Ақмола облысында 33 жастағы ер адам қорада алтын өндірген
Ақмола облысында 33 жастағы ер адам қорада алтын өндірген
Фото: yandex.kz
Ақмола облысы Бестөбе кентінде алтын өндіретін жасырын цех табылды. 33 жастағы күдікті қондырғыларды қолдан жасап, қорасында алтын шайған. КТК арнасының мәліметінше, ауладағы сарайда қондырғының түр-түрі тұр. Құрылғылар электр қуатымен жұмыс істейді. Құрамында алтыны бар тасты уату үшін үгіндіні жуып, алтын шыққанша өңдейтін бұл қондырғылардың бәрін үй иесі қолдан құрастырған. Құрамында бағалы металл бар кенді қайдан алғаны белгісіз. Заңсыз кәсіппен қашаннан бері айналысқаны да анықталып жатыр.
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук: «Степногор қаласының полицейлері жасырын цехта кварц кенін өңдеп жатқан Бестөбе тұрғынын ұстады. Қылмыстық іс қозғалып, бағалы металлдың заңсыз  айналысы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Заңсыз цех тәркіленді», – деді.
Бұған дейін Бестөбе кен орнындағы кісі өлімі туралы жазған болатынбыз. Алтын қазып, қаза тапқан Дмитрий Шевченконың ата-анасы «Ұлымның мәйітін қаппен алып келіп, үйдің ауласына тастай қашты» деп жанайқайын айтқан еді.