Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың туғанына – 100 жыл. Осыған орай Шымкенттегі әл-Фараби алаңында тау тұлғаны еске алу рәсімі өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, бір топ зиялы қауым мен жергілікті халық және БАҚ өкілдері қатысып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қазан айында Асанбай Асқаровтың мұрасы мен оның тарихи тұлғасын тануға арналған республикалық конференция өтетінін жеткізіп, қоғам қайраткерінің Шымкент қаласының дамуына қосқан үлесін еске түсірді.
«Асанбай Асқаров басшылық еткен жылдары Шымкент қаласы көркейе түсті. Шаһардың экономикасы мен өнеркәсібі дамып, жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынды. Қаламыздағы дендросаябақ, хайуанаттар бағы мен өзге де мәдениет және спорт нысандары бой көтерді. Бүгінде Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше, орта мектеп және мұражай бар. Осыдан екі жыл бұрын Шымкенттегі дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың қаламынан туған «Асқаровтың ақ қайыңдары» драмасы 2017 жылдан бері Шанин атындағы қалалық драма театрында қойылуда», – деп атап өтті ол.Ал зиялы қауым өкілдері «Қайраткердің өнегелі өмірі, елге деген сүйіспеншілігі, қарапайымдылығы мен адалдығы бүгінгі жастарға үлгі болып, олардың жадында жаңғырып тұруы тиіс» дегенді тілге тиек етті.
Шымкент қаласы