Президент православие шіркеуінің өкілдерін қабылдады
Президент православие шіркеуінің өкілдерін қабылдады
646
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев православие шіркеуінің өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеулік байланыстар департаментінің төрағасы, Волоколамск митрополиті Антонийді, Қазан және Татарстан митрополиті Кириллді, Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы митрополит Антонийді жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, православие діні Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, православие шіркеуі қоғамда жалпы адамзаттық рухани-адамгершілік құндылықтарды өсіруге және насихаттауға зор үлес қосып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда дәстүрлі діндердің, соның ішінде православиенің дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллге съездің негізгі мақсатын ілгерілетуге жасаған көмегі үшін ерекше алғысын жолдап, оған зор денсаулық пен рухани күш-қуат тіледі. Өз кезегінде православие шіркеуінің өкілдері Патриарх Кирилдің Мемлекет басшысына ізгі тілектерін жеткізді, сондай-ақ оның Қазақстан бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Бас ашкенази раввині Давид Лау мен Бас сефард раввині Ицхак Иосифті қабылдады.  width= Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқаны, сондай-ақ Қазақстанның бұл бастамасын белсенді қолдағаны үшін ашкенази және сефард раввинаттарының беделді басшыларына алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің елімізді ұзақ тарихи кезеңде қалыптасқан діни және мәдени әралуандылық ерекшелендіргенін атап өтті. Қазақстан аумағында ірі әлемдік және дәстүрлі діндердің, соның ішінде иудаизмнің рухани дәстүрлері тоғысқан. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту бағытында дәйекті саясат жүргізіп келеді. Мемлекет басшысы Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екенін атап өтті, сондай-ақ сауда-экономикалық іс-әрекеттер жанданып, мәдени-рухани байланыстар дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айтты. Давид Лау мен Ицхак Иосиф Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайтуға бейілді екеніне, әрдайым діни сенім бостандығын қолдайтынына назар аударып, бұл салада өзге мемлекеттерге үлгі болатынын жеткізді.