Қазақстан–Қытай: аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі
Қазақстан–Қытай: аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі
563
оқылды
Осы аптада әлем жұртшылығы назарын Қазақстанға аударған ірі оқиғалар болды. Соның бірі – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қазақ еліне мемлекеттік сапары. Қытай жағы мұны тарихи оқиғаға теңеді. Себебі Қытай елі бірінші жүзжылдық мерейтойының мақ­сатын орындап, жаңа кезеңге – ұлы жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Сондай-ақ 2,5 жылдай бұрын пандемия басталғалы бері Шың елінің көшбасшысы шетелдік алғашқы сапарын жасап отыр және бұған Қазақстанды таң­дады. Ха­лықаралық диплома­тияда бұл аса маңызды, страте­гия­лық серіктес елге ілтипаттың нышаны, жорал­ғы­сы саналады. Бүкіл Еуропаның жүрегіне ба­ла­натын Ватиканның, Қа­сиет­ті тақтың иесі, Рим Папасы Францисктің са­парын жаһандық ақпарат құралдары Қазақстан­ның Батысқа бетбұрысы деп таныды. Ал коронавирусқа бола, әлі күнге карантин мен локдаун­нан шық­паған азиялық алпауыт­тың көш­басшысы саяси шешім қабыл­дап, елімізге сапарлап ке­луін – оның дәл қазір жаң­ғыру­ларды бастан кешіп жатқан көрші Қазақстанға қолдауы ретінде бағалауға болады. ҚХР көшбасшысының «халықаралық геосаяси жағдай қалай өзгерсе де, Шың елі алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсететіні туралы» мәлімдемесін халықаралық ақпарат агенттіктері жарыса таратты. Посткеңестік кеңістіктің әр бұрышында сұрапыл соғыс, қарулы жанжалдар өрті қау- лаған шақта бұл сыртқы зәлім күштерді қаймықтырар сес-айбар болса керек. Айтқандай, Қытай – тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігіне кепіл болған бес державаның бірі. ҚХР Төрағасы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтас- тықты алысқа самғайтын, асуларды алуда талмайтын қыран құсқа теліді. Жалпы, өзара құрмет пен түсіністік, жанашырлық пен ынтымақ, бейбітшілік пен келісім қағидаттарына негізделген осы диалог – бүкіл аймағымызды қауіпсіз етудің маңызды кепілі. Орталық Азия көшбасшысы мен дүние- жүзінде қуаты жөнінен екінші орынға шыққан Азия алыбы күш біріктірсе, кез келген мақсат биігі бағынбай қоймас. Сондықтан бұл сапар аясында қос мемлекеттің лидерлері бір-біріне риясыз құрмет-қошемет көрсетумен болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген мәртебелі мейманын елорда әуежайында өзі қарсы алды. Қадірлі қонақтың құрметіне әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Ақорда сарайын бетке алды. Қазақстан лидерінің резиденциясында ҚХР Төрағасын ресми қарсы алу шарасы өтті. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін көшбасшылар екіжақты келіссөз өткізетін залға барды. Онда олар аудармашысыз-ақ, оңаша отырып, қазақ-қытай страте- гиялық серіктестігін жан-жақты нығайту перспективаларын және әлемде қалыптасқан күрделі ахуалды талқылаған. Қасым-Жомарт Кемелұлы екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын тілге тиек етті.
– Сапарыңыз осы мерейлі бе- леске тұспа-тұс келді. Қысқа мерзім ішінде тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Қазақстан экономикасын дамытуға және халықаралық бастамаларымызға ұдайы қолдау көрсетіп келесіз. Сол үшін өзіңізге зор алғыс айтамын, – деді ол.
Президенттің айтуынша, 2019 жылғы қыркүйектегі Бейжіңге мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік жөніндегі уағдаластық сәтті жүзеге асырылып жатыр. Ал бұл жолғы бір- лескен мәлімдеме қарым-қатынас- тардың жаңа «Алтын 30 жылдығының» басталғанын білдіреді. Сондықтан Қытай Төрағасының бұл сапары аса маңызды. бейбітшілік пен тұрақтылық ҚХР Төрағасы араға 5 жыл салып Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екенін жеткізіп, қазақ халқының қонақжайлығы, мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Президентке ризашылығын білдірді. Оның мәлімдеуінше, Қытай өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерде Қазақстанның ұстанымдарын қолдайды.
– Қазақстан халқы сіздің басшылығыңызбен мемлекеттік құрылыс пен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа табыстарға жететіні күмәнсіз. Қытай үкіметі Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарға зор көңіл бөлетінін қайталап айтқым келеді. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтас- тығын сақтауына қолдау көрсетеміз! Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету үшін жүргізіп жатқан реформаларыңызды толық қолдап, еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз! Қытай Қазақстанның сенімді досы әрі серіктесі және солай болып қала береді, – деді Си Цзиньпин.
Ол бірқатар саладағы қазақ-қытай ынтымақтастығын өзгелерге үлгі деп атады. Мемлекеттер 1 780 шақырымға созылған шекара мәселесін алғашқылардың бірі болып шешті. Бірінші болып, индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыта бастады. Осылайша, «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын ілгерілетті. Бұған өз инфрақұрылымын дамытпаған Ресей тежеу болып еді, енді жаңа Жібек жолы санкциялар салдарынан оқшауланған Ресейді айналып өтуге мүмкіндік беретін баламалы бағыттың біріне айналды. Қос көрші «екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерді». Ақордадағы келіссөздерде тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауылшаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайын талқылады. Карантин салдарынан дағдарған сауда-саттық жанданып, отандық экспорттаушыларға ірі Қытай нарығы қайта ашылып жатыр. Келіссөздер қорытындысында қос лидер Қазақстан мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қатынас- тардың орнағанына 30 жыл толуына орай Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай лидері Си Цзиньпинді Қазақстанның ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев Қытай басшысының мемлекеттік сапарын зор мәртебе деп бағалады.
– Қазақ-қытай қарым-қатынасын тұрақты дамытуға қосқан үлесіңіз ұшан-теңіз. 2019 жылы екі елдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге кірістік. Мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік орнатуға уағдаластық. Қазақстан Қытаймен түрлі салада ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Біз болашаққа бірге қадам басамыз. Осы жолда мызғымас достықтан айнымаймыз. Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға орасан зор еңбек сіңірдіңіз. Мұны жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Ресми келіссөздер аяқталған соң мемлекеттер басшылары екі елдің көне заманнан бүгінге дейінгі тарихи, мәдени байланыстарына арналған «Қазақстан–Қытай: мыңжылдық диалог» көрмесін тамашалады. Көрмеге Қазақстанның Ұлттық музейі, Орталық мемлекеттік музей, Тұңғыш Президент музейі, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі қорларынан 40-қа жуық археологиялық жәдігер, сәндік қолданбалы және бейнелеу өнерінің заттары қо-йылған.