Павлодарда ауыл тұрғынымен соттасып, 500 мың теңге талап еткен әкім жеңіліп қалды
Павлодарда ауыл тұрғынымен соттасып, 500 мың теңге талап еткен әкім жеңіліп қалды
© stan.kz
Павлодарда Григорьевка ауылдық округінің әкімі ауыл тұрғынымен соттасып, жеңіліп қалды, – деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Григорьевка ауылының тұрғыны әкім Виталий Бруцкий досына 18 гектар жер рәсімдеген деп әлеуметтік желілерде ақпарат таратқан. Бруцкий мұны жалған ақпарат және қорлау деп,  ақпарат таратушыны сотқа берген. Ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мақсатында моральдық зиян үшін 500 мың теңге өтемақы төлеуді талап етіп, сотқа талап-арыз жазады. Сот әкімнің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар әкімге  ауыл тұрғынының өкілді қызметтеріне жұмсаған шығысын төлеуге міндеттеді. Бруцкий әйелге 250 мың теңге төлеуге мәжбүр. Судья Жанна Машанованың айтуынша, әлеуметтік желілердегі ақпарат рас болып шыққан.
"Виталий Бруцкий жеке тұлға ретінде талап-арыз берді, ал бейнематериалда айтылған сөздер ауылдық округ әкіміне қатысты айтылған", – деді судья.
Әкім бір ай ішінде сот шешіміне шағымдана алады.