Оғыздар Осман империясының негізін салған
Оғыздар Осман империясының негізін салған
Биыл қыркүйекте көп телеарналардың жаңа маусымы басталғаны белгілі. Әдеттегідей барлық дерлік телеарнада сериалдар бар. Заманауиы да, тарихиы да, отандығы да, шетелдігі де бар. Дегенмен біздің наза­рымызға еліміздің екі ірі мегаполисінің атын иеленген арналардың таңдауы ілікті. Біріншісі – Astana телеар­на­сының Түркияның ATV арнасынан берілген «Дастан» телесериалы. Екіншісі – «Алматы» телеарнасы көрсетіп жатқан «Ұлы селжүктер» сериалы. Әрине, қос сериалдың өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Astana арнасы көрсетіп жатқан «Дастан» сериалы сценаристердің қия­лы­нан туған, ешбір тарихи оқиғаға қатысы жоқ туынды. Бірақ түркі халықтарының исламды қа­былдауынан бұрынғы кезеңін сипаттауға тырысатын өнім. Шамасы, береке-бірліктен айы­рылған жұрттың ел болмайтынын көрсетуге тырысқан сыңайлы. Ал «Ұлы селжүктер» сериалы түбі бір түркі жұртының бір қанаты са­налатын тайпалардың 1000 жылға жуық уақыт бұрынғы өміріне үңіледі. Соның ішінде нақты та­рихи тұлғаларды экранда жан­дандыруға тырысыпты. Мәлік­шах, Санжар, Мұхаммед Тапар, Низам-ул Мүлік, Хасан ас-Сабах тәрізді тұлғалар көрсетіледі. Сонысымен де ерекше. Әрі оғыз-селжүк жұрты қазақ танымына да алыс емес екені белгілі. Сол се­бепті бір этнограф, тарих ғылым­дарының докторы Жамбыл Ар­тықбаевпен тілдесіп, оғыз-қып­шақ дәуірі жайлы бірер сұрақ қойған едік.селжуктар – Жамбыл Омарұлы, оғыз-селжүк кезеңін зерттеген тарих­шылар бар ма? – Оғыз-селжүк кезеңіне қатысты бізде концептуалды ғы­лыми зерттеулер жоқ. Қазақ та­рих ғылымының қандай деңгейде екенін өзіңіз де білесіз ғой. Оғыз­дарға қатысты бізде бірде бір монография шыққан жоқ. Сер­жан Ақынжановтың қып­шақ­тарға байланысты «Ортаға­сырлық Қазақстан тарихындағы қып­шақтар» атты монографиясы орыс тілінде жарық көрді. Ал іс жүзінде қыпшақтарға дейінгі кезеңде оғыздар Ұлы даланың негізгі халқы болған. Махмұд Қашқаридің еңбегінде олар жай­лы көп айтылады. Оның еңбегінде «Ұлы даланың иесі оғыздар» деп ашық айтылады. Оғыз тілін де айтады. Ол заманда Ұлы даланы «Мафазат-ал гуз» немесе «Оғыз даласы» деп атаған. Бірақ оғыз дәуірінің соңына, Х ғасырға қа­рай қыпшақ тайпалары күшейді. Қыпшақтар Сібірдің орманды дала аймағынан оңтүстікке қарай жылжи бастады. Бұл өзі қызық құбылыс. Сол кезде шығысқа қа­рай оғыз-ұйғырларды ығысты­рып моңғол тайпалары орманды өлкеден далалық алқапқа кіре бастады. Қыпшақтар батыс ал­қапта көп болды. Қазір Барабы даласы деп аталатын, Обь пен Ертіс өзендерінің арасындағы аймақ еді. Бараб деген сөз «ор­манды дала» деген мағынаны білдіреді. Қыпшақтар сол өңірден келді. Қазақ арасында тараған Оғыз қағанның әңгімелерінде қыпшақты «ағаштық кеуегіннен табылған бала» деп сипаттайды ғой. Сонда айтылғандай, қыпшақ тайпалары орманнан шықты. Ал оған дейінгі даланың тари­хы оғыздармен байланысты. Біздің «сақтар» деп жүргеніміз де оғыздар. Қазіргі саха-якут оғыз тілінің бір диалектісі. Көне диалектісі. Оларда да арийлік тіл­дерден енген сөздер бар. Ша­мамен, 15 пайыздай. Бізде 25 па­йыз. Сахалар оғыздық негізін сақтап қалған халық. – Сақтар дәуірін сөз етсек тым тереңдеп кетпейміз бе? – Жалпы, мен өзім оғыз дә­уірін үш кезеңге бөліп қарас­тырамын. Оны оқулықтарымда да жаздым. Сонымен, әлгі ке­зеңдерге тоқталсақ, біріншісі – прото оғыздық кезең. Бұл кезең қола дәуірінен бастап, сақтар заманына дейінгі уақытты қам­тиды. Өйткені бұл Әбілғазы баһардүрді, өзге де шежі­реші­лерді қарасаңыз, олардың бар­лығы Оғыз қаған, Қарахан ке­зеңі дегенді сол қола дәуірімен бай­ланыстырады. «Біздің пай­ғам­­ба­рымызға дейінгі 3400 жыл­дар» дейді. Ол дегеніңіз, қола дәуірінің алғашқы кезеңі болып саналады. телесериал Екінші кезең – ортағасырлық дәуір. Сіз сөз етіп отырған оғыз-селжүк заманы сол кез. Селжүк деген адамның аты. Оғыздардың қынық деген тайпасының көсемі. Негізі кейінгі Осман әулеті де оғыздардан тарайды. Селжүк мем­лекеті Х ғасырда пайда болды. Әуелгі кезде олар Қарахан әу­леттерімен тығыз байланыста болған. Тіпті, бейбіт қарым-қа­тынаста еді. Жалпы, оғыз бен Қарахан мемлекетінің өзара байланысты қызық дүние. Бас­тапқыда олар Қарахан билігін мойындады, оның әскери күші ретінде де қызмет істеді. Тіпті, Санжар сұлтан кезіне дейін жақсы қарым-қатынаста болды. – Санжар сұлтан «Ұлы сел­жүктердің» соңғы билеушіле­рі­нің бірі ғой... – Санжар сұлтан билеген оғыздар бергі түркімен, Хорезм жерінде қалғандары. Негізі, Селжүктің немерелері Тоғрыл мен Шағырай тұсында оғыздар ба­тысқа қарай кетті. Ал Санжар сұл­танның күмбезі Түркімен­станда. Үргеніш жақта. Өмірінің соңында Санжар сұлтан түркімен жеріндегі оғыз тайпаларының біріне тұтқынға түскені жайлы да дерек бар. Кейін қашып құты­лыпты. Мен Санжардың күмбе­зіне бірнеше рет барғым келді. Бірақ Түркіменстан жабық ел ғой, кіре алмадым. Санжардың күм­безі де Алаша хан кесенесіне ұқсайды. Екеуінің де ішінде, ірге­сінде саты бар. Бұлар – ерекше ескерткіштер. ұлы селжуктар Батысқа кеткен оғыздарды Сүлеймен шах бастаған. Ол Ев­фрат өзенінен өтіп бара жатқанда, суға кетіп қайтыс болыпты деседі. Ескі әңгімелердің барлығында солай. Сол Сүлеймен шахтан Ертұғрыл туады. Османның әкесі. Ал Осман ұрпақтары кейін үлкен империя құрды. Батысқа кеткен оғыздардың бірқатары кейін қайтып, Сырдың бойына келген деп айтылады. Нақты білмеймін. – Қазақ фольклорында сол кезең жайлы айтылатын қандай әңгімелер бар? – Қазақ фольклоры десеңіз, Оғыз қаған туралы қазақ аңыз­дарын оқу керек. Мұның толық нұсқасы Мәшһүр Жүсіп, Шәкә­рім еңбектерінде бар. Бұлар Әбілғазы баһадүрдің еңбектеріне сүйенеді. Бірақ екеуі де, Мәшһүр мен Шәкәрім де қазақ арасында сақталған Оғыз заманы туралы қызықты деректерді қосып жі­береді. Айталық, Мәшһүрдің қосқан деректерін Әбілғазыдан таба аламйсыз. Мәселен, Әбіл­ғазы Оғыздың алтын үй жасат­қанын айтады, бірақ оған дейін қандай үйде болғанын айтпайды. Ал Мәшһүр болса, алтын киіз үйден бұрын Оғыз лашық үйде тұрғанын жазады. Керегесі жоқ үй деп сипаттайды. Сөйтіп, «ал­ғашқы киіз үйді жасаған оғыз еді» деген аңыз айтады. Өз басым оғыз кезеңіне қатысты қазақ арасында тараған фольклорды, аңыз-әпсаналарды жинап, бір кітап даярлап қойдым. Түрік тілінде. Бірақ әлі шыққан жоқ. сериал – Туыс тайпалардың байла­нысы қаншалықты болды? – Жалпы, оғыз тайпаларында мемлекетшілдік идея өте күшті болды. Сол идеялар бізге де жетті. Айталық, Қарахан империясы да Оғыздың әкесі Қарахан заманын негізге алған идеологияға сүйе­ніп, сол құндылықтар негізінде пайда болған мемлекет. Әрі оғыз тайпалары түрлі мемлекет құрды. Біз айтып отырған селжүктер, олардың Ирак, Кіші Азиядағы мемлекеттері, Кавказдағы бек­тіктер, кейінгі Осман империясы оғыз тайпаларының мемлекет­шілдік идеясының нәтижесі. Бұл идеология бізге де жетті. Әрі туыс тайпалардың өзара байланы­сының болғанын әлгінде айтып берген түрлі әпсаналардан да көреміз ғой. – Әңгімеңізге рақмет!