Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы мемлекеттік сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты. Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке қонақжайлығы мен Самарқандтағы ШЫҰ-ның кезекті саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты. Мемлекет басшысы ШЫҰ өзінің әмбебаптығы мен өзара ынтымақтастығының арқасында қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін шешуге елеулі үлес қоса алады және қосуға тиіс деп есептейді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы шағын құрамдағы отырыста ШЫҰ қызметінің қазіргі кезеңдегі басым бағыттары туралы көзқарасын білдірді. Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында да Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамытудың басым бағыттарына тоқталып өтті. «Өзара сенімнің жетіспеушілігі қазіргі заманның басты ерекшелігіне айналды. Осындай жағдайларда өзара сенімге, тең және ашық диалогке негізделген бірегей «Шанхай рухын» нығайту аса маңызды.
Біздің алдымызда ШЫҰ әлеуетін толық пайдалану міндеті тұр. Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру және әртүрлі саладағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту барлық қатысушы мемлекеттің мүддесіне сай келеді», – деді Қ.Тоқаев.Президент ұйымның қызметі мен негізгі қағидаттарына да баса назар аударып, оның басты міндеті аймақтық қауіпсіздікті нығайту болып қала беретінін айтты. – ШЫҰ қызметі оның жарғылық құжаттарында көрсетілген негізгі қағидаттардың өзектілігін айқындады. Олар: экстремизм, терроризм, сепаратизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ішкі істерге араласпау. Ұйымның негізгі міндеті аймақтық қауіпсіздікті нығайту болып қала береді. Аталған өзекті салада бірлесе қызмет етуді көздейтін бұрын қабылданған құжаттарды іске асыруды жалғастыру қажет. Сондықтан қорғаныс ведомстволары мен арнайы қызметтер арасында әскери-саяси ынтымақтастықты арттыруды ұсынамын.
Осы ретте ШЫҰ-ның Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен арадағы қатынастарды нығайту маңызды рөл атқара алады, – деді Президент.Мемлекет басшысы ұйымның киберқылмыспен күресте күш біріктіріп, жаһандық экономиканың негізгі ресурсқа айналуы басты екенін атап өтті. Қазірдің өзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен бірін құрайды екен. Бұл шамамен 23 триллион доллардан асады. Оның үстіне, ұйымға мүше мемлекеттерде энергетикалық ресурстардың, көмірдің, сирек металдардың және жаңартылатын энергия көздерінің бай қоры бар. Сонысымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы ең табысты бірлестікке айналды.
Ол үшін бізде барлық қажетті экономикалық тетіктер, әзірленген стратегиялар, өзара іс-қимылдың егжей-тегжейлі бағдарламалары мен жоспарлары бар. Енді соларды жүзеге асыру ғана қалады», – деді Қ.Тоқаев.Президент ШЫҰ мүше мемлекеттерді оңтайлы транспорттық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды. Елдер арасында транзиттік-көлік ынтымақтастығының қарқынды дамуы елдердің өзара байланысын қамтамасыз етуге бағытталған перспективті жобалардың жүзеге асырудың кепіліне айналмақ. Бұл орайда жаңа мультимодальды көлік дәліздері мен логистикалық орталықтар ашу, қолданыстағыларын жаңғырту мәселесі өзекті. Сонымен бірге ұйымға мүше мемлекеттер аумағында азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері де басты назарда. «ШЫҰ мемлекеттері – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер. Біз ШЫҰ аймағында да, одан тыс жерлерде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтуді ынталандыруымыз керек. Мемлекеттеріміздің халықаралық азық-түлік өндірісі мен жеткізу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысуы әлемдік азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі.
Сондай-ақ су ресурстарын игеру мен ұтымды пайдалануға көбірек көңіл бөлу қажет», – деді Мемлекет басшысы.Аталған отырыстар да ұйымға мүше мемлекеттердің Президенттері, Премьер-министрлері, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ШЫҰ Өңірлік террорға қарсы құрылымның (ӨТҚҚ) Атқарушы комитетінің директоры Руслан Мирзаев және БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Розмари Дикарло сөз сөйледі.