Шетелдік көліктерді заңдастыруға неше теңге жұмсалады?
Шетелдік көліктерді заңдастыруға неше теңге жұмсалады?
Ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерді заңдастыру туралы хабарлады. Мемлекет басшысы биылғы  жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру міндетін жүктеген болатын. Қазір бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажетті заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдауда. Экологиялық және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді. Азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейтін болады. Заңдастыру кезінде утильалым төленбейді.
“Кодекстерге түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді, сондықтан заңдастыру келесі жылдан бастап жүргізілетін болады. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген автокөліктердің тізімі жасалды. Кейінірек әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды және жалпы негізде тіркеледі. Бүгінде ІІМ және басқа да мемлекеттік органдар автокөліктерді заңдастыруды барынша қарапайым және түсінікті ету тәсілдерін әзірлеуде. Автокөліктерді заңдастыру үшін полицияға онлайн өтініш беру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Полициямен байланыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылады. Тіркелген көліктерге қарапайым ақ нөмірлер беріледі, полиция қандай да бір шектеулер қоймайды", – деп жазды Ішкі істер министрлігінен.
Еуразиялық экономикалық одақтың тауары болып табылмайтын автокөліктер кедендік баждарды төлеуі тиіс. Бұл үшін Қаржы министрлігі азаматтарға қолайлы кедендік декларациялау тетіктерін әзірлеуде. Заңдастыруды өткізудің барлық шарттары әзірленгеннен кейін Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданатын болады.
"Айта кету керек, заңдастыруға “қылмыстық” және кедендік бақылаудан өтпеген автокөліктер кірмейді. Автокөліктердің шығарылған жылына және экологиялық санаттарына қарай талаптар жоқ. Қалған талаптар бойынша шешім қазір ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып қабылдануда. Сондай-ақ жол ережесін бұзудың кейбір түрлері бойынша жауапкершілікті күшейту болғанымен, полиция шетелдік автокөліктер бойынша ешқандай арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізбейтінін де хабарлағымыз келеді", – деп атап өтті ведомстводан.
Министрлік сақтандыру немесе автокөлік иелерін қудалау мәселелері бойынша әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат таралып жатқанын алға тартты.
"Сондықтан сіздерді тек қана мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сенуге шақырамыз! Қазір Үкімет үшін Мемлекет басшысының автокөліктерді заңдастыру жөніндегі тапсырмасын орындау – басым міндет. Полиция жол қозғалысын қадағалау кезінде шетелдік автокөліктерді заңдастыру қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағдарланатын болады. Сонымен қатар барлық автокөлік иелерінен жол қозғалысы ережелері мен жолдардағы қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз”, – деді ведомствода.