Жанарбек Әшімжанов: Президентті бір мерзімге сайлау – көш бастайтын жаңа тұлғаларды қалыптастыру жолындағы нақты қадам
Жанарбек Әшімжанов: Президентті бір мерзімге сайлау – көш бастайтын жаңа тұлғаларды қалыптастыру жолындағы нақты қадам
230
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында Президент мандатын қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсыныс айтты. Осы өзгеріске қатысты Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов өз пікірін білдірді. Бүгін Парламентте өткен Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында жақында енгізілетін саяси реформалар талқыланды. Парламент Мәжілісінің депутаттары Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізді. Ол жаңа үлгі бойынша, Президентті екінші мерзімге қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзімге сайлау тәсілімен өтеді.
«Президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мерзімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады. Бұл биліктің жаңа және әділ тепе-теңдігін орнатады. Мемлекет басшысы  бүкіл саяси жүйені өзгертуді өзінен бастап отыр. Соған байланысты мемлекеттік құрылымдағы реформалар жаңа ережелер бойынша жүргізіледі. Аталмыш өзгеріс әділетті Қазақстанның болашағына жол ашар құқықтық норма! Бұл норма ел тізгінін ұстар жаңа саясаткерлер мен жаңа саяси лидерлердің, сондай-ақ беті ашық, жүзі жарық, ары мен алақаны таза, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тыңдататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді. Құқықтық демократияның бұл үлгісі жаңа саяси тұлғалардың жоғары лауазымды билікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Һакім Абайдың сөзімен айтқанда, «еңбегін сатып» ел тізгінін ұстар ұстанымы берік жастар саясат аренасына шығады» - деп түсіндірді Жанарбек Әшімжанов.
Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, бұл – елдің ішін алатайдай бүлдіріп, көш соңында «үрит-соқтап» жүретін емес, керісінше, әр салада көш бастайтын жаңа тұлғаларды қалыптастыру жолындағы нақты қадам болмақ.
«Бұл өзгерістер барлық саяси жүйенің жаңа тәртіп бойынша жаңаруына бастайтын жол. Президенттік мерзімнің бір реттік қана болуы Конституцияның жаңа ережелерінің өзгермейтіндігін белгілеумен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы 91-бабының 2-тармағында белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігінен, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығынан, оны басқару нысанынан басқа, қайта сайлау құқығынсыз бір реттік 7 жылдық президенттік мерзім туралы жаңа норма қосылады, ол тиісінше Конституцияның өзгермейтін принциптері болып қалады» - деді депутат.
Сондай-ақ ол жұрт назарында тұрған тағы бір мәселе – елорданың бұрынғы атауын қайтару жайлы да айтып өтті. Жанарбек Садықанұлы Қазақстан халқы Тұңғыш Президенттің мемлекет іргесін бекітудегі тарихи еңбегін жоққа шығармайтынын жеткізді.