Карантиннен шыққан студент отандық дәрігерлердің қалай қарағанын айтып берді
Карантиннен шыққан студент отандық дәрігерлердің қалай қарағанын айтып берді
© inbusiness.kz
145
оқылды
Ухань қаласында халықаралық құқық мамандығы бойынша PhD деңгейінде білім алып жүрген қазақстандық студент Гүлбақыт Болатбекқызы Ухань қаласынан елге қалай аман жеткенін баяндап берді, - деп хабарлады inbusiness.kz. «Бізге Ухань қаласын жабамыз деген ақпарат 22 қаңтар күні келіп түсті. Бұл Қытай халқының жаңа жыл мерекесімен тұспа-тұс кезең болатын. Қытайда 2-3 жылдан астам тұрып жатқандықтан, аталмыш мереке қарсаңында азық-түлік қорын дайындап алу керектігін жақсы білеміз. Сондықтан 2-3 апта бұрын жеткілікті мөлшерде азық-түлікпен қамданып алған едік. Мереке кезінде супермаркеттер де таңғы 9.00-ден кешкі 16.00-ге дейін ғана ашық болады. Қала жабылды дегенде, барлық тарапқа көлік қатынасы тоқтатылды. Вокзалдар мен әуежайлар жұмыс істемеді. Ухань қаласының өзінде төтенше жағдай жарияланғандықтан, әр кампус өз қарауындағы шетелдік студенттерге жауапты болды. Ауызсу мен медициналық маска таратылды. Сыртқа тек кесте бойынша, кезек-кезекпен шығып отырдық. Азық-түлік бітіп қалса, әуелі кураторларымызға ескертіп, екі адамнан шығып жүрдік. Барған жолымызбен тура қайтып отырдық. Жалпы жұмыстың бәрі жоспарлы, үйлесімді жүргізілді. Кімнің хайп таратқаны түсініксіз. Бір үзім нанға таласып төбелескен немесе көшеде өздігінен сұлап жатқан адам көрген жоқпыз», – деген отандасымыз жағдай тұрақтанса, Қытайға барып, оқуын жалғастырғысы келетінін айтты. «Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені талқылады. «Екіжақты ауысым» бағдарламасы бойынша оқып жатқандар, қытай тілін үйренушілер бар, магистр, бакалавр, докторантура бойынша оқып жатқандар бар. Әр студенттің өз жоспары бар ғой. Мен өзім жағдай орнықса, Қытайға баруды жоспарлап отырмын. Халықаралық құқық мамандығы бойынша докторантураның ІІ курсында оқып жатқанмын. Кейбір студенттерге әке-шешесі Қазақстанда қаласың депті. Енді олар  оқуын әрі қарай Қазақстанда жалғастырмақшы. Ал өзім оқуымды Қытайдан аяқтағым келеді», – дейді ол. Гүлбақыт Болатбекқызы Қазақстанға келгеннен кейін, отандық дәрігерлердің қалай қарағанын айтып берді. «Алғаш вирус туралы Ухань басшылығы жіберген SMS-хабарлама келді. Білім алып жүрген білім ошағында да ресми мәлімет берілді. Карантин жарияланғандықтан, нұсқаулықты қатаң сақтадық. Сыртқа шықсақ, көзілдірік, қолғап, маска кидік.  Яғни ешкімге жанаспауымыз керек болды. Көшеде бір сағаттан артық жүруге болмайтын. Әрі кетсе 2 сағат жүруге болатын. 22 қаңтардан 2 ақпанға дейін Уханьдағы кампуста жаттық. Біздің кампустың ауқымы елорданың сол жағалауындай болатын шығар. Студенттің өміріне қажет нысанның бәрі орналасқан қалашық десе де болады. Ал Қазақстанда 14 күн карантинде болдық.  Карантин кезінде жіті бақылауда болдық. Бізді көпбейінді ауруханаға жатқызғанын білесіздер. Қан талдауын, басқа да талдаулар алынды. Оның нәтижесі кері болып шыққанын білесіздер. Жалпы алғанда 24 күн карантинде болыппыз. Коронавирустың айналасындағы шуды есептемесек, карантиндегі күнімізді курорттық демалысқа теңеуге болады. Күніне рет тамақ берілді, үнемі дәрігерлердің қамқорлығында жүрдік. Іштегі сырын ақтарғысы келгендермен де ашық сөйлесіп отырды. Өйткені стресті жағдай болды қалай десек те. Күніне 4 рет көрпе-жастығымызды жаңалап тұрды. Жатын киімін де жиі ауыстырып отырдық. Осы істің бәрі үйлесімді атқарылды. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбейінді аурухана ұжымына бас иіп, алғыс айтқымыз келеді», – деді студент. Отандасымыздың айтуынша, Ухань қаласындағы жануарлар сататын сауда орындарына шетелдік студенттер бармайтын көрінеді. Ал өзі ондай базардың бар екенін коронавирус тараған кезде ғана білген екен. «Ондай базарлар тек Уханьда ғана емес, әлемнің басқа бұрыштарында да бар. Сондықтан біреуді жазғырудың қажеті жоқ. Ондай базарлардың бар екенін мұсылман болғандықтан, халал тағам ғана ішетіндіктен білген жоқпыз. Тамағымызды жатақхананың ішінде өзіміз пісіріп ішеміз. Ондай адамдармен ұшырасып көрген жоқпыз. Студент болғандықтан, академиялық ортамен ғана араласамыз. Тек ұстаздармен, студенттермен ғана кездесеміз. Біз араласатын ортада бұл тақырыптағы әңгімелер айтылмайтын. Тек коронавирус тараған кезде ғана оқып жатқан қаламызда ондай дүкендер бар екенін естідік. Ондағы тауарларды қарап, ұстап, қаншалықты балғын екенін тексеруге болатынын сол кезде ғана білдік», – деді Гүлбақыт Болатбекқызы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.