Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Парламентаралық одақ төрағасы, Португалия Республикасы Ассамблеясының депутаты Дуарте Пашекумен кездесті. Парламентшілер ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылап, бірлескен іс-шаралар өткізу жөнінде келісімге келді. Е.Қошанов пен Д.Пашеку Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінен алған әсерлерімен бөлісті. Кеше алқалы жиынға Парламентаралық одақтың басшысы да қатысқан болатын. Мәжіліс Спикері Дуарте Пашекуға дінаралық диалогті нығайтудағы Қазақстан саясатына қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.
– Съезд нәтижесі мен декларациясы әлем елдерінің үкіметтері, халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ институттары үшін толеранттылық, өзара құрмет пен бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуде маңызды бағдар боларына сенемін. Кейбір мәселелер Парламентаралық одақтың алдағы іс-шараларының күн тәртібіне де енгізілуі мүмкін, – деді Е.Қошанов.Өз кезегінде Дуарте Пашеку әлемдегі қақтығыстардың көбі діни себептерден туындайтынын айтты. Сондықтан рухани көшбасшылар халыққа діннің жанжалға себеп болмайтынын түсіндіруі керек екеніне назар аударды. – Бұл тұрғыда Қазақстанның және ел Президентінің рөлі айрықша екенін атап өткен жөн. Өйткені сіздің ел түрлі діни ағым өкілдері бейбіт өмір сүре алатынының үлгісіне айналып отыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезд жұмысын жалғастыру және нығайту жөніндегі ұстанымы – бүкіл әлем үшін өте жақсы бастама, – деді Парламентаралық одақтың төрағасы. Тараптар ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылай келе, Парламент Мәжілісі мен Парламентаралық одақ арасындағы байланысты нығайтуға келісті. Әсіресе, экологиялық мәселелердің өзектілігіне ерекше мән берді.
– Қазақстанның экологияны жақсартуға бағытталған реформалары Орталық Азия елдеріне үлгі болады, – деді Д.Пашеку.