Діндердің диалогы алаңына айналды
Діндердің диалогы алаңына айналды
14-15 қыркүйек күндері елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтті. Бұған дейін хабарлағанымыз­дай, «Әлем­дік және дәстүрлі діндер ли­дер­лерінің пандемиядан кейінгі кезең­дегі адам­заттың рухани және әлеуметтік да­муындағы рөлі» тақыры­бында ұйым­дасты­рылған халықара­лық ауқымдағы шараға 50 елден 100-ден ас­там деле­гация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иу­даизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкіл­­­дері, сондай-ақ саяси және қоғам қай­раткерлері, халық­ара­лық ұйым­дар мүшелері келді. Оған Мем­­лекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Айта кетейік, діндер съезі Қа­зақстан астанасында алғаш 2003 жылы ұйымдастырылған. Нақ сол кезде съездің қорытынды декла­рациясында оған қатысушылар әлем жұртшылығын аштықпен, ауру-сырқаумен, сауатсыздықпен, кедейшілікпен және азғындықпен күресуге шақырған болатын. Сондай-ақ адамның өмірі мен ар-ұятына деген құрметтің азайып бара жатқандығына алаңдаушылық білдірген. Бұл мәселелер адамзат баласының ең басты құндылықтары ретінде әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әйтсе де өмірдің ағысына қарай алдымыздан жаңадан пла­неталық масштабтағы басқа да сын-қатерлер туындап жатыр. Елімізде осымен жетінші рет өткі­зіліп отырған әр съезде қатысушылар дүниенің төрт бұрышын түгел алаңдатып тұрған ең көкейтесті түйткілдерді көтереді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі жер шарындағы барлық соғыстар мен шиеленістерді тоқтату үшін үнсіз дұға жасаумен басталды. Ал съездің негізгі жұмысы 4 секция бойынша өтті. Біріншісі – «Діндердің қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы рөлі», екіншісі – «Білім мен діни ағар­ту­дың діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүру және бейбітшілік пен келісімді нығай­ту­дағы рөлі», үшіншісі – «Діни ли­дерлер мен мемлекет қайраткер­лерінің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылға қос­қан үлесі», ал төртіншісі «Әйел­дердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәр­тебесін қолдаудағы діни қауым­дастықтардың рөлі» деп аталады. Ұлы далада ежелден көп конфессиялар шоғырланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда съезд өткізуге қолдау көрсеткен мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың жетек­шілеріне, саясаткерлер мен сарап­шыларға ризашылығын білдіре келіп, айтулы шараның мәні мен маңызына тоқталды.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналды. Қазақстанның бұл форумды өткізуге бастама­шы­лық етуі бекер емес. Себебі ғасыр­лар бойы қазақ жері Батыс пен Шы­ғыс­тың арасындағы көпір бо­лып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық олардың бәріне ортақ сипат», – деді Мем­лекет басшысы.
Президент бұл сөзіне қазба жұмыстары кезінде Алматы облы­сындағы ортағасырлық Қойлық жұр­тынан табылған мұраны мысал етті. Зерттеу барысында XII-XIV ға­сырларда бұл қалада ислам, хрис­тиан және будда діндерінің ғибадат­ханалары іргелес тұрғаны анықтал­ған. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Мысалы, мұсылмандар Арыс­тан баптың, Қожа Ахмет Я­са­уидің кесенелеріне, Бекет атаның жерасты мешітіне және басқада қасиетті жерлерге барып зиярат етеді. Таразда несториандық хрис­тиан ғибадатханасы болғаны белгілі. Алматыда православиялық діннің киелі орны Вознесенский кафе­драл­дық соборы, Лева-Ицхак Шнеер­сонның кесенесі бар. Сон­дай-ақ Орталық Азиядағы ең үлкен «Бейт Рахель Хабад Любавич» ­Си­нагогасы елордада орын теп­кен. Ал Солтүстік Қазақстан об­лы­сын­да Ка­толик рухани орталығы орналасқан.
«Қазақстан халқы түрлі өрке­ниеттер мен діндердің дәстүрін, ашықтық пен толеранттылық рухын бойына сіңірген. Бүгінде елімізде 100-ден астам этнос татулық пен үйлесімде өмір сүріп жатыр, 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін қызмет етеді. Біз мұны еліміздің баға жетпес байлығы және бірегей артықшылығы деп санаймыз. Елімізде және бүкіл әлем­де диалогты нығайту – Қазақ­стан саясатының аса маңызды бө­лігі. Бүгінгі съезд соның жарқын дәлелі. Бұған дейінгі форумдардың декларацияларында радикализм, күш көрсету мен кикілжіңдер қатаң сыналған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлемдік дін көшбасшылары түсіністікке үндейді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайеб әлемде түрлі келеңсіздіктердің көбейгенін еске салды.
«Адамдар өзімшілдігінен табиғи, саяси және экономикалық апаттарды өз қолымен жасап алды. Бүгінде адамзат жаһандық жылыну, орман өрттері, сел жүру, өзен-сулардың тартылуы, кейбір тіршілік иелерінің қырылуы сияқты кли­маттық құбылыстардың қасіретін шегіп отыр. Бұл зауалдарды адамдар өздерінің теріс пиғылынан тауып ал­ғанын ұмытпауымыз керек. Құ­ранда мұндай құбылыстар мен олардың салдары туралы осыдан шамамен 15 ғасыр бұрын айтылған. Қасиетті кітапта адамның жер бетіндегі істердің бәріне үстемдікпен килігуі туралы айтылған», – деді имам.
Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш съезге қатысушыларға айтар сөзін бейнеүндеу арқылы жолдады.
«Қазақстан Үкіметіне мемлекет қайраткерлері мен көрнекті дін көшбасшыларының қатысуымен өтетін осы кездесуді ұйымдас­тыр­ғаны үшін ризашылығымды біл­діргім келеді. Біз дін қайраткерлері ар-ождан дауысы мен рухани бе­делін өзара құрмет, жанашырлық пен бірлікті көтермелеуге, келіс­пеушіліктерді бейбіт жолмен ше­шуге әртүрлілікті байлық ретінде тануға, бір-бірімен және болашақ ұрпақтармен ынтымақтасуға пай­даланады деп сенеміз. Осы қиын-қыстау кезеңдерде бізге бұрынғыдан да көп рух қажет», – деді БҰҰ Бас хатшысы.
Оның пікірінше, әлем шие­лі­ністер мен қақтығыстарға, эколо­гиялық дағдарыстарға, төтенше гуманитарлық жағдайларға, аштық пен кедейлікке ұрынған. Діни айырмашылықтарға негізделген жеккөрушілік пен кемсітушілік белең алған. Осыған орай, А.Гу­терриш дін жетекшілерін өз қа­уымдастықтары арасында зорлық-зомбылыққа қарсы шығуды, ксе­нофобияға, нәсілшілдікке төзбеуді насихаттауға шақырды. діндердің VII съезі Өзінің сөйлеу кезегі келгенде Рим Папасы Франциск қазақтың ұлы ақыны Абай мен қара домбы­расы туралы келелі ой қозғап, жұрт­шылықты тәнті етті.
«Кеше қазақтың ұлттық аспабы домбыра туралы көп мәлімет алдым. Бүгін бұл музыкалық аспапты осы жердің ұлы ақыны, композиторы – Абайдың үнімен байланыстырғым келеді. Ол өзінің соңынан діндар­лықты сіңірген туындылар қалдыр­ды. Абай жазғандай, өзің тірі болсаң да көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Сондықтан жан­ды, сананы таза ұстау керек», – деп түйіндеді Рим Папасы.
Сондай-ақ Понтифик кедейлік пен теңсіздікке қатысты пікір біл­діріп, қамқорлықсыз қалғандар мен мүмкіндігі жоқ адамдарға жақын болуға шақырды. Ол кедейліктің кесірінен туындап жатқан түрлі індеттер мен басқа да қасіреттерді мысалға келтірді.
«Қазіргі кездегі ең үлкен сын-қатері кедейлік болып тұр. Егер әлемде теңсіздік пен әділетсіздікке тосқауыл қойылмаса, онда COVID-тен де жаман вирустарды, яғни өшпенділікті, зорлық-зомбылықты, терроризмді тоқтату мүмкін емес. Ал оны ауыздықтауда діндарлардың рөлі ерекше», – деді Франциск.
Ізгілікке сүйенген ортада әділдік орнайды Мәскеу және бүкіл Ресей пат­риархы Кириллдің Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Митрополит Волоколамский Ан­тоний Мәскеу және Ресей патриар­хы Кирилл дін көшбасшыларының пандемиядан кейінгі кезеңдегі ру­хани және қоғамдық өміріндегі рөліне тоқталды. Ол адамзат бала­сының ең қиын заманды бастан ке­шіп жатқанын айта келіп, коро­навирус індетінен туындаған азық-түліктік, энергетикалық және эко­но­микалық мәселелерді мысалға келтірді. Мұның бәрінің түп-төр­кінін қоғамның адамгершілік құн­дылықтарына сүйенбеуімен және соңғы 20 жылда халықаралық қа­тынастарда әділет түсінігінің жо­ғалуымен байланыстырды. Оның ойынша, мұның бәрі әлемнің түк­пір-түкпірінде қатал қақтығыстар­ға, соғыс шиеленістеріне, терро­ризм мен экстремизмнің таралуына әкеп соқтырған. Елордада Тәуелсіздік сарайында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде жоғарыда аты аталған тұлғалардан басқа да көптеген дін өкілдері сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті. Оның қорытындысы бойынша дек­ларация қабылданды. Декларация­ның мәтінін Англикан шіркеуінің арнайы өкілі, Доркинг епископы Джо Бейли Уэллс таныстырды. 35 тармақтан тұратын құжатта қазіргі таңдағы жаһандық проблемалар ба­рынша қамтылған. Сондай-ақ осы шара аясында EXPO халық­аралық көрме орталығы аумағында Рим Папасы Франциск өткізген Месса рәсіміне 7 мыңнан астам адам қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің жабылу рәсіміне қа­тысып, қатысушыларға алғысын білдірді. Президент кеш соңында съезді дамытудың 2023 жылдан 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды.