Қазақстан жаңа демократиялық модельге көшті – Ерлан Қарин
Қазақстан жаңа демократиялық модельге көшті – Ерлан Қарин
Фото: yandex.kz
366
оқылды
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституцияға енгізілген өзгертулерге қатысты пікір білдірді, – деп жазды inform.kz.
«Бүгін Парламент қабылдаған саяси реформалардың пакеті Қазақстанның жаңа демократиялық модельге көшкенін білдіреді. Бұл модельде Президент бір мерзімге қайта сайлану құқығынсыз сайланады (оның үстіне бұл норма өзгеріссіз қалады және қайта қарауға мүмкін болмайды). Сондай-ақ Конституциялық сот судьяларының өкілет мерзімі президенттік және парламенттік өкілет мерзімдерінен ұзақтау болмақ. Бұл реформалардың пакетін бұрын іске асырылған конституциялық реформамен бірге қарау қажет: жаңа Конституциялық сот институты құрылды; бір мезгілде Парламенттің өкілеттігі кеңейіп, Президенттің өкілеті қысқартылды; аралас сайлау жүйесі енгізіліп, партияларды тіркеу рәсімі оңайлады; өңірлердің дербестігін күшеймек», – деді Ерлан Қарин.
Оның пайымынша, жаңа өзгерістер мемлекеттің одан әрі дамуын саяси бәсекелестік негізінде баянды етеді. «Мұның бәрі, түптеп келгенде, мемлекеттік құрылымның институционалдық келбетін билік тармақтарының арасында барынша теңгерім қалыптастыра отырып түзеді. Жаңа мемлекеттік модель биліктің ұдайы ротациялануын, саяси жүйенің болжамдылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етеді және тұтастай алғанда, мемлекетіміздің одан әрі дамуын тек демократиялық бастауларда, саяси бәсекелестік негізінде баянды етеді. Басқаша айтқанда, реформалардың жаңа пакеті саяси жүйенің өзгеру процесін аяқтайды. Енді барлық негізгі саяси институттарды (Президент, Парламент, мәслихаттар, Үкімет) қайта іске қосу міндеті тұр. Оның бірінші кезеңі Жолдауда жарияланған президенттік сайлау болады», – деп жазды Ерлан Қарин.