ШЫҰ Беларусь мемлекетін ұйымға енгізу процесін бастады
ШЫҰ Беларусь мемлекетін ұйымға енгізу процесін бастады
279
оқылды
Тиімділікті, өзара түсіністік пен серпінділікті көрсететін Шанхай ынтымақтастық ұйымының өз географиялық қамтуын кеңейтуі ұйымға қажеттілік барын айғақтайды. Бұл пікірді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев айтты, – деп жазды ҚазАқпарат. «ШЫҰ ашықтық қағидаттарын берік ұстануының арқасында қатысушы елдер арасындағы өзара тиімді қатынастарды нығайтады және халықаралық ынтымақтастықты тереңдетеді. ШЫҰ-ның құрамы кеңейіп келеді, біздің серіктестік байланыстарымыз дамып жатыр», – деді Өзбекстан басшысы. Ол Иран Ислам Республикасының ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі ретіндегі міндеттемелері туралы, Египет Араб Республикасы мен Катарға диалог бойынша әріптестер мәртебесін беру туралы меморандумдарға қол қоюдың тарихи маңыздылығын атап өтті.
«Одан бөлек, біз Беларусь Республикасына ШЫҰ-ның толық құқылы мүшесі мәртебесін, ал Бахрейн Корольдігіне, Кувейт мемлекетіне, Мальдив Республикасына, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Мьянма Одағы Республикасына – диалог бойынша әріптестер мәртебесін беру рәсімдерін бастау шешімдерін қабылдап жатырмыз», – деп мәлімдеді Шавкат Мирзиёев. «ШЫҰ-ның географиялық ауқымын кеңейту – тиімділікті, өзара түсіністік пен динамизмді көрсететін біздің ұйымның қажеттілік барын тағы бір айғақтайды», – деп атап өтті Өзбекстан Президенті.
Айта кетейік, 15-16 қыркүйек күндері Самарқанд қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Самарқанд саммиті ұйым қызметіндегі тарихи жиын болмақ. Бұл отырыс коронавирус пандемиясы басталғаннан кейінгі соңғы үш жылдағы ШЫҰ басшыларының алғашқы кездесуі болды. Бұл іс-шараға алғаш рет 14 елдің басшылары, сондай-ақ 10 беделді халықаралық ұйым басшылары қатысты. Күн тәртібіне сәйкес, ұйымның қызметін дамыту және кеңейту жөніндегі қомақты құжаттар пакетін қабылдау көзделген, бұл ШЫҰ үшін жаңа дәуірдің бастамасы болды.