Ғалым таппай мақтанба...
Ғалым таппай мақтанба...
© коллаж: Әсел Балтақызы
588
оқылды
Күн сайын алға ілгерілеп жатқан әлемдегі ғылым кеңістігінде еліміздің орны ерекше деп айта алмаймыз. Cөйте тұра, елде «ғалым» атағы барлар мыңдап са­налады. Олардың нендей жаңалық ашып жатқанынан жұрт бейхабар. Енді осындай ашқан жаңалығы жоқ ғалымдар саны тіптен өсуі мүмкін. Есеп есіркей ме? Таяуда өткен Үкімет оты­рысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылға дейін Қазақстанда ғалымдар мен зерттеушілер санын қазіргі 21,6 мыңнан 34 мыңға дейін жеткізуді өз алдына міндет қылып қойғанын айтты. Оның айтуынша, соңғы екі жылдан бері елде ғалымдар саны азайған. Мысалы, 2019 жылы – 21 843, 2020 жылы – 22 665, ал биыл 21,6 мың ғалым бар екені мәлім болған. Қазіргі 21,6 мың ғалымның 7 525-і жас ғалымдар (жалпы ғалымдардың 35 пайызы) құрайды. Сонымен, ведомство басшысы аз уақыттың ішінде 13 мыңға жуық ғалымды қатарға қосуға ниеттеніп отыр екен. Бұл оңай шаруа емес екені айтпаса да белгілі. Министр мұны қалай жүзеге асырмақ, жай есеп үшін айтылған сөз емес пе? Әуелі Ғылым министрі бұл мақсатқа ғылыми мақалалар санын көбейту арқылы жеткісі келетін секілді. Ғылыми эко­жүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ҒЗИ санын 15-ке арттыру, индекстелетін журналдардағы жарияла­ным­дарды 150 пайызға өсіру және 2025 жылы қажетті жабдықтарды 30 пайызға жаңарту арқылы ҒЗИ сапасын арттыру міндеті тұр екен.
«Сондай-ақ 2025 жылы қа­зақ­стандық ғалымдардың ха­лық­аралық ғылыми журналда­рындағы мақалалардың жалпы саны бойынша InСites елдік рейтингінде 65-орынға және «ҒЗИ сапасы» көрсеткіші бо­йынша ДЭФ ЖБИ рейтингінде 65-орынға қол жеткізу жоспар­ланған», – дейді Саясат Нұрбек.
Дегенмен Үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрдің есепке баса назар аударып отырғанын сезді ме, бір нәрсені ескертіпті.
«Біз «зерттеу жүргізу керек деп», ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын көбейте бермегеніміз жөн. Ең алдымен олардың нәтиже­лілігі мен экономиканың түрлі секторында қолдану маңызды міндет. Соңғы жылдары «Ғылым туралы» заңға біршама өзгеріс енгізілді және оны қаржылан­дыру екі есеге өсті. Бізге жұмсал­ған қаражаттың тиімді қайта­рымы қажет», – деді отырыста Премьер-Министр.
Оның сөзіне қарағанда, отан­дық индустрия, ғылыми қоғам­дастық, университеттер мен бизнес барынша өзара тығыз байланыс орнатуы қажет. Ғы­лыми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Ғылым министрлігі бұған ерекше назар аударуы керек. Ресми мәліметке қара­ғанда, жас ғалымдарды қолдау және ынталандыру үшін «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарға ғылыми-зерттеулер мен постдокторантура үшін 1 037 грант бөлінген. Жыл сайын халықаралық тағылымдамаларға 500 грант бөлінеді. 2021 жылы әлемдік ғылыми орталықтарға 400 ғалым жіберілген екен. 2020 жылдан бастап жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы тапсырылады. Қош, әйтеуір мұның бәрі мемлекеттің ғылым саласын дамытуға қолдау көрсетіп жатқанының нышаны делік. Ғалымдарды көбейтуге талпынып отырған Саясат Нұрбек қай бағыттарға екпін салып отыр? Қай бағытқа бет бұрдық? Бұл істе әуелі бағытты ай­шықтап алу керек екені айтпаса да түсінікті. Мысалы, ел тәуел­сіздік алғалы гуманитарлық ба­ғыттарға көңіл бөліп келдік. Сондықтан бұл бағытта ғалым­дарды көбейтуге аса мұқтаж емес секілдіміз. Министрдің қай ба­ғыттарға басымдық бергісі келіп отырғанын білмекке Ғылым және жоғары білім министрлігіне сауал жолдаған едік. Ведом­ствоның баспасөз қызметі бізге Саясат Нұрбектің өз жауабын жіберді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техни­калық бағыттағы мамандарға мемлекеттік тапсырысты арт­тыру басымдығына сай, ғылым­ның техникалық бағыттары бойынша, соның ішінде агро­өнеркәсіп, жасыл технологиялар, энергия тиімділігі, ядролық физика, тау-кен металлургия, ақ­параттық технологиялар са­ласындағы ғылыми кадрлардың әлеуеті мен санын арттыру жос­парлануда», – дейді ведомство басшысы.
Демек, министрлік техни­калық бағыттарға басымдық берген. Алайда білім сарапшы­ларының көбі ғалымдарды кө­бейту бастамасын құптап отыр­маған көрінеді. Өйткені санда бар да сапа жоқ ғылым саласында түйткілдер жетерлік екен. Мә­селен, педогогика ғылымда­ры­ның кандидаты Әкімжан Сай­лыбаев саладан еш өзгеріс күт­пейтінін жеткізді.
– Шынын айту керек, қазір ғалым деген ұғым ойыншық іс­петті болып кетті. Оларды даяр­лау технологиясы тым жұпыны. Қазіргілердің басым көбінің өресі ғалым деп атауға келмейді. Мәселен, мен Ұлттық білім академиясында жұмыс істедім. Ғалым деген аты бар талайлармен әріптес болдық. Бірақ өз сала­сына байланысты көп нәрседен хабарсыз болып шығады. Жа­уапты министрлік бұлайша санға жүгірмеу керек. Айналып кел­генде, министр Саясат Нұрбектің өзін ғалым деп есептей алмай­мын, сөз жоқ, саясаткер. Ғалым атану қазір неге керек? Өйткені біреу магистрлік, академиялық дәрежесін алып жатса, жалақысы өседі. Осы жағы басым болып кеткені алаңдатады. Еңбектерде көшірме көп, жұртты қайран қалдыратын жаңалықтар ашу жағын айтпай-ақ қояйық, – дейді сарапшы.
Қазақстанда ғылым сала­сының қарқынды дамымай тұр­ғанын билік өкілдері де мо­йын­дайды. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғы­лымды дамытудың 2026 жылға дейінгі» тұжырымдамасы қабыл­данғанын баяндаған еді. Ал академик, профессор Ғарифолла Есімнің айтуынша, саланы дамыту үшін алдымен ғылыммен айналысатын адамдарға жағдай жасау керек.
– Біріншіден, ғылыммен ай­налысатын адамдарға жағдай жасау керек. Олардың алатын шәкіртақысын көтерген абзал. Шетелге барып тұру үшін жағдай жасалса. Олармен байланыс орнатуға мүмкіндік болуы тиіс. Екіншіден, ғылыми институт­тардың жұмысының сапасын қадағалауымыз керек. Сұрыптап алған жөн. Егер көмек керек бол­са, физика, математика, химия сияқты институттарға өте қымбат құралдар әперіп, қам­тамасыз ету қажет. Жастардың жағдайын түзеп, ғылыми жұ­мысты жолға қойған абзал, – деді ол.
Қорыта айтқанда, негізі мем­лекет тарапынан ғылымды қол­дау жағы жетіліп келе жатқаны рас. Әйткенмен, ғалым атанғысы келетіндердің ұмтылысы нашар секілді. Қызметте, мансап жо­лын­да өсуді мақсат етіп оқу қуа­тындардың бары жасырын емес. Ал жаңалық ашу жағын айтпай-ақ қояйық. Ашқан жаңалық жоқ, есесіне «ғалым» көп.