Жүйріктер жорығы
Жүйріктер жорығы
380
оқылды
Елордалық «Қазанат» ипподромында «Ұлы дала жорығы» атты республикалық марафон-бәйгесінің басталуына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Ел тарихында тұңғыш рет кең ауқымда өткелі тұрған шараға арналған баспасөз мәслихаты Мәдениет және спорт минис­трлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Ұлттық спорт қауым­дас­тығы­ның атқару­шы ди­рек­­торы Болат Маха­налин, «Ұлы дала жорығы» жоба­сы­ның авторы Бақыт­жан Тұрлы­беков, мара­фонның бас төре­шісі На­деж­да Купцова және бас ветери­нары Ольга Гробер қатысты. 200 ат – 100 шабандоз Республикалық марафон-бәйгенің хабары шыққалы жария болып келе жатқан ақпараттардың ішіндегі ең бір жаңалығы – бас төреші мен бас ветеринардың бірі – Ресейден, бірі Беларусьтен арнайы келгені. Өйткені марафон-бәйгенің құжатын дайындағанда ұйымдастырушылар халықаралық талаптарға сүйенген екен. Онысы алдағы уақытта дәстүрге айналады деп қатты сенім артып отырған шараның халықаралық сипат алып кетуіне дайын отыру. Баспасөз мәслихатында басқа сарапшылармен қатар қадірменді қонақтар да журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«17-29 қыркүйек аралығында елімізде «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш ат марафоны өтетіні баршамызға белгілі. Оған әрқайсысы 5 адамнан тұратын 19 команда қатысатын болды. Олар еліміздің барлық өңірінен және үш мегаполисінен іріктеліп алынған. 12 күнге созылатын бәйгеде шабандоздар 18 қыркүйек күні тәуелсіз Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласынан аттанып, ұлы даланың бойымен Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарының үстімен 1 200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтіп, 29 қыркүйекте түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына ат басын тіреуі тиіс. Әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл шара ұлы даланы мекендеген көшпенді халықтың мұрасы ретінде шабандоздың мәдениетін Қазақстан бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады. Бұл марафон әлемге танымал «Ралли Дакар», «Тур де Франс», «Джиро де Италио» сынды шаралар секілді деңгейге жетеді деген үміт бар. Ал ең бастысы, марафонның отандық туризм мен ұлттық спорт саласын дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Марафонға қатысушыларға ұлы дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасауға мүмкіндік туады. Жобаның мақсаты – Қазақстанмен тікелей байланысты танымал бренд құру және ұлттық мәдениетті халықаралық аренада ілгерілету, жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге баулу, спорттағы шеберлік мен төзімділік құндылықтарын дарыту. Төрешілік етуге көршілес Беларусь, Ресей елдерінен мамандар келіп отыр. Келешекте қазақ мәдениеті мен тарихын түрлендірген айтулы марафон халықаралық жарысқа айналады деп кәміл сеніммен айтуға болады», – дейді МСМ Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.
Ал «Ұлы дала жорығы» жобасының идея авторы Бақытжан Тұрлыбек жобаның іске асыру кезеңдері мен тарихы жөніне тоқталып өтті.
«Ұлы дала жорығы» марафонын өткізу идеясы осыдан үш жыл бұрын басталған. 2019 жылы 20 сәуірде Торғай ауылынан Созаққа дейін 952 шақырымды жүріп өттік. Осының негізінде бәйге-марафонды ұйымдастыруды ойластырдық, ауқымды шараны бірлесіп өткізу министрлік тарапынан қолдау тауып отыр. Марафон ең алдымен ешкімді қайталамайтын мәдени коды бар эксклюзивтілігімен айрықша. Дамыған елдердегідей ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызды дамытуда серпіліс жасалуы тиіс. Осы ретте көшпенділер мәдениетімен астасып жатқан ұлттық дамудың түйінді басымдықтарын салт аттылар мәдениетін қалыптастырсақ дейміз. Ал халықаралық аренада жоғары деңгейдегі халықаралық диалогтің бастамашысы ретінде жылжытуға толық негіз бар. Бұл жолы командалық стратегия өте маңызды. Уақыттан ұтқан команда жеңімпаз болып танылады», – деді идея авторы Бақытжан Тұрлыбек.
Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин отандық ат спортында мұндай ауқымдағы және өзгеше форматтағы жарыстың бұрын-соңды болмағанын атай келе, марафон-бәйгенің өміршең болуына тілектестігін білдірді.
«Әлемдік нарықта еліміздің туристік әлеуетін арттыруға жол ашатын салтанат­ты шара елімізде алғаш рет өтетін бол­ғандықтан, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов игілікті шараға қолдау көрстіп отыр. Халықаралық ат спорты саласында жаңа форматты енгізуге негіз болып отырған іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес – Sportqory спортты қолдау қорына алғыс білдіреміз», – деді Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин.
Жүлде қоры – 65 млн Бүгінде марафон-бәйгенің ережесі мен регламенті толықтай бекітілді. Оның жұмысына 2 халықаралық, 3 қазақстандық судья мен 2 халықаралық, 2 қазақстандық ветеринар шақырылған. Осы ретте марафонның бас ветеринары Ольга Гробер марафонға қатысатын жылқылардың қауіпсіздігі басты назарда екенін жеткізді.
«Марафон әр команда үшін жеке уақытпен басталады. Әр команда 50 шақырымдық межеге жеткен уақыты жеке жазылып отырады. 100 шақырым сайын уақыт қосылып, арнайы ақпараттық таблода көрсетіледі. Осылай 12 күн сайын қайталанып, уақыт жағынан ұтқан команда жеңімпаз болып танылады. Командада 5 шабандоз болады, жағдайға байланысты 3 шабандоздан аз адам қалған жағдайда жарысқа ары қарай қатысу мүмкіндігі шектеледі. 19 команда 1 200 шақырымды 12 күнде басып өтуге тиіс. Олардың жолында жазық дала, Бетпақтың шөлі, өзен-көл сияқты табиғи кедергілер бар. Күнде кешке судьялар нәтижені жариялап отыратын болады. Кімнің бірінші бастайтыны жеребе арқылы анықталады. 18 қыркүйек күні комиссия отырысынан кейін жеребе басталады», – деді бас ветеринар Ольга Гробер.
Ұлы дала жорығы Ал марафонның бас төрешісі Надежда Купцова ұлы көшпенділер өркениетін танытуға ықпал ететін ауқымды жиынға куә болып отырғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Мұндай ауқымды марафонға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Ветеринарлық комиссия 4 адамнан құралған, олар күн сайын аттардың жағдайын мұқият тексеріп отырады. Бұл – топтық жарыс. 5 қатысушы 1 200 шақырымды аз уақытта жүріп өтуі тиіс. Егер 2 шабандоз денсаулығына байланысты бәйгені жалғастыра алмаса, команда 3 қатысушымен әрі қарай жалғастыра алады. Егер 3 қатысушының бірі жарыстан шеттетілсе, онда бірден команда есептен шығарылады. Айта кетерлігі, шабандоздар командалармен жарыспайды, уақытқа жұмыс істеуі тиіс. Түркістанға ең қысқа уақытта жеткені жеңімпаз болып танылады. Қатысушылардың күнделікті нәтижесі маңдайшаларда көрсетіледі», – деді бас төреші.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонға қатысуға мыңнан астам өтініш келіп түскен. Алайда қатысушылардың қауіпсіздігі үшін әр облыстан бір команда таңдап алынған. Сонымен бірге марафонды өткізу кезінде барлық қатысушы талапқа сай жабдықталған демалыс орындарымен, ас-ауқатпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Жеңімпазға – 30 млн теңге, 2-орын иегеріне – 20 млн теңге, 3-орын үшін 15 млн теңге жүлде қарастырылған.
«Жүлде қоры 65 млн теңгені құрайды. Іс-шара жылдық жоспарда болмағандықтан, тек демеушілердің қолдауымен өткелі тұр. Келешекте қазақтың қазанатын қайта тірілтетін сапар болады деп сенемін», – деп түйіндеді Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.
Марафон аясында БАҚ өкілдері үшін «Ұлы дала жаршысы» көшпенділер пресс-туры өткізіледі. Жоба туралы барлық ақпарат qazanat.com сайтында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарда жарияланып отыратын болады.