Заң жобаларын мақұлдады
Заң жобаларын мақұлдады
524
оқылды
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды. «2018 жылғы 17 мамырдағы бір тараптан ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімге хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов баяндама жасады.
«Иран – біз үшін стратегиялық бағыт деуге болады. Бұл – 80 миллионнан астам халқы бар әлеуеті зор нарық. Келісім ұзартылған жағдайда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 16-16,6 пайызға немесе 377,4-440,1 млн АҚШ долларына артады», – деді вице-министр.
Отырыс барысында вице-министр Е.Баттақов «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатымен жүзеге асыру қағидаттары және тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар жалпы отырыста Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Талғат Момышев «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады. Вице-министрдің айтуынша, Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімге 2012 жылы 20 маусымда Рио-де-Жанейрода қол қойылған.