Қаржылық мониторинг агенттігі Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандарды сауықтыруға бөлінген қаражаттың қолды болғанын анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Санаториялық-курорттық емделу, сауықтыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру қылмыстық схемасы бойынша іс тергеліп жатыр.
Тергеу барысында тапсырыс беруші мен ЖШС арасында мерзімі наурыздан желтоқсанға дейін мүгедектерді санаториялық-курорттық емдеу, емдік-сауықтыру демалысын қамтамасыз ету бойынша 50 миллион теңгеге жуық сомаға мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасалғаны анықталды.Тапсырыс берушінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ішкі талдауын тексеру актісімен, мүгедектердің шипажайға барудың жалған фактілері анықталған. ЖШС-ға бір жарым миллион теңгеге жуық қаражат негізсіз төленген. Тергеу жүргізіліп жатыр. ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтерді жариялауға болмайды.