3 қазандық газға ауыстырылады
3 қазандық газға ауыстырылады
637
оқылды
Елорданың газдандыру бойынша үш кезеңнен тұра­тын жұмыс жоспары қарқын ала бастады. Олай дейтініміз, бас­ қалада үш газ қазандығы­ның құрылысы қатар жүріп жа­тыр. Қала әкімдігінің мәлі­ме­тінше, келер жылдан бас­тап газ қа­зандықтарын ке­зең-кезең­мен іске қосу көз­делген. Жақында ғана газдандыру жобасының екінші кезеңінің бір бөлігі аяқталуға жақын қалғаны белгілі болған. Сол кездің өзінде қаладағы 10 тұрғын алабы мен 3 шағын ауданы толық газдан­ды­рылған еді. Екі жүз мыңға жуық тұрғыны бар аудандардағы үйлер толығымен газға қосылып, 14 мың абонент көгілдір отынға қол жет­кізген. Яғни бас қаланың 5 мыңға жуық тұрғын үйі газға қо­сылып, 650 шақырымдық газбен жаб­дық­тау желісінің құрылысы аяқталған. Сонымен бірге бұрын дизель оты­нын пайдаланылатын 1-жылу электр орталығы және 2-жылу элек­тр орталығы 13-қазандығы газға ауыстырылып, биыл 1-жылу электр орталығында тағы 3 энер­гетикалық қазандық газға кө­шірілмек. Қала әкімдігі сол сүйінші ха­барды көпке созбады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов­тің айтуынша, қазір елордада үш газ қазандығының құрылысы қа­тар жүріп жатыр. Бұл қазандықтар­дың қуаты ЖЭО-3-тен 3 есе асып түседі. Тиісінше қазіргі тапшы­лық­тың орнын толтыруға да, құ­ры­лыс жұмыстары жүретін жаңа ау­дан­дарды жылумен қамтуға да мүмкіндік береді. Сондай-ақ газ қазандықтарын 2023 жылдан бастап кезең-кезең­мен іске қосу жоспарланып отыр. Газ қазандықтары жаңа теміржол вокзалының аумағында, Қорғал­жын тасжолының бойында және Тельман елді мекенінде орналас­қан. Осылайша, «Оңтүстік-Шы­ғыс» қазандығы «Мыңжылдық» ауданын, жаңа теміржол вокзалы аумағын, құрылыс жұмысы қар­қынды жүріп жатқан аудандарды және т.б. жылумен қамтамасыз етеді. Ал «Тельман» қазандығы «Бағыстан» тұрғын үй кешені, Ұлы Дала даңғылы, «Тельман» елді мекені аумағын қамтиды. Өз кезегінде үшінші – «Тұран» газ қазандығы Қорғалжын тасжолы, Тұран даңғылы бойындағы және т.б. құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды жылумен қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қаланың қысқа дайындығын пысықтау мақсатында құрылыс алаңдарын аралап шыққан елорда әкімі сорғы-сүзу стансасының (ССС-3) құрылысымен да таныс­қан. Бүгінде қала тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынса, ал жаңа сорғы-сүзу стансасы-3 қуат­тылығы тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам су бе­реді. «Қаламыздың дамып келе жат­қанын ескерсек, қазірдің өзін­де суға деген қосымша қажеттілік бар. Сол үшін сорғы-сүзу стан­сасы-3 биыл жыл соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі. Осылайша сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Ал 2023 жыл­дан бастап сорғы-сүзу стансасы-3 жұмысының қуатын одан ары арттыру көзделіп отыр», – дейді қала әкімі Алтай Көлгінов.