«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов «Жер аманаты» комиссиясының мүшелерімен бірге Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесіп, жайылымдық жердің жетіспеушілігіне қатысты өзекті мәселені талқылады.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің құнарсыздануы, құдық тапшылығы, субсидияның төмен деңгейі, дизель отынының бағасы және тағы басқа мәселелерді көтерді.
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы құрамына партияның депутаттары, Бас прокуратураның, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, заңгерлер, қоғам қайраткерлері кіретін комиссия мүшелері ауыл тұрғындарының мәселелерін білу үшін еліміздің барлық өңірінде кездесулер өткізіп жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, пайдаланылмай жатқан және жеке меншікке заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде жұмыс жүргізілуде. «Жер аманаты» комиссиясының міндеті – ауыл тұрғындары үшін жайылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Үш айдың ішінде «AMANAT» партиясының араласуымен 10 өңірде 1,6 млн гектардан астам жер қайтарылды. Оның ішінде Қарағанды облысында 1 млн гектар жайылым мемлекет меншігіне өтті. Біз бұл істі тоқтатпаймыз. Осы бағыттағы тұрақты жұмысты жалғастырамыз», – деді Асхат Оралов.Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Ерлан Саиров жайылым тапшылығы жер саласындағы жалғыз мәселе емес екенін атап өтті.
«Ауыл тұрғындары мен шаруалар жер пайдалану құқығына, жер пайларын бөлуге қатысты бірқатар мәселе көтеруде. Кездесулер қорытындысы бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі», – деді ол.Жергілікті тұрғын Нұрбол Арынбаевтың айтуынша, ауыл тұрғындары «Жер аманаты» комиссиясына үлкен үміт артады. «Мал саны өсіп жатыр. Ал жем-шөп базасы жетіспейді. Әсіресе шағын шаруашылықтарға қиын. Жаңа жайылымдар, мемлекет тарапынан қолжетімді субсидиялар қажет», – деп атап өтті ол.
«Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар барлық жайылымнан шеттетілді. Ауыл тұрғындары мұндай комиссияны күтіп отырғанын көріп отырмыз. Бәрін тексеріп, қазірде кейбір олигархтардың жерін мемлекетке қайтарып жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын: заң алдында бәрі тең», – деді ол.