Қарағандыда өртенген үйден ер адамның мәйіті табылды
Қарағандыда өртенген үйден ер адамның мәйіті табылды
Қарағандыда өрт кезінде ер адам көз жұмды. Өрт сөндірушілер оның мәйітін өртті сөндірген соң бөлмелердің бірінен тауып алды. Қайғылы оқиға кеше, 15 қыркүйекте болды. Диспетчер пультіне сағат 00.00-де Бульварный тұйық көшесіндегі тұрғын үйден өрт шыққаны туралы қоңырау түсті. Өрт сөндірушілерге қоңырауды көршілер шалған.
«Бульварный тұйық көшесінде жеке үйдің ағаш жақтаулары, есік, терезелер мен төбесі жанды. Сондай-ақ ағаш конструкциялардан құрастырылған қора-жайларды да жалын шарпыды, өртенген аумақ 120 шаршы метр. Оқиға орнында 1968 жылы туған үй иесінің мәйіті табылды. Өрттің шығу себебі анықталуда», – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кету керек, өткен тәулікте Қарағанды облысы ТЖД-нің бөлімшелері 25 шақыртуға шықты, оның ішінде өртке – 19, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу – 6, бұл ретте, 2 адам құтқарылды.