Көне аспаптардың көмбесі – Жансая Нұрханқызы
Көне аспаптардың көмбесі – Жансая Нұрханқызы
945
оқылды
Бүгін астанада бес күнге созылған «Ұлы дала» этнофестивалі аяқталды. Бұл шараға Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қонаққа келген болатын. Мұражайдың ғылым бөлімінің меңгерушісі Жансая Нұрханқызымен көне аспаптар мен олардың тарихы туралы әңгімелестік. Музей 1981 жылы этнограф-ғалым, сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылған. 1990 жылы оған күйші-композитор, қобызшы Ықылас Дүкенұлының есімі берілді. Бүгінде мұнда қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар, әлемнің елуге жуық елінің мәдениетімен таныстыратын 9 экспозициялық зал жұмыс істейді.
«Ұлы дала» этнофестиваліне қазақ халқының қолданыстан шығып қалған көне аспаптары мен ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген қазақтың ұлы тұлғалары қолданған домбылардың көшірмесін алып келдік. Көне жәдіргерлерді тасымалдау қиын болғандықтан, музейден тыс фестивальдерге көшірмесін тасимыз. Қала тұрғындары мен қонақтары өткен ғасырларда өмір сүрген зиялылар қолданған аспаптың кем дегенде түр-түсін, пішінін көрсін деген ниет. Көрмеге келген қонақтардың көбі домбыраның бірнеше түрі болғанын біліп, дудыға, дауылпаз, шертер сынды көне аспап түрлерін көріп таң қалып жатыр», – дейді Жансая Нұрханқызы.
ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақындары, әнші-жыршылары мен күйші-композиторлары қолданған аспаптардың түпнұсқасы – музейдің алтын топтамасы мемориалды музыкалық аспаптар залында сақталған. Музей қорында жетпіске жуық аспап бар.
«Домбыра – ертеден келе жатқан қазақ халқының ел арасына кең тараған, шежіреге бай музыкалық аспабы. Ол – халықтың қуанышы мен қайғы-қасіретін тең бөлісіп, қазақтың басын торлаған ауыр кезеңдерде жұбаныш бола білген аспап. Бүгінге дейін бұл аспаптың пішініне қарай екі түрі сақталған – қалақша және жұмыр шанақ домбыра. Қалақ домбыра пішіні бойынша төртбұрыш, көбіне бұл аспаппен шертпе күй орындайтын болған және еліміздің шығысы, орталығы мен солтүстігінде кеңінен қолданылған. Жұмыр шанақ домбыраның пішіні тамшыға немесе алмұртқа ұқсас, көбіне төкпе күйлер орындалатын болған. Бұл аспапты батыс және оңтүс­тік-батыс өңірлерінен көп кездестіруге болады. Абай, Шәкәрім, Ақан сері, Біржан сал қалақша домбыра ұстаса, Жамбыл, Дина, Махамбеттің домбырасы жұмыр шанақ пішіндес болған», – дейді этнолог.
Астанада өткен көрмеге Махамбет, Құрманғазы, Ақан сері, Есбай, Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Қазанғап, Дина мен Мағауия Хамзиннің домбырасының көшірмесі қойылыпты. Жансая қазақ үйге бас сұққан келушілерге әр домбыраның тарихы туралы айтып жатты. Қала тұрғындарын Абайдың үш ішекті аспабы таң қалдырды. домбыра аспабы
«Біздің қордағы Шәкәрімнің домбырасы да Абайдікіне ұқсас, қалақша пішіндес. Бұл аспаптың көнергені соншалық, бізге жеткенде ішегі болмады. Бірақ домбыраның басында үш тесік болғанына қарап, Шәкәрімнің аспабы да үш ішекті болған деп болжаймыз. Шығыс өңірінің қазақтары көбіне-көп үш ішекті қалақша домбыра қолданған. Бүгінде сирек кездесетін үш ішекті домбырада ойнай алатын өнер майталмандары бар. Осы музейдің тұңғыш директоры, күйші Жарқын Шәкәрімұлы да үш ішекті домбырада ойнаған. Сондай-ақ көрмеге Ақан серінің домбырасын әкелдік. Бұл аспап серінің ғашығы Ақтоқтының ұрпақтарында сақталған екен. Жазушы Сәкен Жүнісов Ақан сері туралы романын жазу барысында оның туған өлкесіне барып, мәлімет жинаған. Сол кезде осы домбыраны Ақтоқтының ұрпақтарынан тауып алыпты. Көп жылдар бойы жазушы бұл аспапты өзінде сақтаған. Кейін Сәкен Жүнісов дүниеден өткен соң, 2017 жылы оның қызы бұл домбыраны музей қорына табыстады. Экспонаттардың ішінде ерекшеленіп тұрғаны – күйші, композитор Мағауия Хамзиннің домбырасы. Ол кісі шебер болған, қарапайым аспапты безендіргенді жақсы көрген. Мұны әсемдік үшін емес, домбыра үнінің кедергісіз шығуы үшін жасаған. Өйткені домбырашының қолы аспаптың бетіне тиіп тұрса, дыбыс тұнық шықпайды деп санаған», – дейді Жансая.
Сондай-ақ музей қызметкерлері этнофестивальге қазақ халқының көне аспаптарын әкелген. Көрмеге жиылған қауым шертер, дудыға, адырна, дауылпаз, асатаяқ сынды аспаптарды көріп, таңданысын білдіріп жатты.
«Қазақтың көптеген музыкалық аспабы халық поэзиясында, тарихшылар мен этнографтардың жазбаларында кездеседі. Осы деректерді негізге ала отырып, қазақтың ұлттық аспаптары шулы, ұрмалы, ішекті, үрмелі және тілшелі деп бөлінеді. Музей қорында сақталған елуге тарта қазақтың көне аспабын 70-80 жылдары шеберлер тарихи, ғылыми деректерге сүйене отырып жасап шыққан. Көрмеге келген жұрт қызықтап жатқан аспаптың бірі – дауылпаз. Кезінде оны Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестріне қосуға тырысқан. Бұл аспапты меңгеру техникасы күрделі әрі ол туралы мұрағат деректері аз болғандықтан, бағы ашылмады. Ал адырнаны ежелде халық малды үйіру үшін қолданған болса, дұлыға пішіндес дудыға аспабын қолбасшылар жауынгерлерді жігерлендіру үшін пайдаланған. Жалпы, көшпелі халқымыздың сан ғасырлық тарихында пайда болған дыбыстық құралдардың түп-тамыры жаратылыс құбылысына еліктеуден бастау алатынын байқаймыз. Қамыс-қоғаның суылы, ағаш-құрақтың сыңсуы, боранның үскіруі, құстардың сайрауы, судың сылдыры, таудың жаңғырығы секілді табиғаттағы барша үн адам қолымен жасалған қарабайыр да тұрпайы дыбыстық құралдардың бойына жинақталды. Сол арқылы олар тұрмыстық қам-қарекеттің алуан түріне қарай қолданыла бастады», – дейді этнолог.
Музей қорындағы халық музыка аспаптары мұралары өзінің жіктелу тобына қарай жеке-жеке залдарға бөлініп қойылған. «Қобыз» залында 300 жылдық тарихы бар Жарас бақсының нарқобызы сақталған. қобыз
«Сондай-ақ біздің мұражайда музыкалық археология бөлімі бар. Онда археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған көне музыкалық аспап түрлері мен аспап көшірмелері қойылған. Музей экспозициясына қойылған музыкалық археологияға жататын олжалар халқымыздың тарихын, мәдениетін, тұрмысы мен салт-дәстүрін бейнелейтін айғақты деректер болып табылады. Қазақ даласынан табылған орта ғасыр кезеңіне жататын мұралар туралы анықтамаларды академик Ә.Марғұланның, зерттеуші-саяхатшы А.Медоевтың, жазушы-ғалым А.Сейдімбектің, археолог ғалымдар К.Ақышев пен З.Самашевтың еңбектерінен кездестіреміз», – дейді зерттеуші.
Сөз соңында этнолог Жансая Нұрханқызы қазақтың көне аспаптарын музейде жәдігер ретінде сақтап қана қоймай, қайта жаңғырту керектігін, сол арқылы қазақтың музыкалық бай мәдениетін дамыту керек деген ойымен бөлісті.

Айдана НҰРМҰХАН