 млрд теңгеден астам жеке табыс салығын төледі. Қорыта айтқанда, Қазақ­стан көші-қон саясатын да жаңаша құ­руға күш салмақ. Одан не шыға­тынын өмір көрсетеді.