Осы жыл халқымыз үшін ауыр басталды. Тәуелсіздік тағдыры талапайға түсіп, қазақ елінің егемендігі сыналған қайғылы жағдай барша әлем жұртшылығын дүр сілкіндірді. Тек Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың қабылдаған батыл саяси қадамдарының арқасында ғана ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алдық. Қаңтар оқиғасы бәрімізге ұмытылмас сабақ болды. Ендігі басты мақсат – болашақты мұндай қасіретке жол бермеу, жалпыұлттық трагедияға ұрындырған алғышарттар мен себеп-салдарды жою, қоғамда қордаланған саяси, әлеуметтік-экономикалық түйткілдерді шешу. Бұлардың барлығы, түптеп келгенде, адамның өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен қауіпсіздігі, бостандығы, өмір сүру сапасы мен деңгейі сияқты конституциялық тұрғыда бекітілген ең жоғарғы құндылықтар мен қағидаттарды қамтиды. Қаңтар қасіреті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауынан, әлеуметтік әділетсіздіктерден, инфляция мен жаппай қымбатшылық сияқты қарапайым көпшіліктің өміріне тікелей қатысты себептерден бастау алғаны жасырын емес. Міне, осы кемшіліктерді жою үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түбегейлі реформаларды жүзеге асыруды қолға алды. Бұл жаңашылдық әлеуметтік-экономикалық және саяси саланы тегіс қамтиды. Әсіресе, сайлауға, бейбіт жиындарға және партияларға қатысты елеулі өзгерістер көп. Мемлекет басшысы осы өзгерістер арқылы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын әділетті мемлекет қалыптастырмақшы. Реформалар негізінде елдің экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, мамандар даярлайтын білім беру жүйесін кәсіпорындардағы сұраныстармен үйлестіру, жұмыссыздықты азайту мақсатында жаңа өндіріс орындарын ашу, ауылдық жерлерде спорт кешендерін салу, тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан, көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселелерді шешу көзделген. Президент реформасы ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Өйткені ол – жаңа дәуірдегі мемлекет тұрақтылығы мен тәуелсіздігінің кепілі. Ол қоғамның гүлденуі мен мемлекеттің ертеңіне деген үлкен үміт ұялатады. Халық бұл жаңашылдықтардан оң өзгерістерді, жаңа лепті сезді. Аталған өзгерістер жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолында саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тың серпін беретіні сөзсіз. Алда келе жатқан Президент пен Парламент сайлауы осы реформалар негізінде жүзеге асырылатын болады.
Жигули ДАЙРАБАЕВ, Қазақстан Фермерлері Қауымдастығының төрағасы