Сенімді арттырудың қамы – Ғазиз Құлахметов

Сенімді арттырудың қамы – Ғазиз Құлахметов

– Президенттің 7 жыл мерзімге әрі бірреттік мезгілге сайлануы құптарлық бастама. Кейбір азаматтардың түрлі оймен, өзгертулерді тікелей Тоқаев мырзаға қатысты деп тануы қисынсыз. Мемлекет басшысы қазір өзінің саяси және экономикалық-әлеуметтік ре­фор­маларын еш дақпыртсыз, бірізді, жүйелі түрде жүргізіп жатыр. Мемлекетшілдік тұр­ғысынан бұл қадамның маңыздылығын билік институттарына деген сенімді арттыру деп қабылдаған жөн. Ел басқару ісінде монополия құруға жол бермейтін негізгі тосқауыл. Жаңа Қазақстан – саяси ортаға жаңа адамдардың ғана келуімен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы, жаңа саяси ережелердің қалыптасуына жағдай жасау. Мемлекет басшысы өзінің саяси уәдесіне берік екенін тұрақты түрде дәлелдеп келеді. Референдумда көтерілген бастамалардың заңдастырылуы да құқықтық кеңістіктің кезең-кезеңімен орнап жатқанының көрінісі. Саяси мәдениет пен саяси талғамға зәру қоғамның сұрауы қанағаттандырылып келеді. Бізден кейін келетін жаңа буын, жаңа толқын саясаткерлер, мемлекет қызметкерлері мен бұқара арасында мазмұнды байланыс орнауына шынайы негіз салынды.