Тарихи соқпақты жаңғыртатын жорық
Тарихи соқпақты жаңғыртатын жорық
Санаулы күннен кейін «Ұлы дала жорығы» марафоны басталады. Бұл сапарда салт аттылар Арқадан Түр­кістанға дейінгі 1200 шақырымдық жолды жүріп өтеді. Бір кездері бір жұма ішінде жүріп өткен хан Ке­ненің бағытымен қасиетті мекенге бет түзейтіндер 6 бірдей облыс­тың аумағына ат шалдырмақ. Осы орайда айтулы шараға дайындық, оның мән-маз­мұны турасында Ұлытау ­об­лысының әкімі Берік Әбді­ғалиұлымен сұхбат­тасқан едік. – Берік Әбдіғалиұлы, бірер күнде елімізде «Ұлы дала жорығы» атты ма­рафон басталады. Біздің білуі­мізше, марафон үшін әзірленген ба­ғыттың үштен бірі Ұлытау облысының жерімен өтеді екен. Шараға облыс­тың дайындығы қандай? Марафонға қатысушылар қандай тарихи орын­дарға тоқтайды? – Иә, өте дұрыс айтасыз. «Ұлы дала жорығы» марафоны Ұлытау облысының жерімен өтуі тарихи заңдылық. Тарихтан белгілі кезінде Көкшеден бастау алған «Хан жолы» қасиетті Түркістанға дейін жеткен болатын. Аталмыш марафонның Арқа жерінен бастау алып екі дүние есігі саналатын Түркістанға жетіп тоқтау бағыты сол тарихи деректерді жаңғырту болып тұр. Бұл үлкен спорттық шараға облыстың дайын­дығы жоғары. Марафонға қатысу­шылар мен қонақтар есімі алты Алашқа мәлім Алаша хан, Домбауыл кесенелеріне соғып, Жошы хан кесенесіне ат басын бұрады деп жоспарланған. – Марафон жолындағы Алаша хан, Жошы хан кесенелерінің ұлт тарихы үшін маңызы зор екені анық. Дегенмен Ұлытау облысының аума­ғында қола дәуірінен бастап кен өндіріп, мыс балқытқан орындар да бар. Оларды жорық бағытына қосу­дың мүмкіндігі болмады ма? – Ұлытау өңірі – тарихи көне ескерткіштерге бай өлке. Ұлытаудың қойнауы тұнған тарих десек артық айтқаным емес. Ғалымдардың дере­гінше, осы аумақта 3000-ға жуық тарихи археологиялық ескерткіш орналасқан. Ескерткіштердің әр­қай­сысы ел тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық бай­лығы ғана емес, сол елдің кешегісі мен бүгінін саралайды. Сонысымен де оның келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Әрине, әлемге билігі жүрген Шыңғыс хан атының тұяғы тиген бұл жазықта ел тарихына қатысты талай оқиғалар болғаны анық. Солардың ішіндегі ең көнесі және ұлт тарихы үшін маңызы зор киелі орындардың бірі де бірегейі саналатын Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан кесенелері. Жалпы, Қазақстанда кімді де болса қызықтыратын тарихи орын­дар аз емес. Әрине, Ұлытау облы­сының аумағындағы қола дәуірінен бастап кен өндіріп, мыс балқытқан орындар да солардың қатарында. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр­ған марафон биыл осы тарихи орын­дармен жүріп өтсе, келесі жолы бас­қа да бағыттарды қамты­ғанын құп­таймын. Сонда жүз салт аттыға назары ауған жұртшылық мара­фонды тамашалаумен қатар, жаңа тарихи орындар туралы де­ректерге қанығар еді. Яғни, сіз атап отырған көне кен қорыту пештерін келесі жылғы бағытқа қосуға әбден болады. Осыны түсінген ұлытаулықтар жобаны қуана қолдап, қатысу­шы­ларға барлық жағдайды жасауға кірісіп те кетті. Алаша хан, Домба­уыл, Жошы хан кесенелерінің ара­сы да жақын және маңайында елді мекендер орналасқан. Бұл осы ша­бандоздардың аламан бәйгесін жұрт­шылықтың да тамашалап, тұң­ғыш рет қолға алынған ірі жобаның куәсі болуларына да мол мүмкіндік туып тұр. Рухты жігерлендіретін жобаның Ұлытау өңіріне ат басын тіреуі ел үшін үлкен қуаныш, рухани серпіліс берері сөзсіз. – Әдетте мұндай шаралар турис­терді тартуға ықпал ететіні бар. Айталық, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы бүркітшілер фестива­ліне шетелдік туристер көптеп келеді. «Ұлы дала жорығы» солай қызықтыра ала ма? Ұлытау облысы бұл бағытта не ұсына алады? – Иә, бүркітшілер фестивалі бүгінде Моңғолияда кең көлемде аталып өтетін шараның біріне айналған. Олардың саятшылығын қызықтап келетін саяхатшылар да мыңдап саналады. «Ұлы дала жоры­ғы» марафоны да осындай кең кө­лемде танымал, оның өткізілер мер­зіміне қарай әлем жұртшылығы елеңдеп отыратын дәстүрлі шараға айналады деп сенгім келеді. Оның өміршеңдігі өзімізге тікелей байла­нысты. Мысалы, алыс жорыққа аттанған бабаларымызда ат шал­дыру деген ұғым болған. Оның мә­нісі табиғаты әдемі, қонақжай ауылы бар жерде екі-үш күн аялдап, ат ты­нық­тырып, сонымен қатар сол жердің өнерпаздарымен бәсекеге түсе оты­рып, халыққа қызыққа то­лы күндер­ді сыйлау. Міне, осы салт­ты марафон бағдарламасына енгізсе деп ойлай­мын. Белгіленген шақы­рымдарды зулап өте шықпай кемі екі аялдама – думан белгілесе дұрыс болар еді. Ұлытау облысы көмек ретінде осы аялдама-думанның бі­рін өз аума­ғында ұйымдастыра алады. маршрут – «Ұлы дала жорығын» ұйым­дастырушылар марафон бағытындағы 6 өңірдегі 28 елді мекенге түрлі сараптама жасалатынын айтады. Бұл жұмыстар Ұлытау өңірінде қандай елді мекендерді қамтымақ? – «Ұлы дала жорығы» Ұлытау облысының Ұлытау ауданы Алғабас ауылы, Жезқазған қаласының Мал­шыбай ауылы, Алаша хан, Домбауыл кесенелері, Жошы хан кесенесі және Талап ауылын басып өтеді. Ұлт ұясы – Ұлытаудың тарихи жерлері арқылы өтетін ұлы дала жорығына қатысатын шабандоздарға бұл жорық керемет әсер қалдырады деген ойдамын. – Меніңше, марафон ғылыми экспедиция емес, сондықтан оның идеологиялық мазмұнынан гөрі спорттық бағыты басым түсуі мүм­кін. Бұған сіз не дейсіз? – «Ұлы дала жорығы» марафоны жалпы ат спортына үлкен дүмпу беріп, жастардың спорттың осы түріне қызығушылығын оятады деп үміттенеміз. Өйткені атқа міну – салауатты өмір салтының бірден-бір кепілі. Ат спортының төл мәдение­тімізді дамытуға, дәріптеуге қоса­тын үлесі зор екені айдан анық. Басқа елдердің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бізді әлем таниды және спорттық және турис­тік маршруты қалыптасады. Осы сәтті пайдалана отырып, жастары­мызды атқа мініп үйренуге, ат спор­тымен айналысуға және ұлттық спортты дамытуға шақырамын. – Марафон Қазақстанның ұлт­тық брендін қалыптастыруға ықпал етеді деген пікір айтылып жүр. Бұл оймен келісесіз бе? – 12 күндік аламан жарыс, ма­рафон-бәйге еліміздің алты өңірін қамтитын жалпыреспубликалық ат марафоны қазақтың ұлан-байтақ жерін дүр сілкіндіріп, рухын жігер­лендіреді. Жобаны сөзсіз ұлттық брендті қалыптастыруға негіз бо­лары анық. Олай дейтінім, жылқы мен қазақ егіз ұғым. Жылқы қазақ­тың ұлттық сана-сезім, рухани бол­мыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мә­дениет пен өнерінің тұтас бір айы­рылмас бөлігіне айналып кеткен. Әлем ғалымдары жылқыны алғаш қолға үйреткенде Ұлы Даланың байырғы тұрғындары, яғни біздің ата-бабамыз екенін мойындайды. Олай болса, әлем мойындаған тү­сінікті неге ұлттық брендке айнал­дырмасқа?! 1 200 шақырым жолды белгіленген уақыт арасында жүріп өту адамға да, атқа да оңай емес. Мұндай қадамға қазақ тәрізді көшпенділер тарихының иесі болып отырған ұлт қана шыдас бере алады. Бұл дегеніміз осы марафонның өзі ұлттық бренд болуға сұранып тұр­ғанын аңғартса керек.  – Сіздіңше мұндай ауқымды ша­ралардың берері не? – «Ұлы дала жорығы» атты 12 күндік аламан жарыс, марафон-бәй­генің қазақ халқына берері мол тағылымды іс-шара болмақ. Бұл марафон аясында ұлттық салт-дәстүріміз жаңғырады. Әрбір қаным қазақ дейтін ұлтжанды азаматтар сайын далада шапқан ат тұяғының дүбірінен рухтанады. Бұл шара кең даламыздың әрбір тау-тасының, өзен-көлінің тари­хын, киелі жерлерін насихаттайтын және еліміздің оңтүстігі мен сол­түстігін, қиыры мен шығысын жал­ғайды. Туристік бағытты да дамы­тады. Біз осы кең байтақ даланың заңды мұрагеріміз екендігін әлемге паш етеді. Келісемін, «Түбіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін әр қазаққа рухани серпіліс береді. Жоба жастарды жылқы жануарын қастерлеуге, жылқыны күту, баптау, міну сияқты ұмытылған дәстүрлерді үйренуге, сабырлы, жігерлі, батыл да батыр болуға тәрбиелейді. Ұл­тына деген мақтаныш сезімін оята­ды. Яғни, ұлттық код болып сана­латын ат спорты арқылы басқа да ұлты­мыздың салт-дәстүрлеріне жа­қындай түседі. Марафонның ұйым­дастырылуы сонысымен де құнды. – Бұл марафон хан Кененің Арқадан Созаққа жасаған жорығын еске түсірмей ме? Хан Кене Ұлы­таудан Созаққа 5 күнде, кейбір әңгі­мелерде 7 күнде жеткен деседі. – Иә, хан Кененің қысқа уа­қыттың ішінде Бетпақдаланы басып өтіп, жасаған жорығы әскери ма­неврдың шыңы екені рас. Бұл жерде де соған ұқсастық бар. Орташа есеп­пен алғанда күніне 100 шақы­рым жолды бағындыру дегеніміз салт атты адамға оңай емес. Жа­қын­да Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай жерінде 140 шақырым­дық ат жарыс өтті. Осының өзі тек қана біздің ұлт тәрізді түркі тектес халықтардың қолынан ғана келетін әрекет. Яғни, аттан адамның осын­шама алыстап, техникаға, ұшаққа, автокөлікке иек артып кеткен зама­нында атты да көлік ретінде қарас­тыру мәселесі бұл жерде өзінен-өзі күн тәртібіне шығады. Сонда атпен серуендеу немесе атпен саяхаттау шаралары қолға алынатын болса, онда ұшқан құстың қанаты талатын қазақ даласының кез келген бөлігі туризмге сұранып шыға келеді. Өйткені бұл жерде табиғаттың бір әдемілігі болуы тіпті шарт емес, керісінше даланың осынша кеңдігін пайдаланып атпен белгіленген мың шақырымдық болашақта екі мың, үш мыңдық межеге де тәуекел етуге болады. Немесе жастар үшін екі жүз, үш жүз шақырымдық осындай қашықтықтарды бағындыру және сол қашықтықтардың барысында тауларды немесе биік адырларды, орманды жерлерді әдейі қиындық ретінде таңдап, әрі сол жерлерде төзімділікті шыңдауға болар еді. – Әңгімеңізге рақмет!