Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мексикалық Сауль "Канело" Альваресті (57-2-2, 39 КО) жеңетініне сенімді, деп хабарлайды Vesti.kz. Мұндай мәлімдемені ол Лас-Вегастағы қорытынды баспасөз жиынында жасады. "Біріншіден бәріне сәлем бердім. Осы жерде екеніме қуаныштымын. Төрт жыл да өтіп кетіпті. Ақыры трилогия өтетін болды. Бұл - мұқым бокс үшін өте үлкен күн. Жанкүйерлерге жақсы сыйлық. Өзімді жақсы сезінемін, күшім мығым және дайынмын", - деді былғары қолғап шебері. Ол өзінің жеңетініне сенімді екенін атап өтті.
"Жеңетініме, өзіме де, командама да, мені қолдаушыларға да сенімдімін. Бұл - менің нағыз өмірім. Екеуміз де кәсіпқоймыз. Оның стратегиясында агрессия басым, менікі - тәжірибеге көбірек негізделген. Көреміз. Кім мықты екенін ринг көрсетеді. Бұл - біз үшін үлкен айқас. 160 фунтта менде үш белбеу бар. Ал бұл 168 фунттағы айқас болады. Мен үшін жаңа тәжірибе. Бәрі өзгереді, бұл өмірде бәрі мүмкін", - дейді Головкин.Іле-шала мексикалық Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) Геннадий Головкинмен (42-1-1, 37 КО) 2018 жылы өткен қарымта жекпе-жек даулы болды дегенмен келіспейтінін хабарлады. Боксшылар 17 қыркүйекте үшінші рет жұдырықтасады.
"Ол жеңілгенін біледі, бірақ, бұл туралы ешқашан айтпайды. Алайда оған қынжылмаймын. Екіншісінде ғана емес екі айқаста да жеңгенімді білемін. Бұл сияқты теңдей айқастар өткенде адамдар әрдайм шешіммен келіспейді. Бір боксшыны да жақтайтындар, екінші тарапты да жақтайтындар болады. Дегенмен бұл бокс үшін жақсы", - деп жазды мексикалықтың сөзін Fightnews.info.