Жастарды жарылқаған өңірлік бағдарламалар
Жастарды жарылқаған өңірлік бағдарламалар
598
оқылды
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 3,7 миллионнан астам жас бар. Түркістан және Алматы облыстары жастар саны бойынша көш бастап тұр, әйтсе де, бұл аймақтарда жастарды тұрғын үймен қамтитын өңірлік бағдарлама жоқ. Үкіметте 2025 жылға дейін жергілікті әкімдіктермен бір­лесіп, «Отбасы» банкінің же­ңілдетілген ипотекасы бағдар­ламасы барлық өңірде іске қосылатыны айтылды. «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасында барлық тұрғын үй бағдарламасы аясында жастар үшін 25 пайыздық квота енгізу көзделіп отыр. Оған дейін кей өңірлер жергілікті бюджеттен жастардың баспана­лы болуына тиімді мүмкіндіктер ұсынуда. Алматы мен Астанада жүзеге асырылып бастаған жастарға арналған өңір­лік тұрғын үй бағдарламалары жыл соңына дейін басқа да ай­мақтарда жалғасуы керек еді – биліктің уәдесі сондай. Биыл екі аймақ – Қарағанды мен Жамбыл облыстары осы көшке ілесті.
Сонымен, жастарды тұрғын үймен қамту мәселесін қолға алған алғашқы аймақ – Алматы қаласы. Биылғы дерекке сүйен­сек, алып шаһарда 382 мыңға жуық жас бар. 2020 жылы «Ал­маты жастары» бағдарламасы іске қосылып, 35 жасқа дейінгі меди­цина, білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, әлеуметтік салада жұмыс істейтін жастар үйлі болды. Өті­нім беру, статус бақылау, өткен-өтпегендердің тізімі almaty-zhastary.kz сайтында көрініп тұрады. Ұпай есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген. Жұмыс өтілі әр жылы үшін 2 балл, не­кедегі жылдарына 1 балдан, әр балаға 1 балдан және әлеуметтік осал топқа жататын болса 5 балл есептеледі. Ұпайы жоғары аза­маттарға жолдама беріледі. Бағдарламаға енгізілген алғашқы жылы 13 млн теңгеге дейінгі бас­панаға 5 пайыз мөлшерле­ме­мен қарыз берілді. Бастапқы жар­на – 10%, несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін. Жаңа және екінші нарықтағы баспананы алуға мүмкіндік беріледі. Кейінгі жыл­дары бұл сома нарықты зерттей отырып, 18 млн теңгеге көтерілді. Бағдарлама жыл сайын мың аза­матты қамтуға тырысады. Өтінім берушілердің саны 10-12 есеге көп: 2021 жылы – 9 741 жас, биыл 11 мыңнан көп адам өтінім бер­ген. Жергілікті әкімдік биыл үш жыл өткізілген бағдарлама жалға­сатынын айтқан.
Бұдан кейін елорда әкімдігі мен Отбасы банкінің 2021-2023 жылдарға арналған Elorda zhastary бірлескен жобасы жүзеге асты. 2022 жылғы ресми дерекке сүйенсек, биыл бас қалада 232 мыңнан астам жас тұрады. Атал­мыш бағдарламаның Шарттары «Алматы жастары» бағдарла­масының талаптарымен бірдей, тек балл есептеу тәртібі өзгеше. Өтінім бағдарлама порталында қабылданады. Биыл өтінім қа­был­дау уақыты белгісіз. [caption id="attachment_218088" align="aligncenter" width="1316"]бағдарлама © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Сондай-ақ, биыл маусымда Қарағанды облысының әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп, жас­тарға арналған тұрғын үй бағ­дарламасын іске қосты. Жаңа жобаны жүзеге асыруға бірінші кезеңде облыс әкімдігі 1 млрд теңге, ал Отбасы банкі 500 млн теңге бөлді.
Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспауы керек (ең төменгі күнкөріс дең­гейі – 37 389 теңге). Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт. Отбасы банк тұрғын үй сатып алуға 20 млн теңгеге дейін қарыз берді. Бас­тапқы жарна – 10%, несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін. Жыл­дық сыйақы мөлшерлемесі мұнда да – 5%. Бүгінде бұл облыста 258 мыңға жуық жас бар, 18-35 жас аралығындағы 68 мыңнан астам азамат өз баспанасына ақша жинап жатыр. Шілде айында бұл игі бас­таманы Жамбыл облысының әкімдігі жалғастырып, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдар­ламасын іске қосты. Бүгінде бұл өңірде 242 мыңнан астам жас тұрады. Жоба шарты бойынша бағдарламаға қатысушылар өтініш берген кезде Жамбыл облысындағы ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауы тиіс, табысы да ескеріледі. Отбасының әрбір мүшесі үшін 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Бағдарламаның алдыңғы­лардан айырмашылығы – бас­тапқы жарна – 5%. «Отбасы» банкі тұрғын үй сатып алуға 13 млн теңгеге дейін несие берді және несиенің төлем мерзімі 19 жылға дейін. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі мұнда да – 5%. Биыл бұл жобаға 591 адам қа­тысқан. Басқа ипотека бағдарла­маларында қамтылған санатқа жатпайтын, төлем қабілеті бар 50 жасты баспанамен қамту үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Ал келесі жылы облыстық бюджеттен 1 миллиард бөлініп, 100 пәтер беру жоспар­лануда. Одан бөлек «Отбасы» банкі 2023 жылы 500 миллион немесе 1 миллиард қосымша қар­жы бөлуді қарастыруда.
Өкінішке қарай, жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағ­дарламаларын ұйымдастыру тетіктері әлі де жетілдіруді талап етеді. Жоғарыда аталған бағдар­ламаларға қатысушылар өтінім қабылдайтын порталдардың жұ­мысы көп наразы боп жататы­нын білеміз: ұпайдың дұрыс есептелмеуі, құжаттың базада көрінбей қалуы, қызмет сала­сы­ның ауысып кетуі және тағысын тағылары. Әйтсе де, бұл өңір­лердің бағдарламаны іске қосып, бюджеттен қаражат бөлгенінің өзі қуантарлық жайт. Бұдан өзге өңірлерде жастарға арналған тұрғын үй бағдар­ла­малары жоқ. Биыл жаңадан құ­рыл­ған Жетісу облысының әкім­дігі «Жетісу жастары» бағдарла­масын жүзеге асыруды пысықтап жатыр, жұмыс істейтін жастар үшін бастапқы жарнасыз ең жо­ғары қарыз сомасы (қосымша ке­піл болған жағдайда) 10 млн теңгені құрайтын жобаны іске асыру 2022 жылдың екінші жарты жылдығында жоспарлануда. Жас­тар саны (480 мыңға жуық) бо­йынша көш бастап тұрған Түркіс­тан облысынан жастарға арналған тұрғын үймен қамтудың бірде-бір өңірлік бағдарламасын таба ал­мадық. Сондай-ақ, кей аймақтарда баспананы сатып алу құқығынсыз бес жылға жалға бе­ретін жобалар ұйымдастырылуда, бірақ олардың өзі саусақпен санарлық.

Асыл ТҰМАР